ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Т.Қ.Дүйсеноваға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Тамара Қасымқызы!
Отанымыз Қазақстанның тереңнен тамыр тартқан тарихи ескерткіштер - петроглифтердің нағыз ордасына айналуы шаттық сезіміне бөлейді! Алғашқы жазулар палеолит дәуірінде пайда болған болса, қола дәуірінен бастап Қаратау, Ұлытау, Шу-Іле тауларында, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай таулары мен басқа да киелі жерлерде ата-бабаларымыз өздері сыйынған тәңірлері мен күнделікті өмірдегі тіршілігіне, наным-сенімдеріне арналған тұтас суреттерді жартастарға қашап жазып, ұрпаққа мәңгілік мұра етті.
Дей тұрғанмен, өзге елдер 5-10 петроглиф қана жазылған жартастарын әлемге әйгілеп, туристік көрікті орындарға айналдырып жатса, біз ондаған мың петроглифті лайықты түрде таныта алмай, құны жоқ құнды дүниемізді көрсете алмай, жанашырлықпен тиянақты қорғай да алмай келеміз. Ал бұл тастағы таңбаларда ертеде өмір сүрген тайпалар мен халықтардың киген киімі мен еңбек құралдарынан бастап неше түрлі эпикалық шайқастар да, бүгінде жер бетінен жойылып кеткен жан-жануарлар да суреттелген. Міне, нағыз баға жетпес тарихи материал! Бұл аспан астындағы тас кітаптар, өткеннің мұрағаттары. Олардың құндылығы Ежелгі Мысыр папирустарынан немесе шумер сына жазулары жазылған саз тақтайшалардан бір кем емес. Сондықтан да, Қазақстан - ашық аспан астындағы көне тас кітапханалардың иесі деп айтуға болады. Сол себепті, жартастағы суреттер елдің брендіне айналуы тиіс!
Тіркеуге алынған 300-ден астам шоғырланған петроглифтердің көп бөлігі ішінара ғана зерттелген, цифрланбаған және күн өткен сайын мүжіліп, бұзылып бара жатыр. Ең өкініштісі, петроглифтері бар тастар Арқарлыда болған аянышты оқиғадағыдай, кез келген уақытта құрылысқа арналған қиыршық тас секілді талқандалып кетуі мүмкін. Қазір әулиелі Марстық ғибадатхана көрінісінің орны жартастардың сынықтары мен тас пен құмның қоқыс алаңына айналып кеткен.
Сауысқандық, Арпаөзен, Қарасай, Тамды, Байқоңыр, Ешкіөлмес, Көкентау және басқа да петроглифтер шоғырланған жартастарда тасқа қашалған тарихи ескерткішке жазу жазып бүлдіру әрекеттері тіркелген.
Ал Отар маңындағы полигонда әскери жиынға қатысушы қызметкерлер сәлемдеме жасап бүлдіру арқылы Аққайнардағы тұтас бір ғибадатхананы жойып жіберді. Мәдени мұраны бүлдіруші вандалдар мыңдаған жылдар бойы жасалған нәрсені бір-ақ күнде қиратады.
Мәдениет және туризм министрлігі шұғыл түрде әрекет жасап, петроглифтерді қорғап қалуы қажет. Жартастағы ғаажайып кескіндемелер – біздің тарихи мұрамыз, оларды ел азаматтарының бойында тарихты тану мен терең түсіну қасиеттерін қалыптастыру үшін, әсіресе, жастарды тәрбиелеу үшін, сонымен бірге туризмді дамыту үшін пайдалануға әбден болады және солай етуге тиістіміз. Мұны тек өткеннің ескерткіштерін сақтап қалғанда ғана жасай аламыз.
Осы орайда, археология объектілеріне, бірінші кезекте петроглифтерге тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін беру туралы мәселені заң жүзінде шешіп, ол мәртебе анықталған сәттен бастап ескерткіштерді қағаз жүзінде емес, іс жүзінде нақты қорғау жүйесін құру қажет.
Мемлекеттік органдар тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін олардың елеулі тарихи құндылығын, оның ішінде туризм объектілері ретінде негіздеу кезінде олардың шоғырланған жерлерінде қорғау үшін - республикалық маңызы бар деңгейден аудандық деңгейге дейін ұлттық мұражай-қорықтар, мемлекеттік және жеке археопарктер, геопарктер, қорықтар және т.б. желісін дамыту бойынша заңнамалық және практикалық қолдау көрсетуге тиіс. Бұл дегеніміз аздап болса да, жергілікті халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге де көмектеседі.
Қазақстан аумағындағы барлық археологиялық нысандарды есепке алу мен тіркеуді жолға қою қажеттілігі де көкейкесті мәселе болып отыр. Тарихи-мәдени мұраны неғұрлым тиімді қорғау және туризмді дамыту үшін кадастрлық картаға байланыстыра отырып, облыстар мен аудандар бойынша (оның ішінде қорғау аймақтарын таңбалаумен) Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің электрондық картасын жасау да ең маңызды шаруаның бірі.
Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер арасында тәрбие мен идеологиялық жұмысты жандандыра отырып, оларды арнайы мемлекеттік гранттық бағдарламалар бойынша ғылыми еріктілер есебінде мәдени мұраны зерделеуге және сақтауға тарту қажет.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева