Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
Ә. А. Смаиловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Мүгедектігі бар балалар мен ересектер үнемі Үкіметтің ерекше қамқорлығы мен қорғауында болуы тиіс. Өкініштісі іс жүзінде бұлай емес. Арнайы әлеуметтік қызмет алу үшін адамдар күрделі бюрократиялық тосқауылға тап болып, сергелдеңге салынады. Жылына бір рет оңалтудан өту орындалмайтын арманға айналды. Мүгедектігі бар балаларды оңалтқысы келетін отбасылар мүмкіндікті жылдар бойы күтеді.
Техникалық оңалту құралдары жылдар бойы күрделі мәселе туғызып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік ақшаны желге ұшыруды жалғастырып жатыр, өйткені техникалық оңалту құралдарына ақша сапа емес, сан принципі бойынша жұмсалады.
Бұрынғыдай балабақшалардағы мүгедек балаларға арналған топтарда орын жетіспейді. Біз бірнеше рет үкіметтің назарын қамқоршылыққа алу тәртібін қайта қарау және кәмелетке толғаннан кейін даму ерекшелігі бар балалардың әрекет ету қабілетін анықтау туралы шешім қабылдау қажеттігіне аудардық.
Көбінесе ауыр дерті бар балалар жағдайына сай келмейтін топқа орналастырылады. Ата-аналар көзге көрініп тұрған жағдайды дәлелдеуге мәжбүр болады. Қамқоршылық құжатын рәсімдеу бірнеше айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында олар жәрдемақы алмайды.
Екінші топтағы мүгедектігі бар адам кәмелетке толғаннан кейін мүгедектігі жойылып, күтімді қажет етпейтін адамдардың санатына қосылатын сияқты болуына байланысты үкімет ата-аналарына немесе қамқоршыларына күтім бойынша жәрдемақы төлеуді тоқтатады. Қолданыстағы осы тәжірибені қайта қарау қажет деп санаймыз.
Қамқорлығында баласы немесе мүгедектігі бар отбасының кәмелетке толған мүшесі бар ата-ананың зейнетке шығу жасын төмендету қажет деп санаймыз. Өкінішке қарай, бұрынғыдай Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында мүгедектер мен олардың отбасы жағдайын жақсартуға қатысты өзара іс-қимыл жоқ.
Қазақстан Халық партиясы бірнеше рет үкіметке мүгедек адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту және мәселелерін шешу жөнінде ұсыныс жолдады.
Өкінішке қарай, уәкілетті орталық органдар үкімет сияқты мүгедек азаматтарға немкеттілікпен қараудан танбай отыр.
Мәселенің маңыздылығын мойындай отырып, мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар туыстарының қамқорлығындағы отбасыларға қатысты мемлекеттік саясаттың тәсілін түбегейлі өзгерту қажет.
Депутаттық сауалға жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Сұңқар
К. Сейітжан
И. Смирнова
Г. Танашева
10.05.2023 ж. жарияланды