Қазақстан Республикасындағы автожол инфрақұрылымы мәселелерін шешу туралы

dep.jpg

ҚР Премьер-Министрінің

Бірінші орынбасары

Р. В. Склярға

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында еліміздегі автожолдардың жай-күйі мәселесін көтерді. Шынында да, қаншама жылдан бері жыл сайын қомақты несиелік және бюджет қаражаты бөлінсе де, жолдарымыздың сапасы жақсарған жоқ Баршаға белгілі проблемалармен қатар, саладағы шешілмеген негізгі мәселелер ретінде мыналарды атауға болады: арнайы техниканың тозуы, құрылыс маусымындағы битум тапшылығы, жол сапасын құртатын ауыр жүк көліктеріне қарсы күрес және жол бойындағы сервисті дамыту. Осының бәрі елдегі жолдардың сапасының тиісті деңгейде болмауына әсер етіп отыр.

Мемлекеттік сатып алу шарттары арқылы жол жөндеу жұмыстарын ұйымдастырудың қолданыстағы әдістері сыбайлас жемқорлыққа, жол сапасының нашарлауына және жыл сайынғы жол жабындарын жөндеу қажеттілігіне әкеп соқтыруда. Мұндай шарттардың негізінде мердігерлердің ең алдымен көздейтіні – қысқа мерзім ішінде жұмысты аяқтап, мемлекеттен ақша алу, ал жол сапасын жақсарту мәселесі басты назардан тыс қалады.

Осы ретте біз МЖӘ арқылы бюджет қаражатын үнемдеудің тиімді тетігін ұсынамыз. Қолданыстағы тәсілді түбегейлі өзгерту қажет. Яғни, жолдың жай-күйіне бір жыл мерзімге ғана жауапты болатын мердігерлерді сапалы жол салуға мүдделі әрі оның жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын өз міндетіне алатын тұрақты мердегерлермен алмастыру қажет. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (әрі қарай – МЖӘ) шарттарын жасасу қажет. Осылайша, барлық жұмыстарды, соның ішінде бір учаскедегі орташа және күрделі жөндеуді қоса алғанда, жолдарды күтіп ұстау жөніндегі ұзақмерзімді бір ғана келісімшартқа біріктірген жөн.

ҚазАвтоЖолдың жолдарды күтіп ұстауды аутсорсингке беру жөніндегі шешімі тиісті нәтиже бермеді. Сонрдықтан, бірнеше мың Мемлекеттік сатып алу шарттарының орнына ҚазАвтоЖолдың бүкіл желісіне ортақ болатындай 300-500-ге жуық ұзақ мерзімді МЖӘ шарттарын жасасу қажет. Бұл шарттар әрқайсысының ұзындығы 200-300 км болатын жол учаскелерін қамтуы тиіс. Сондай-ақ жеке серіктестікке инертті материалдарды, битумды және қажетті жабдықты сақтау үшін жол-пайдалану басқармаларының ғимараттарын пайдалануға беруді ұсынамыз.

Ұзақ мерзімді шарт мердігерге бірнеше жыл бойы учаскеде негізгі және көмекші персоналды ұстап тұруға, лизингке жаңа арнайы техниканы сатып алуға және битумның қажетті көлемін алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді. Бұл мердігердің орындалатын жұмыстарға көзқарасын өзгерте отырып сыбайлас жемқорлықты азайтуға және жолдардың сапасын арттыруға, жол бойындағы қызмет көрсетуді және дәретханалардың жағдайын жақсартуға, сондай-ақ автоматтандырылған өлшеу құралдарын орнату арқылы ауыр жүк көлігінің артық салмағын бақылауда ұстауды қамтамасыз етуге көмектеседі.

Автожол саласында ұзақ мерзімді МЖӘ келісімшарттарын қолданудың үздік мысалы ретінде Скандинавия елдерін айтуға болады. Мұндай келісімшарттарды қолдану жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға арналған жиынтық шығындарды шамамен 40-50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді, тіпті, аралық жөндеу жұмыстарын көпке дейін шегеруге де септігін тигізеді.

Фракциямыздың іс-шараларының бірінде 2018 жылы Азия даму банкі Орталық Азия елдері үшін жолдарды күтіп ұстауға арналған тиімді келісімшарттар бойынша ұсыныстар әзірлегені және МЖӘ-нің осындай ұзақ мерзімді келісімшарттары бойынша жеке мердігерлерді қаржыландыруға дайын екендігі айтылды. Алайда, осы 6 жыл ішінде уәкілетті орган автожол саласындағы ұзақ мерзімді шарттар бойынша халықаралық тәжірибеге сүйене отырып бағдарламалық МЖӘ құру мүмкіндігін қарастыруға мүлде тырыспады.

Осы баяндама негізінде:

  1. Жұмыстардың басталу және аяқталу мерзімдерін нақты көрсете отырып, облысаралық және ауданаралық автомобиль жолдарын жөндеу мен салудың бекітілген кестесін ұсынуды сұраймыз.
  2. МЖӘ тетігімен салыстыру призмасы арқылы жолдарды жөндеу және салу саласында мемлекеттік сатып алуды қолданудың айрықша артықшылықтарын қамтитын жан-жақты талдау жасауды сұраймыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева