ҚР премьер-министріне
Бас прокурорға
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасына
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде шетелдік және отандық инвесторларды тарту, қолдау және қорғау үшін бірыңғай экожүйе қалыптастыру қажет екенін ерекше атап өтті. Бұл жүйе инвестицияларды тарту мен қолдауды орталық деңгейде ғана емес, өңірлерде және шетелдік деңгейде де күшейтуі тиіс.
Араға бір апта салып, Жоғарғы сот төрағасы «Инвесторлардың құқығын қорғау» атты инвестициялық форумда елорда соттарына 900-ден астам инвесторлық талап-арыз түскенін мәлімдеді. Мұндай даулардың 80%-ы инвесторлардың пайдасына шешіліп, олардың құқықтары жалпы сомасы 100 млрд теңгеге қорғалды.
Көбіне мұндай мәселелер инвесторлардың заңсыз әрекеттерінен емес, бюрократиялық кедергілер, мемлекеттік органдардағы немқұрайлылық пен кейбір шенеуніктердің жауапсыздығынан туындайды.
Бұған нақты мысал ретінде Алматы облысындағы бір инвестициялық жобаны қарастыруға болады. Мемлекет басшысы айтқандай, өңірде тікелей шетелдік инвестицияларды тарту қарқыны айтарлықтай төмендеген.
2020 жылдың қарашасында Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен шетелдік инвестор арасында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) туралы келісім жасалды. Бұл келісімнің аясында 1960 жылдары салынған Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасын басқаруды, сондай-ақ оның аумағында жаңа емдеу корпустарын салу көзделген.
Ең маңыздысы – келісімшарт бойынша инвесторға аурухананы кейіннен жеке меншігіне сатып алу құқығы берілмеген.
Жобаны қолға алған алғашқы жылы инвестор аурухананың 900 млн теңге көлеміндегі барлық қарызын өтеді.
МЖӘ жобасына дейін аккредитациядан өтпеген бұл медициналық мекеме екі мәрте ұлттық аккредиттеудің жоғары санатына ие болып, соңғы үш жылда жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бойынша үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Ал бюджетке төленетін салық мөлшері екі есеге артты.
Соңғы 4 жылда инвестицияның жалпы көлемі 5 миллиард теңгеден асып, тікелей көпсалалы аурухананы дамытуға бағытталған. Сонымен қатар оның аумағында жалпы ауданы 19 мың шаршы метр болатын инфекциялық және көпсалалы аурухананың қосымша ғимараттары салынды.
Алайда 2022 жылдан бастап әкімдік сәтті жүзеге асырылған жобаның дамуына түрлі жасанды кедергілер келтіріп отыр.
Құны 630 млн теңге болатын болатын жаңа жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты мемлекет меншігіне қабылданбаған.
Аурухананың сыртқы инженерлік желілерін жүргізу бойынша әкімдіктің міндеттемелері орындалмаған.
Орталықтандырылған су жүйесі қарастырылмаған, сондықтан аурухана суды құдықтан алуға мәжбүр болып отыр. Келісімде көзделген, мемлекеттік меншікке қарасты МЖӘ нысанын басқарғаны үшін төленуі тиіс сыйақы және инвестор салған қаражаттың өтемақысы аударылмаған.
Прокуратураның ұйғарымдары, Мемлекеттік аудит департаментінің бұйрығы, Құрылыс басқармасының инвестордың мүддесі үшін берген ұсыныстары – барлығы әкімдік тарапынан ескерусіз қалды.
Жергілікті бақылаушы органдардан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен қолдау таппаған шетелдік инвестор АХҚО сотына жүгініп, инвестордың талаптары толығымен қанағаттандырылды. АХҚО соты Денсаулық сақтау басқармасының қарсы шағымын қабылдамады.
Сот шешімі бойынша инвесторға мемлекет есебінен 380 млн теңгеден астам қаражат төленді.
Бүгінде инвестордың заңды құқықтары қалпына келтірілмесе, облыстық бюджеттен тағы 13 млрд теңге өндіріп алу мәселесі қарастырылып жатыр.
Осыған байланысты, мынадай шараларды қабылдау қажет деп санаймыз:
• Мемлекеттік органдар мен жекелеген лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруіне, МЖӘ жобасын дамытуға тосқауыл қоюына және қызметтік міндеттерін орындамауына байланысты заңдылықты Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі тарапынан жан-жақты тексеру;
• Шетелдік инвестордың мәселесін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың қарауына шығару, сондай-ақ инвесторлардың депутаттарға жиі шағымдануына себеп болып отырған инвестициялық кедергілерді кешенді түрде қарастыру.
• Инвестициялық штабтың отырысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заң жобасын әзірлеп жатқан депутаттар мен басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен өткізу.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар