«Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы: тозған инфрақұрылымды жаңғырту және ағындыларды онлайн-мониторингтеу жүйелерін енгізу – мемлекеттік саясаттың басымдығы»

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А. Бектеновке

Қазақстан Республикасы

Экология және табиғи ресурстар министрі

Е.Н. Нысанбаевқа

Қазақстан Республикасы

Су ресурстары және ирригация министрі

Н.М. Нұржігітовке

Қазақстан Республикасы

облыс және қала әкімдеріне

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Соңғы жылдары су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі ең жоғары мемлекеттік деңгейде бірнеше рет көтерілді.

Халқымыз «Судың да сұрауы бар» дейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев судың стратегиялық ресурс екенін және оны тиімді басқару – ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың кепілі екенін ұдайы қадап айтып келеді.

Бүгінде мемлекет халық пен бизнестен суды үнемдеуді талап етіп отыр. Көптеген аймақтарда есептегіш құралдар орнатылып, тарифтік тетіктер енгізілуде. Алайда, «Өзіңді де біл, өзгені де біл» демекші, су жеткізетін жүйенің өзі бұл ресурсты қаншалықты тиімді басқарып отыр?

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның су инфрақұрылымының басым бөлігі осыдан ондаған жылдар бұрын салынған. «Ескінің аты озғанша, жаңаның соры қайнайды» дегендей, бүгінде құбырлардың тозығы жеткен, техникалық құжаттамасы ескірген және цифрлық инвентаризациясы жоқ. Нәтижесінде жыл сайын миллиондаған текше метр су коммуналдық желілердегі апаттар мен ағындылар салдарынан жерге сіңіп, зая кетуде.

«Аққан судың қадірі жоқ» деген ұстаныммен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Осының негізінде, парадоксалды жағдай қалыптасты. Азаматтар мен кәсіпкерлер суды үнемдеп жатқанда, мемлекеттің шіріген құбырларында орасан зор су ресурстары босқа ысырап болуда. Әсіресе, қалаларда жерасты коммуникацияларының цифрлық картасының жоқтығы және онлайн-мониторингтің тек ішінара енгізілуі үлкен алаңдаушылық туғызады.

Осыған байланысты, келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын:

  1. Өңірлер мен ірі қалалар бойынша сумен жабдықтау жүйелеріндегі су шығынының нақты көрсеткіштері қандай?
  2. Жыл сайын апаттар мен ағындылар салдарынан қанша көлемде су жоғалады?
  3. Су құбыры мен кәріз желілеріне толық инвентаризация жүргізілді ме?
  4. Инженерлік желілердің қанша пайызы цифрландырылып, геоақпараттық жүйелерге енгізілді?
  5. Облыс және қала әкімдіктері тозған құбырларды жаңғырту үшін қандай нақты шаралар қолдануда?
  6. Неліктен бірқатар өңірлерде коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру әлі күнге дейін жүйелі түрде жүргізілмей отыр?
  7. Су желілерінің қысымын, шығыны мен ағындыларын нақты уақыт режимінде бақылайтын біріңғай ұлттық цифрлық жүйе құру жоспарда бар ма?
  8. Халықаралық тәжірибедегі георадарлар мен роботтандырылған диагностикалық жүйелерді Қазақстанға енгізу мәселесі қарастырылып жатыр ма?
  9. Жерасты инженерлік желілерін ауқымды тексеруден өткізу жоспарлануда ма?

Осы айтылғандарға байланысты Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы келесі шараларды ұсынады:

  1. Барлық су құбыры және кәріз желілеріне ұлттық инвентаризация жүргізу.
  2. Қазақстанның жерасты коммуникацияларының біріңғай цифрлық картасын жасау.
  3. Су ағындыларын онлайн-мониторингтеу жүйесін енгізу.
  4. Су шығынын азайтудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу. Әкімдіктердің су шығыны мен желілерді жаңғырту деңгейі бойынша ашық есеп беруін қамтамасыз ету.

«Су – ырыстың көзі». Су тапшылығы күшейіп жатқан кезеңде әрбір жоғалған тамшы – ел экономикасына келген тікелей залал. Сондықтан, «Суды үнемдеу азаматтың асүйінен ғана емес, мемлекеттің құбырынан басталуы тиіс!»

Заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар