«Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және білім беру деңгейінің жалпы мәселелері»

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрінің орынбасары

Е.Б.Көшербаевқа

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Ермек Беделбайұлы!

2025 жылы 6 ақпанда Оқу-ағарту министрі мектеп мұғалімдерінің дайындық деңгейі төмен екені жөнінде алаңдатарлық мәліметтерді жариялады. 2024 жылы жүргізілген педагогтардың білім деңгейін бағалау нәтижелеріне сәйкес, педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген 7 653 түлектің тек 45%-ы ғана 50% шекті деңгейден өте алған.

Сонымен қатар, сарапшылар педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын қайта қарау қажет екенін айтып отыр.

«Өрлеу» АҚ соңғы 10 жыл бойы мұғалімдердің біліктілігін арттыру қызметін мемлекеттік қаражат есебінен монополиялы түрде ұсынып келеді, алайда оның тиімділігінің төмендігі үлкен алаңдаушылық тудыруда.
Тек соңғы 3 жылда «Өрлеуге» АҚ-ға мемлекеттік бюджеттен 23 млрд теңге бөлінген.

Алайда, олардың жұмысының нәтижесі көңіл көншітпейді. Оны оқушылардың білім сапасын зерттеу нәтижелері растайды:

PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижелері бойынша 64% қазақстандық оқушы оқу сауаттылығы бойынша алты деңгейдің екінші деңгейінен өте алмады (ЭЫДҰ – 26%).

50% оқушы математикадан тек базалық деңгей көрсетті (ЭЫДҰ – 31%).

45% оқушы ғылыми сауаттылық бойынша тек ең қарапайым тапсырмаларды орындай алған (ЭЫДҰ – 24%).

Тек әрбір оныншы қазақстандық оқушы шығармашылық ойлау дағдысы бойынша 5-6 жоғары деңгейлерге жетті, ал Сингапурда бұл көрсеткіш – әрбір екінші оқушы, Эстонияда – әрбір үшінші.

Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу (ББЖМ-2023) нәтижелері 9-сынып оқушыларының орташа балы 2022 жылғы 47,3-тен 2023 жылы 36,8-ге дейін төмендегенін көрсетті.

Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰБДҚ) мәліметтері бойынша, 8-9 сынып оқушыларының 39%-ы үлгерімі төмен оқушылар қатарына жатады.

Бұл проблемалар шұғыл әрі жүйелі шешімдерді талап етеді.

«Өрлеу» АҚ жұмысының негізгі мәселелері:

  1. «Өрлеу» АҚ жұмысының тиімділігін өлшеу жүйесі мүлдем жоқ. Нақтырақ айтсақ, «Өрлеу» жұмысына бағаны тек «Өрлеудің» өзі береді.
  2. «Өрлеу» АҚ – мемлекеттік қаражат есебінен жұмыс істейтін тұрақты жабық монополиялық жүйе. Бүгінде ол бюджет қаржысын мұғалімдерді тиімді оқытуға емес, тек белгілі бір контингентті қамтуға бағыттауда. Мұғалімнің курсқа дейінгі және кейінгі біліктілік деңгейін бағалау жүйесі жоқ, сондай-ақ оқыту сапасына жауапкершілік қарастырылмаған.
  3. Мұғалімдердің біліктілігін өз бетінше арттыруға деген мотивациясы төмен, өйткені біліктілікті арттыру және педагогтарды аттестаттау кезінде кәсіби стандарттар ескерілмейді.
  4. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі мен педагогикалық жоғары білім беру арасында байланыс жоқ.

Қабылдануы тиіс шұғыл шаралар:

  1. Соңғы 10 жыл бойынша «Өрлеу» АҚ тиімділігіне тәуелсіз бағалау жүргізу және оның негізінде мектептегі білім сапасын жақсарту бойынша шешімдер қабылдау.
  2. Президент Жарлығы аясында экономиканы ырықтандыру және мемлекеттік қатысуды азайту үшін:
    • мұғалімдерге Қазақстан мен шетелдік педагогикалық жоғары оқу орындары мен ұйымдарында біліктілікті арттыру мүмкіндігін беру.
    • «Өрлеу» АҚ бәсекелестік ортаға шығару.
    • мұғалімдердің біліктілігін арттырудың ваучерлік жүйесін енгізу.
  3. Білім беру саласындағы бақылау комитеттерінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Бұл комитеттер Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамынан шығарылуы тиіс.
  4. Педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің оқу бағдарламаларын терең талдау және мұғалімдерді даярлау жүйесін жаңғырту.
  5. Оқу-ағарту министрлігінің физика, химия және биология пәндерін біріктіру туралы ұсынысының қазіргі заманға сай екенін және тиімділігін қайта қарастыру. Бұл бастама сапалы педагог мамандарын даярлай алмау салдарынан туындап отыр ма?

Білім – елдің бүгіні мен болашағының іргетасы. Енді нақты әрі жүйелі, прагматикалық және рационалды шараларды қабылдайтын уақыт келді!

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар