Балалар мен жасөспірімдерді құқықтық тәрбиелеу мәселелері туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізді жайлы әрі қауіпсіз мемлекетке айналдыру басты міндеттердің бірі екенін айтқан болатын.

Ыңғайлы әрі қауіпсіз өмір мектептен басталады. Ал бүгінде, мектеп сондай орын бола алып отыр ма? Кәмелетке толмаған балалардың өз қатарластарын зорлап, ұрып-соғып, өлтіргені туралы ақпараттар қазақстандықтарды бірнеше рет дүр сілкіндірді.

ҚХП депутаттық фракциясының пікірінше, қоғамда кең таралған зорлық-зомбылықтың, атап айтқанда, армия қатарындағы өлім-жітімнің, дені сау және мықты жігіттерді мүгедектік пен өлімге дейін жеткізген қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі – мектептерімізде тамыр жайған бұзақылық, зорлық-зомбылық, бандитизм мен қылмыстық өмір салтын романтизациялау.

Ал деструктивті мектеп ортасы тәрбиелеген балалар әскер қатарын толықтырып, олар өздерінің қылмыстық әрекеттерін армия қатарында жалғастыруда.

Жасөспірімдердің криминогендік мінез-құлқының қалыптасуына қоғамдық пікір арқылы анық көрінетін моральдық, құқықтық және басқа да әлеуметтік қорғау нысандарының біртұтас жүйесінің болмауы ықпал етеді. Мектеп баланы қоғамға бейімдеудің алғашқы баспалдағы екенін ескерсек, өскелең ұрпақтың деструктивті мінез-құлқының алдын алуға бірден бір қауқарлы тұлға – ол ұстаздар қауымы.

Біздің ойымызша, зорлық-зомбылықты түп-тамырымен жою керек, дегенмен бүгінде агрессорлар көбіне жас ерекшелігіне байланысты жазаланбай қалады. Бәлкім, біз, заң шығарушылар, Ұлыбританияның үлгісі бойынша кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартудың шекті жасын қайта қарап, жауапкершілікті 14 жастан емес, 12 жастан бастап белгілігеніміз жөн шығар. Мысалы, зорлық-зомбылық істері бойынша.

Уәкілетті орган тек оқу-тәрбие үдерісіне ғана емес, сонымен қатар балалардың моральдық-этикалық мінез-құлқы мен өскелең ұрпақтың эмоционалды-психологиялық тұрақтылығы мәселелеріне де ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің жасөспірімдердің қылмыстық мінез-құлқының алдын алу мен анықтауға деген көзқарасын түбегейлі өзгерту керек деп есептейміз.

Біз Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын дәйекті және сенімді қорғауға бағытталған әлеуметтік институт ретінде ата-аналық отбасы рөлінің әлсіреуін тоқтататын біртұтас жұмыстың жоқтығын байқап отырмыз.

Бүгінде біздегі уәкілетті органдардың бұл проблемаларды шешуге кешенді көзқарасы жоқ, бар болса да ол жай формальды сипатқа ие.

Бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге жүгінуге болады деп есептейміз. Мысалы, Жапонияда Білім министрлігі балалар үшін қауіпсіз ортаны құру үшін ересектердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған арнайы балаларды қорлауға қарсы кеңес құрды. Педагогтерден қорлық көрсетуге қатысты әрбір жағдайға мән беріп, мұқият қарау талап етілсе, психологтар балаларға психоэмоционалдық тұрғыда кәсіби қолдау көрсетуге міндетті, ал ата-аналар мен қамқоршылардан қорлау әрекеттерінің алдын алу үшін мемлекеттік жүйемен белсенді түрде әрекеттесу талап етіледі.

Біз кәмелетке толмағандарды құқықтық тәрбиелеуді профилактиканың ерекше әдісі ретінде бөлуді ұсынамыз, оны барлық мүдделі мемлекеттік органдар әртүрлі деңгейлерде егжей-тегжейлі пысықтауы тиіс. Ол үшін оқу-ағарту, ішкі істер және әділет органдары мектептің ақпараттық базасын қамтамасыз етуі қажет. Мұндай жалпы ақпараттандыру әдісі кәмелетке толмағандардың құқықтық санасын қалыптастыру шаралары бойынша қажетті жүйенің қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, көтерілген мәселелер бойынша Үкімет нақты ұстаным қабылдап, ұсынылған шаралардың міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етуді талап етеміз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева