Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Өткен пленарлық отырыста біздің фракция депутаттары еліміздегі USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдады.
Бұл сауал бүкіл Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді.
Оған деген қоғам реакциясын қысқаша сипаттасақ, біздің азаматтарға шетелдіктердің қоғамға жат құндылықтарды таңуы және жастарымызды азғыруы ұнамайды.
Қазақстандықтар өзге елдердің ойындарының құрбаны болғысы келмейді.
Жақында ғана бұл тақырыптың жалғасы ретінде тағы бір ақпарат шықты.
АҚШ президенті Трамптың арнайы өкілі америкалық салық төлеушілер қаржыландырып отырған «Азат Еуропа» радиосы» мен «Америка дауысы» басылымдарын жабуды ұсынды.
Бұл ұсынысты Илон Маск те қолдады.
Ол бұл БАҚ-тарды «ешкімге қажеті жоқ, жылына миллиард долларды жөнсіз жұмсап, өз-өзімен сөйлесетін жынды радикал солшылдар» деп атады.
USAID жағдайындағыдай, тағы да америкалықтардың өздері қаржыландыратын мемлекеттік БАҚ-тың деструктивтілігін мойындап отыр.
USAID-ге қатысты жағдайдағыдай, америкалықтар өздері қаржыландырып келе жатқан мемлекеттік БАҚ-тың деструктивтілігін тағы да мойындап отыр.
Бүгінде мұны «Азаттықтың» сайтына кірген кез келген адам анық байқайды.
Онда жаңа мектептердің немесе жолдардың салынуы, реформалардың жүзеге асуы немесе қазақстандықтардың жетістіктері туралы бірде-бір мақала жоқ, тек қана сын мен негативті ақпарат жарияланады. Қазір Қазақстанда 200-ге жуық ҮЕҰ шетелден қаржыландырылады, оның 70 пайызын АҚШ өкілдері құрайды. Үкіметтің ресми деректеріне сәйкес, елімізде 165 түрлі донор ел ішінде түрлі гранттар бөледі.
Олардың ішінде: • 53 – халықаралық ұйым, • 31 – шетелдік мемлекеттік ұйым, • 81 – шетелдік және қазақстандық ҮЕҰ.
Сонымен қатар, біздің ҮЕҰ-дарға материалдық-техникалық көмекті аталған тізімге кірмейтін басқа шетелдік құрылымдар мен елшіліктер де ұсынады.
Мұндай қолдаулар негізінен БАҚ және сөз бостандығы, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либералдық реформалар, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті арттыру жобаларына бағытталған.
Тіпті мамандардың өзі бұл ресурстардың бізге қай кезде қолайлы екенін және деструктивті «жұмсақ» күштің зардабынан сақтану үшін қай жерде абай болу керектігін ажырату оңай емес. Бұл – бүкіл қоғам үшін үлкен мәселе.
Және шетелдік қорлардың еліміздегі қызметі қаншалықты пайдалы немесе зиянды екені туралы сұраққа нақты әрі анық жауап қажет.
Бұл мәселе геосаяси жағдайдың шиеленісуі, әлемдік күш орталықтарының ауысуы және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша қайшылықтардың өсуі аясында ерекше өзекті болып отыр.
Егер Қазақстанда еркін жұмыс істеп жатқан шетелдік ҮЕҰ шынымен де өздерінің жеке мақсаттарын көздейтін болса, онда олардың ықпалы еліміз үшін қауіпті болуы мүмкін.
Сондықтан «сұр аймақта» жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан бірқатар ҮЕҰ-ның мәртебесін қайта қарастырып, саяси мүдделерін «медиақолдау», «құқық қорғау» және «толеранттылықты арттыру» деген желеумен негізгі мақсатын бүркемелейтін шетелдік донорларға қатысты ережелерді қайта жазу қажет.
Әлемде мұндай мәселелермен күресудің нақты тәжірибесі бар. Мәселен біршама мемлекет «шетелдік агенттер» туралы заңдар қабылдаған.
Мысалы, мұндай заңдар: Израильде – 2016 жылдан бастап, Қытайда – 2017 жылдан бастап, Австралияда – 2018 жылдан бастап, Ұлыбританияда – 2023 жылдан бастап, Францияда – 2024 жылдан бастап қолданылады.
Ал шетелдік субъектілердің мүддесіне жұмыс істейтін тұлғаларға қатысты ең танымал заңдардың бірі – АҚШ-тың «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заңы. Бұл заң 1938 жылы қабылданған және ол саяси қызмет, ақпараттық қызметтер, саяси кеңес беру, қаржы жинау және бөлу сияқты салаларды қамтиды.
Сарапшылар айтқандай, АҚШ-тың бұл салада мол құқықтық тәжірибесі бар.
Бұл заңдар қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге, саяси және коммерциялық ықпалдың шекарасын нақты белгілеуге, лоббистер мен ықпал ету агенттерін мемлекеттік тіркеуге, ақпаратты ашу міндеттілігін, оның ішінде ақпараттық материалдарды белгілеуді қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда.
Қазақстанға да осы тәжірибені енгізіп, кез келген ұйымның нақты мәртебесін айқындайтын ұлттық заңнаманы қалыптастыру қажет.
Бұл қазақстандықтарға ақпарат көздерін дұрыс бағалап, салыстыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, гуманитарлық және ғылыми ұйымдар үшін белгілі бір ерекшеліктерді бекіту қажет. Бұл тәсіл ұлттық мүдделерімізді қорғауға мүмкіндік бере отырып, сауатты азаматтық қоғамның дамуына кедергі келтіретін әрекеттердің алдын алады.
Біз Қазақстанның да осы тәжірибені қолдап, кез келген ұйымның мақсатын нақты айқындайтын ұлттық заңнаманы әзірлеуі қажет деп санаймыз. Бұл қазақстандықтардың ақпарат көздерін нақты түсініп, оларды салыстыра отырып, тұтынуына мүмкіндік береді.
Біздің ортақ мақсатымыз – егемендікті нығайту! Біз бөтен құндылықтарды күшпен таңуды толеранттылық деуге жол бермейміз. Сондай-ақ үгіт-насихатты тәуелсіз журналистика ретінде көрсетудің алдын аламыз.
Осы айтылғандарға сүйене отырып, «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері бойынша заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар