Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә.А.Смайыловқа

                        Депутаттық сауал

                    Құрметті Әлихан Асханұлы!

Биыл наурыз айында Қазақстан Халық партиясының фракциясы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Өткен жылыту маусымының көңіл көншітпеген қорытындысынан соң сайлаушылардың өтініші бойынша Екібастұз ГРЭС-1 және Екібастұз ГРЭС-2 болған ірі апаттарды еске салды.

Біз барлық өңірлерде энергия жабдықтары мен таратушы желілердің сапасы сын көтермейтінін атап өттік.

Мәселені шешу үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия құру қажеттілігін көтердік.

Үкімет бұл шара орынсыз деп жауап беріп, энергетикалық кешенді жаңғырту жұмысы жоспарлы түрде жүріп жатқанын жариялады.

Бірақ ең жақсы емтихан қабылдаушы – қыс мезгілі. Ол жүргізіліп жатқан жұмыстың шынайы көрінісін көрсетті. Екібастұзда болған оқиғаны апат деп атауға болмайды. Жүйе істен шықты. Себебі бұл уақыт еншісіндегі мәселе болатын. Қазір өкінішке қарай біз жағдайды түзете алатын шара көрмей отырмыз.

Біріншіден, тағы да жауаптыларды табу мүмкін емес, өйткені энергетика саласында бірнеше мемлекеттік органның құзіреттілігі бар. Ал жекеменшік иелері барлық жауапкершілікті төмен тарифке яғни, апатты жағдайда зардап шеккен тұтынушыларға аудара салуға тырысады.

Алайда төмен тариф – бұл миф. Қазақстандықтар электр және жылумен жабдықтау қызметін тұтынылатын тауардың саны мен сапасына сай төлеп отыр.

Отандық ЖЭО-ның 50% -дан аспайтын тиімділігінің төмендігін және желілердегі жылудың орасан зор шығынын назардан тыс қалдыруға болмайды, себебі үй жылытуға тиіс жылу, көшеге кетіп жатыр.

Сондықтан барлық себепті тариф саясатына сілтей салуға болмайды деп санаймыз.

Екіншіден, Үкімет жоспарлаған энергетика нысандарына техникалық аудит жүргізу, әрине, қажетті шара болып табылады, бірақ бұл нақты нәтиже бермейді. Нысандардың халі мүшкіл екені бесенеден белгілі.

Бүгінгі таңда энергетикадағы басты мәселе – ресурстың емес, мемлекеттік тәсілдің тапшылығы болып тұр.

Қазақстандағы климаттық және экономикалық жағдайда энергетикалық қауіпсіздікті пайда табу үшін қатардағы коммерциялық салаға теңестіруге болмайды.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесін нақты құқықтық реттеу және стратегиялық жоспарлау қажет. Оның ажырамас бөлігі – жылумен жабдықтау қауіпсіздігі.

Бұл салада жылдар бойы барлық жоспарлау «келесі жылыту маусымынан аман қалу үшін» қағидаты бойынша өте қысқа мерзімді болды. Сондықтан инфрақұрылымның тозуы және оны жаңғыртуға инвестицияның кешігіп жетуі мемлекеттің назарынан тыс қалды, ал жекеменшік иелеріне бұл мүлдем қажет емес еді.

Жылумен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, атап айтқанда, жылу көздеріне және жылу тұтыну жүйелеріне қойылатын талапты, жылу желілерін дамыту схемаларын, Төтенше жағдай кезінде жылумен жабдықтауды басқаруды қоса алғанда, апатты жағдайдың алдын алу және жою алгоритмін көздеуге тиіс.

Бізде ірі қалалардағы жылумен жабдықтау жүйелері техникалық тұрғыдан орталықтандырылған және оларды басқару толығымен орталықтандырылмаған абсурдтық жағдай қалыптасты.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл энергетикалық қауіпсіздіктің белгіленген нормалары мен ережелеріне емес, түрлі иелердің инфрақұрылымды жұмыс жағдайында ұстауға қамқорлық жасау қабілеті мен тілегіне байланысты. Егер мұндай тілек болмаса, тұтынушылар кепілге алынады.

Меншік иелерінің ауысуы ештеңе шешпейді.

Энергетикалық қауіпсіздік дағдарысын, атап айтқанда, жылумен жабдықтау мәселесіндегі орашолақтықты мойындау қажет деп санаймыз. Бұл жекелеген объектілердің тозуы мен апаттық жағдайынан емес, ел бойынша жылумен жабдықтау жүйесін дамыту және оның өрескел технологиялық артта қалуын жою туралы негізделген пайымның жоқтығынан тұрады.

Бұл мәселе әп-сәтте шешілмейді. Оны зерттеу қажет. Дәл осы істе жетекші рөлді энергетика саласындағы шенеуніктер немесе кәсіпкерлер емес, ғалымдар мен өндірушілер атқаруы керек.

Энергетикалық қауіпсіздік бірінші орынға қойылуы тиіс. Сондықтан біз елдің энергетикалық қауіпсіздігіне жауапты Үкімет құрылымында тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік комиссия мен жұмыс органын қалыптастыруды талап етеміз.

Депутаттық сауалды қарауды және қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен жазбаша жауап беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

  • А. Қоңыров
  • А. Милютин
  • М. Магеррамов
  • И. Смирнова
  • Г. Нұғманова
  • Е. Смайлов
  • Ж. Ахметбеков
  • Ғ. Құлахметов
  • Д. Легкий
  • А. Сқақова

07.12. 2022 ж. жарияланды