Екінші деңгейлі банктердің азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселелері туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне

Бектенов О.А.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

Сүлейменов Т.М.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы

Е.Әбілқасымова

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Жақында ҚХП фракциясы кибералаяқтық мәселесі және онлайн несиеге тыйым салуды ұсынып, өтініш жасаған болатын. Дегенмен, банк механизмдері арқылы жүзеге асырылатын кибералаяқтықтың тек онлайн несиелермен шектелмейді.

Биылғы жылдың 7 қазанында Көкшетау қаласында тұратын зейнеткер таңғы сағат 8-де картасынан 90 мың теңгеге жуық ақша шешілгенін байқаған. Әйел рұқсат етілмеген транзакцияның алдын алу үшін банк бөлімшесіне хабарласқан. Алайда банк қызметкерлері қылмысты тоқтата алмаған, оған қоса бұл әрекеттің қалай жүзеге асқаны және оның ақшасы қайда кеткені туралы нақты түсініктеме де бермеген.

Азаматтарымыз мәжбүрлі несиелерден ғана емес, банк картасынан ақшанының рұқсатсыз шешілуі сияқты мәселеден де зардап шегіп отыр. Бүгінде халықтың көбі ақшасының басым бөлігін банктегі шоттарында сақтайды. Қолма-қол ақша айналымы нөлге дейін төмендеді деуге болады. Соған байланысты екінші деңгейлі банктер азаматтардың есеп-шоттардағы қаражаттарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.

Осындай қиын жағдайға тап болған адамдарға ешқандай қолдау көрсетілмейтіні жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтып, мәселені Мәжіліс қабырғасында да көтерген болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, құқық қорғау органдары кінәлі тұлға анықталмағаны үшін істі тоқтатады, ал азаматтық соттар қарыз шарттарын жарамсыз деп танудан бас тартып, банктерді жақтап шығады.

Банк жүйесі арқылы жасалатын барлық қылмыстың ықтимал себебі – екінші деңгейлі банктердегі электронды деректер базасының қауіпсіздік тетігінің жетілдірілмегендігі. Түптеп келгенде оның салдарынан тек отандастарымыз зардап шегетінін ескерсек, банктер банк жүйесінің қауіпсіздігін арттыруға мүлде мүдделі емес. Бүгінде қаржы институттары алаяқтардың құрбанына айналса да, азаматтарды өзі алмаған қарызды өтеуге міндеттеп, пайдаға кенеліп отыр.

Осы мәселеге қатысты біз мынадай шараларды ұсынамыз:

  1. Салымшылардың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті кепілдік беру жүйесін әзірлеу.

  2. Банктер мен азаматтар арасындағы тәуекелдерді бөлісуге көмектесіп, алаяқтық кезінде жәбірленушілерге түсетін қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік беру мақсатында жеке тұлғалардың қарыздарын алаяқтықтан міндетті сақтандыру жүйесін әзірлеу.

  3. Үкімет ҚР Ұлттық Банкімен бірлесіп, банктік ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптарды әзірлесін.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева