Қазақстан Республикасы
Премьер-министрінің орынбасары
С.М.Жұманғаринге
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Серік Мақашұлы!
Менің депутаттық сауалым республикадағы аутизмі және дамуында кідірістері бар балаларды қабылдайтын жеке түзету орталықтарының қызметіне қатысты болмақ.
Соңғы жылдары қамқорлыққа мұқтаж мүгедектігі бар балалар саны тез өсіп келе жатқаны жасырын емес. Әсіресе, аутизмі бар, сөйлеу қабілеті және мінез-құлқы бұзылған балалар санының күрт өсуі байқалады. Мемлекет қабылдаған шаралар ведомствоаралық өзара іс-қимылдың және ақыл-ой кемістігі бар балаларға көмек алгоритмінің болмауына байланысты әлі тиісті нәтиже бермей отыр.
Аутизмі бар балаларды түзету жөніндегі мемлекеттік орталықтар (дұрыс әдістермен) болмағандықтан, бұл қажеттілікті ішінара жеке орталықтар жабады. Олардың арасында, өкінішке қарай, жосықсыз қызмет көрсетушілер де бар.
Сонымен қатар біз «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары ретінде дамуында кідірісі бар балаларға қатыгездік көрсету фактілерінің жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіреміз. Әдетте, мұндай балалардың көпшілігі сөйлей алмайды. Оған дәлел – әлеуметтік желілерде жарияланған көптеген фактілер. Сонымен қатар, бүгінгі таңда бұл саланы бақылаудың нақты тетіктері де жоқ.
Осыған байланысты жеке орталықтар мен мамандарды регламенттеу және аккредиттеу қажеттілігі туындайды. Қоғамдық ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығы да бізге осы салада тәртіп орнату туралы өтінішпен жүгінеді. Мысалы, дәлелденген әдістемелерді қолданатын адал орталықтар бар. Онда мамандарды өз есебінен оқыту жүргізіледі, балаларды ұстаудың барлық санитарлық нормалары мен ережелері сақталады, бейнебақылау бар, ата-аналармен шарттар жасалады.
Ал басым көпшілігінде белгіленген талап болмағандықтан, аса қамқорлықты қажет ететін балаларымызды қорғай алмай жатамыз.
Осыған байланысты маңызды шаралар қабылдау қажет деп санаймыз. Өйткені бұл мәселе жүйелі және мұндай жағдайлар қайталануы бек мүмкін.
Мәселен, 2022 жылдың 2 желтоқсанында менің қатысуыммен «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Астана қалалық филиалы, AUTISM Kazakhstan Ұлттық қауымдастығы және «Мінез-құлықты қолданбалы талдау мамандарының қазақстандық бірлестігі» мекемесі арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Аталған проблеманы талқылау барысында тиімділігі дәлелденген әлемдік әдістемелерді ескере отырып, Қазақстанда үш бағыт бойынша тиісті тізілім құру қажеттілігі туралы бастамалар әзірленді:
Бұл қадам ата-аналарға біліксіз мамандар мен жосықсыз орталықтарды ажыратуға, қажетті құзыреттері мен білімі бар білікті мамандарға жүгінуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ аталған тізілім бұдан әрі мемлекеттік органдарға балаларды көбірек қамту және оңалту мен түзету кезегін азайту үшін осы аккредиттелген жеке орталықтарға мемлекеттік тапсырысты ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге ықпал етеді.
Аталған мәселеде ҚР Білім министрлігі (инклюзивті білім беру мәселелері), ҚР Ұлттық экономика министрлігі және «Атамекен» ҰКП (кәсіпкерлік мәселелері), ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (мүгедектік мәселелері және медициналық-әлеуметтік мекемелер) құзыретті.
Осыған байланысты, Сіздің назарыңызды жоғарыда аталған мәселеге аудара отырып, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жеке түзету орталықтары мен мамандарды аккредиттеу мәселелері бойынша жұмыс тобын құруды тапсыруды сұраймыз. Аталған жұмыс тобының құрамына аталған министрліктер мен қоғамдық бірлестіктерді қосу қажет деп есептейміз.
Басты басымдық балалардың өмірі, денсаулығы және қауіпсіздігі мәселелері болуы тиіс. Сондай-ақ, олардың сапалы оңалту көмегін алуы аса маңызды.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімдерде жазбаша жауап беруді сұраймыз.
Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
14.12.2022 ж. жарияланды