
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрінің бірінші орынбасары
Р.В. Склярға
Астана қаласының әкімі
Ж.М. Қасымбекке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астанада шамамен 460 мың автомобиль тіркелген, бұл былтырмен салыстырғанда 14,8% өскен. Бұған қоса, күн сайын қалаға шамамен 30 мың көлік қала маңынан және басқа өңірлерден келеді. Мұндай жүктеме елордадағы көлік инфрақұрылымы үшін аса күрделі мәселе болып отыр.
Бұған дейін біздің депутаттық сауалымыз негізінде мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың жұмыс кестесі қайта қаралған еді. Алайда соңғы уақытта тұрғындардан паркингтің ұйымдастырылуы мен төлем тәртібіне қатысты көптеген шағымдар түсіп жатыр.
Еске сала кетейік, Астана қаласы әкімдігінің 22.12.2016 жылғы №108-2602 қаулысына сәйкес, автотұрақ үшін ең аз төлем мөлшері – бір сағат деп белгіленген. 2025 жылғы ақпанда «Астананың паркинг кеңістігі» ЖШС-мен жасалған келісімшартты бұзу процесі басталып, мемлекеттік компания құрылады деп хабарланған болатын. Дегенмен іс жүзінде жүйе бұрынғы тәртіппен жұмыс істеп тұр, ал жүргізушілер үшін ешқандай өзгеріс болған жоқ.
Қазіргі таңда мынадай мәселелер өзекті күйінде қалып отыр:
• қысқа уақытқа тоқтағанның өзінде міндетті түрде толық бір сағаттық төлем жасау, пайдаланылмаған уақыт үшін қаражаттың қайтарылмауы (ал мұндай мүмкіндік бұған дейін болған);
• әр аймақта тарифтердің әртүрлі болуы және бірыңғай төлем жүйесінің болмауы;
• Астана әуежайындағы 15 минуттық тегін шекті уақыттан асқан жағдайда 5 мың теңге айыппұл салынуы.
Іс жүзінде автотұрақ операторларының қызметі негізінен тек төлем жинаумен шектеліп отыр. Бұл мемлекет пен азаматтар мүддесінің тепе-теңдігі қаншалықты сақталып отырғанына, сондай-ақ азаматтардың жолдар мен қала инфрақұрылымын еркін пайдалану жөніндегі конституциялық құқығының жүзеге асуына қатысты сұрақтар туындатуда.
Осыған байланысты мынадай ұсыныстар енгіземіз:
Нөмірлерді танитын фото және видео бақылау жүйелерін орнатып, пайдаланылмаған уақыт үшін қаражатты автоматты түрде қайтару механизмін енгізу.
Паркинг төлемдері мен айыппұлдардан түскен қаражаттың толық ашықтығын қамтамасыз ету.
Қолданыстағы мобильді қосымшаны жетілдіріп, оған пайдаланылмаған уақыт үшін төлемді қайтару және фото-видеофиксация жүйелерімен біріктіру функцияларын қосу.
Цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын азаматтардың қолайлылығы мен өмір сапасын арттыруға бағыттау (Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес).
Аталған ұсыныстарды қарастырып, заңда белгіленген мерзімде ресми жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар