Биометриялық деректерді және жасанды интеллектті пайдалану мәселелері туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Hub инновациялық экожүйесіне барып, орталықтың жұмысымен танысып қайтты. Мемлекет басшысы нейрожелілер үлкен мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, сондай-ақ оның қауіп-қатері де барын атап өтті. Біздің бүгінгі депутаттық сауалымыз да осы жөнінде.

Заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы бүгінде тіпті, ең қарапайым қызметтерді көрсету кезінде суретіміздің рұқсатсыз түсірілуіне әкеп соғуда. Банктер, абоненттік байланыс нөмірлерінің бөлшек сауда нүктелері, білім беру мекемелері, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, бизнес орталықтарының өткізу пункттері, яғни, адамдар қайда барса да, биометрикалық деректерін тіркеуге міндетті. Бұл жағдайда көбіне азаматтардың қалауы ескерілмейді және мұндай шаранының қажет екеніне негіз де бола бермейді. Ал азаматтар биометриялық деректерін беруден бас тартса, банктер немесе ұялы байланыс операторлары оған қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін.

Осылайша, азаматтарымыз дербес деректерді (биометрика) жинаудың субъектісіне айналуға мәжбүр болады. Нақтырақ айтсақ, азаматтар қызмет көрсетушінің қызметіне жүгінген соң ашық офертаға сәйкес ұялы байланыс операторлары мен банктер дербес деректерді үшінші тұлғаларға бақылаусыз және шектеусіз беру құқығына ие болады.

Алынған биометрия деректер базасында сақталып, иелерінің өтініші мен қалауын ескерместен бақылаусыз пайдаланыла береді. Дәл биометрияға ҚР Ұлттық Банкі мен ҚР ҚНРДА өкілдері азаматтарды алаяқтардан қорғау механизмі ретінде үлкен үміт артады. Алайда кішкентай ғана бөлшек сауда нүктесі иесінің өзі кез келген азаматтың биометриясына оңай қол жеткізетінін ескерсек, бұл құрал азаматтардың деректерін сақтауда еш қауқарсыз.

Youtube, Instagram сияқты танымал әлеуметтік желілерде көпке белгілі тұлғалардың суреттері мен дауыстарын пайдаланып, қаржы пирамидаларын жарнамалайтындар көп. Бұл жағдай азаматтарымыздың биометриясы, олардың суреттері, тіпті дауыстары қылмыстық мақсатта рұқсатсыз пайдаланудан қорғалмағанын көрсетеді. Бүгінде жасанды интеллекттің мүмкіндіктері шексіз. Белгілі бір адамның шынайы биометриялық суретін жасау үшін бір ғана фотоға ие болу жеткілікті.

Бұл ұзақ уақыттан кейін іске қосылатын бомба сияқты. Қазір бейнебақылау камералары еш бақылаусыз орнатылады. Ондағы материалдарды сақтау және қолдану мәселесі де бақыланбайды. Соның әсерінен азаматтарымыздың киберқылмыс алдында қауқарсыз екенін көріп отырмыз. Уәкілетті орган миллиондаған азаматтардың деректер базасында орналасқан биометриясын қалай қорғамақ?

Білім алу барысында балалардың жасанды интеллектіні бақылаусыз қолданып жатқанына да назар аудару қажет. Қазір мектеп тапсырмаларының жауабын дайындап, қажет мәтіндерді әп-сәтте әзірлеп беретін ChatGPT жасанды интеллекетісі танымалдыққа ие болып отыр. Білім процесіндегі бұл тәсіл сыни ойлау қабілетін төмендетіп, білім сапасына теріс әсер етеді, салдарынан маңызды шешімдерді өз бетінше қабылдау қиындайды. Бұлай жалғаса берсе, еліміз зияткерлік әлеуетін жоғалтады. Тез шешім қабылдап, өмірдегі күрделі міндеттерді шеше алмайтын ұрпақты қалыптастырып жатырмыз.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, жақында Еуропарламент ЖИ пайдалануды шектейтін заң қабылдады. Аустралия мен АҚШ-тың кейбір штаттарында әлеуметтік желіні пайдалануда жас шектеулерін қарастыратын заңдар қабылданған. Цифрлық прогресс зиян тигізбеуі тиіс, сондықтан оны ақылға қонымды түрде бақылап отыру қажет. Көпке созбай азаматтардың биометриялық деректерін рұқсатсыз пайдаланудың алдын алу және білім беру ұйымдарында генеративті ЖИ пайдалануды шектеу бойынша шаралар қабылдау қажет.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚХП фракциясы мынадай шараларды ұсынады:

  1. Уәкілетті органға заңға тәуелді акт деңгейінде білім беру ұйымдарында генеративті жасанды интеллектті пайдалануды реттеуді ұсынамыз.

  2. Азаматтардың дербес деректерін (биометриясын) жинау және өңдеу үшін шектеулі адамдар тобына ғана өкілеттік бере отырып, дербес деректерді жинаудың, өңдеудің және сақтаудың нақты және ашық тетігін қалыптастыру.

  3. Азаматтардың биометрикасын жинайтын және сақтайтын субъектілерді деректерді заңсыз пайдаланғанын және оны үшінші тұлғаларға бергенін тексеру арқылы азаматтардың деректер базасының (биометрика) заңсыз таралуын тоқтату.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева