Баға белгілеудегі проблемалар туралы

dep.jpg

29.05.24.ж. жария етілді

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

2023 жылдың қыркүйегінде мен «Баға белгілеу реформасы туралы» деген тақырыпта депутаттық сауал жолдадым. Осы сауал шеңберінде қоғам өмірінің маңызды салаларындағы тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу саласындағы саясатты жаңғыртуға көмектесуі мүмкін бірқатар реформалар ұсынылды.

Сол кездегі Үкіметтің жауабында нарықтық баға белгілеуге көшу кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыратын және ұсынылатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын жақсартатын қажетті шара болып табылатыны көрсетілген. Үкімет мүшелерінің пікірінше, мемлекеттік бағаны реттеу инвесторларды біздің елге тартуға кедергі келтіреді.

Алайда, өткен 9 жыл ішінде Кәсіпкерлік Кодексте реттелген баға белгілеуге мемлекеттік ықпал ету тетіктері, атап айтқанда, мемлекеттің баға белгілеу мәселелеріне енжар қатысуы күтілген нәтиже бермеді, үмітті ақтамады.

2024 жылы белгіленген ең төменгі жалақы 85 000 теңге. Астана қаласында 19 атаудан тұратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жұмсалатын шығындардың жалпы сомасы 20 454 теңге болады, бұл ең төменгі жалақының төрттен бір бөлігіне тең. Ең төменгі жалақы алатын ересек адамның асырауында кәмелетке толмаған балалар болуы мүмкін екенін ескерсек, мұндай көрсеткіштер ақылға сыйымсыз. Сәйкесінше, азық-түлік тауарларына арналған шығындар кем дегенде 2-3 есе ұлғайтылатын болады. Бұл көрсеткіштердің ішінде жүріп-тұру, бос уақытты тиімді өткізу, дәрі-дәрмек алу, коммуналдық қызметтер, білім алуға және тұруға арналған шығындар қажеттілігі ескерілмеген.

Баяндалғанды негізге ала отырып, ең төменгі жалақыға қатысты азық-түлік тауарлары бағасының шекті мәндері салыстыруға келмейтін жағдайда екенін ескеретін болсақ, Қазақстан Республикасында баға белгілеу саясаты қаншалықты тиімді деген сұрақ туындайды?

Салыстыру үшін, Беларусьта 29 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізбесі қарастырылған, олардың қатарына балалар және диеталық тағамға арналған құрғақ сүт қоспалары, балалар және диеталық тағамға арналған ботқалар, балалар және диеталық тағамға арналған ет консервілері кіреді. Осылайша, Беларусь ересектер мен балалар үшін де, диеталық тамақтануды қажет ететін адамдар үшін де тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктерін қарастырған.

Сонымен қатар, баға белгілеу мәселелеріне мемлекеттің пассивті қатысуы біздің елімізде күтілетін инвестициялық тартымдылыққа қол жеткізе алмады, ал өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту - Кәсіпкерлік кодекспен енгізілген, бұрынғы Үкімет барынша қорғаған тетіктердің нақты тиімділігін айқын көрсететін деңгейге жете алмады. Жоғарыда айтылғандар негізінде жаңа Үкіметке «мемлекеттің баға белгілеу саясатына қатысуы мәселесін бизнестің емес, барша жеке адамдардың мүддесін қорғай отырып, қайта қарау қажет деп есептемейсіз бе?» деген сұрақ қойғымыз келеді.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева