ҚР Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қазіргі уақытта біздің елде демографиялық саясат туралы қабылданған заң да, тұжырымдама да жоқ.
Ал демографиялық проблема бар! 32 жыл ішінде біздің халықтың өсімі небәрі 4 миллионға, ал көршілес Өзбекстанда осы кезеңде халық саны 15 миллионға өсті. Халқымыздың саны аз, тығыздығы төмен, әлем бойынша 184 орындамыз – жеріміздің 100 гектарына 7 адамнан келеді.
«Бос жатқан жер жау шақырады» демекші біз демографиялық мәселелерді қалай шешеміз? Біріншіден, халықтың табиғи өсуімен, екіншіден көші-қонның жоғарылауымен. Табиғи өсуді қамтамасыз ету үшін алдымен отбасыларды қолдауымыз қажет.
Мемлекет басшысы өз сөздерінің бірінде, кешенді отбасылық саясатты жүргізу және отбасы институтын қолдау жөнінде ниет білдіріп, берік әрі бақытты отбасы елдің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі болып табылатынын айтты.
Осы жылдың 20 ақпанында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында «Демографиялық өсу - ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында өткен Үкіметтік сағат барысында маңызды ұсыныстардың бірі Демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құру мүмкіндігін қарастыру болды.
Бүгінгі таңда елімізде отбасы саясаты мәселелерімен айналысатын жалғыз мемлекеттік орган - Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Жастар және отбасы істері комитеті болып табылады. Отбасылық саясат басқармасында тек 4 адам жұмыс істейді, ал өңірлерде комитет өкілдері мүлдем жоқ.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Біздің ұсынысымыз: Өзбекстандағы демографиялық өсімнің оң динамикасын ескере отырып, отбасылардың әл-ауқатын арттыру мақсатында, сол елден Үкімет жанындағы, Отбасы, әйелдер, балалар және демографиялық саясат жөніндегі мемлекеттік комитетін құру тәжірибесін қабылдауды ұсынамыз.
Комитет құру туралы алғашқы ұсынысты 2019 жылы жолдаған болатынмын. 5 жыл бұрын бұл ұсыныс қолдау таппады.
Бұл Комитеттің негізгі міндеті - мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіретін, сондай-ақ аналар мен балалардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететін, және отбасылардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал ететін негізгі орган болады. Демографиялық саясатты мемлекеттік саясатта іске асыра отырып, барлық салаларда: білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, экономикаға енгізу қажет.
Демографиялық өсудің тағы бір маңызды жолы - көші-қон ағынын арттыру. 1991 жылдан бері тарихи отанына 1 миллионнан астам этникалық қазақ оралған. Біз «қандас» мәртебесін алу процесін жеделдету туралы өтініштер аламыз, себебі көптеген азаматтарымыз айыппұл мен депортациядан қорқып, қолданыстағы құжаттарының аяқталуына байланысты кері қайтуға мәжбүр. Біз Үкіметті, отанына оралғысы келетін адамдар үшін жағдай жасауға, бюрократиялық рәсімдерді болдырмауға, құжаттарды рәсімдеу процесін жеделдетуге, сондай-ақ жеңілдіктер мен төлемдер алуға көмек көрсетуге шақырамыз. Елім деп, жерім деп көшіп жатқан қандастарымызды қолдауымыз керек!
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева