Қазақстанның солтүстік өңірлерін дамыту проблемалары туралы

dep.jpg

ҚР Премьер-Министрі

Ә.А.Смайловқа

                                        ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
                                    Құрметті Әлихан Асханұлы!

2024 жылдың 3-12 қаңтарында Қазақстан Халық партиясының депутаттық фракциясы халықпен кездесу үшін Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында болды.

Бұл өңірлерде көп жылдардан бері әлі күнге дейін өз шешімін таппай, созылып келе жатқан проблемалар аз емес.

Мұнда басты проблема - халықтың көшіп кетуі. Өкінішке қарай, бұл үрдіс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Сол себептен, кадрлық тапшылық пен мамандардың, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың да жетіспеушілігі туындап отыр. Үкімет бұған дейін бұл мәселені оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстікке көшіру арқылы шешуге тырысты, бірақ бұл бағдарламалар қажетті нәтиже бермеді. Солтүстік өңірлер бізде көбінесе аграрлық өлке болғандықтан, ауыл тұрғындарына жағдай жасап, ауылдық үйлерді абаттандыруға, әлеуметтік-мәдени жағдайларды шешуге көңіл бөлмесе, Үкімет ауыл шаруашылығына қанша жерден ақша құйғанымен, тиісті қайтарым бермейді.

Қазақстан Халық партиясы көшіп келушілер үшін де, солтүстік өңірлердің тұрақты тұрғындары үшін де климаттың суық жағдайында өмір сүретін қажетті жағдайлар жасауды ұсынады. Атап айтқанда - арнайы «солтүстік» ақшалай үстемеақылар, субсидиялар, жеңілдіктер, преференциялар және т.б. жүйесін ойластыру.

Солтүстік өңірлердің толыққанды дамуына қол жеткізу үшін екінші маңызды мәселе - газдандыру. Газдандыру мәселесінің шешілмеуі солтүстік өңірлерді инвесторлар үшін де, өмір сүру үшін де тұтастай алғанда экономикалық жағынан тартымсыз етіп отыр.

Солтүстік өңірдің үшінші проблемасы - сапалы ауызсудың қолжетімсіздігі. Өңірдегі өзендер мен көлдердің көптігіне және жер асты суларының жер бетіне жақын орналасуына қарамастан, мұнда көптеген елді мекендер таза су тапшылығын көріп отыр.

Селекцияға, фито және эпизоотиялық, азық-түлiк қауiпсiздiгiне елеулi назар аудару керек. Әзірге, Ауыл шаруашылығы министрлігінің дұрыс ойластырылмаған ережелеріне байланысты өңірде бруцеллезбен және басқа да қауіпті аурулармен сырқаттанушылық байқалады. Ветеринарлық қызметке деген көзқарасты түбегейлі өзгерту, оны қолдау және дамыту қажет. Біз көптеген аудандар мен ауылдарда болғанымызда жергілікті тұрғындар бірінші кезекте адамдардың өмірі мен денсаулығына, ең бастысы балаларға қауіп төндіретін қаңғыбас иттер мәселесін шешуді сұрайды.

Жол инфрақұрылымының жай-күйі де өткір проблема болып қалуда. Жолдарды салу мен жөндеудің жүйелі тәсілін өзгерту қажет. Қазір жолдар әртүрлі - облыстық, республикалық және т.б. Кейбір жолдарды салу кезінде ауыр техника мен ауыр жүктерден басқа бағыныстағы жолдар зардап шегеді. Салмақ станцияларын орнату қажет (облыстық билік оларды өз есебінен орнатуға дайын) және жол жүрудің барлық ережелерін сақтау бойынша қатаң талаптар енгізу қажет. Және, әрине, жол жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындар үшін жауапкершілікті арттыру керек.

Егер инфрақұрылымдық мәселелер туралы айтатын болсақ, өңірде ғаламторға қолжетімділік жағдайы сын көтермейді. Қазіргі кезде бұл да өмір сүру сапасының басты көрсеткішінің бірі. Уәкілетті министрліктің «маңызды» мәлімдемелеріне қарамастан, Интернетті «іздеп жүріп, ұстап қалуға» тура келеді.

Петропавл қаласының әуежайы туралы айтпай кете алмаймыз. Халықаралық мәртебеге ие терминал суық ангарға ұқсайды. Жақында әуежай жеке компанияның басқаруына берілді. Осы тұста «не үшін?» деген сұрақ туындайды. Және неғұрлым адал басқарушыға беру үшін мүлікті немқұрайлы меншік иесінен алып қоюдың уақыты келді емес пе? Қазақстан Халық партиясының депутаттық фракциясы Үкіметке Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды сауықтыру жөніндегі нақты шараларға кідіріссіз көшу қажеттігі туралы үндеу жасайды. Ол үшін Үкіметтің барлық мүмкіндіктері бар. Депутаттық сауалдың әрбір тармағы бойынша толық жауаптар беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева