"Қазақстан Республикасындағы фискалды саясатты жаңғырту туралы"

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрінің орынбасары

Ұлттық экономика министрі

Н.С.Байбазаровқа

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Ел экономикасының басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерліктің табысты дамуына ықпал ететін тиімді салық саясатының болуы. Бүгінде, тауарлар мен қызметтер нарығын цифрландырудың ұлғаюына байланысты елдің фискалды саясатын шұғыл жаңғырту қажеттілігі туындап отыр.

Қазір нарықтағы тауарлардың жартысынан көбі (екінші деңгейлі банктердің қосымшасындағы дүкендерді қоса алғанда) интернет-дүкендер арқылы сатып алынады. Бөлшек және көтерме саудада тауар сатып алу банктердің POS-терминалдары арқылы жүзеге асырылады. Осындай эквайринг операциялардың салдарынан берілетін чектер – фискалды емес. Сондықтан аяқталған ақшалай операциялар туралы ақпаратты мемлекеттік кіріс органдарына жеткізу функциясы орындалмай қалады. Осылайша тауарлар мен қызметтер сауда нарығының «көлеңкесінде» қалып кетеді. Ісіне адал кәсіпкерлер фискалды чек беру үшін мәжбүрлі түрде бақылау-касса машиналарымен (БКМ) қосымша айла-шарғы жасау мәселелерімен бетпе-бет келеді, оған қосымша уақыт пен күш жұмсайды.

Жоғарыда аталғанның бәрі еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі жасап, бюджеттік саясатымызға нұқсан келтіруде. Бүгінде тіпті, кейбір банк қосымшалар E-gov-пен біріктірілген. Дегенмен, шын мәнінде назар аударарлық маңызды аспектілер әлі де назардан тыс қалып отыр.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауында барлық салық саясатын өзгермелі фискалды жағдайларға бейімдеу қажет екенін айтты. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Үкіметке 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін салықтық әкімшілендіруді Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын эквайринг операциялармен біріктіру жөнінде шаралар қабылдауды ұсынамыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева