Қоғамдық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

Р.В.Склярға

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Роман Васильевич!

Алматыда бір адамның автобус жүргізушісіне шабуыл жасап, басқарусыз қалған автобус апатқа ұшырап, салдарынан үш кінәсіз адам мерт болып, төрт адам жарақат алған жантүршігерлік қайғылы оқиғаның болғанына да көп өте қойған жоқ. Осы оқиғада қаза тапқан көпбалалы ерлі-зайыптылардың артында жас балалар жетім қалды. Осыған байланысты, қоғамдық көліктегі азаматтарымыздың өмірін қорғау және қауіпсіздік мәселесін көтергіміз келеді.

ҚР Конституциясына сәйкес, біздің ең жоғары құндылығымыз – адам және оның өмірі. Ал біз күнделікті қоғамдық көлік жүргізушілеріне милиондаған азаматтарымыздың өмірін сеніп тапсырамыз. Бұл ретте, уәкілетті органдар тарапынан өз міндеттерін орындау кезіндегі қоғамдық көлік жүргізушісінің өмірін сақтау және оның қауіпсіздігі бойынша тиісті шаралар өз деңгейінде жасалмаған. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің автобустарды басқарып қана қоймай, жол ақысын төлеуді қамтамасыз етіп, көлік құралындағы тәртіптің сақталуын қадағалап, жолаушыларға көңіл бөлуге мәжбүр болатындықтан оларды оқшаулар шаралары жасалмаған деп санаймыз.

Алайда, қоғамдық көлікті басқаратын адамға қарсы жасалған қылмыстарды қоғамдық қауіптілік деңгейі бойынша терроризм актісімен теңестіруге болады. Өйткені, жасалған қылмыстың нәтижесінде қоғамдық көлікті басқарып отырған жүргізушісі өліп кететін болса, онда автобус ішіндегі адамдар ғана емес, жол қозғалысына қатысушы өзге көліктердегі адамдар да мерт болуы мүмкін.

Ел азаматтарын қоғамдық көлікте тасымалдау тәртібінде қауіпсіздік мәселесі мүлде сақталмайды. Осыған байланысты мынадай мәселелер туындайды:

  1. Қоғамдық көліктен тұрақты бақылаушыларды шығару туралы шешім қандай негізге сүйеніп жасалды?
  2. Сіздер тарапынан қоғамдық көлік жүргізушілерін толық оқшаулау үшін қажетті реформалар мен автобустарды қайта жабдықтау мәселесі қабылдана ма?
  3. Жол жүру кезіндегі қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін және қоғамдық көліктегі тәртіптің сақталуын бақылау мақсатында әрбір автобуста бақылаушыларды тұрақты негізде жұмысқа тарту жөнінде шаралар қабылдана ма? Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева