ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Т.Б.Дүйсеноваға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Тамара Босымбекқызы!
Әрбір жеке адамның өмірінде де, қоғам, жалпы мемлекет өмірінде де мәдениет пен өнердің маңызы айрықша. Өкінішке қарай, біз қоғамдағы мәдениетті де білімді, тәрбиелі де тәлімді адам қалыптастырудағы мәдениет пен өнер қызметкерлерінің қосатын үлесін әлі күнге бағалай алмай келеміз.
Мәдениет пен өнер тұжырымдамаларының маңыздылығы сондай-ақ, Адам құқықтарының дүниежүзілік декларациясының (бұдан әрі - «АҚДД») кейбір ережелерінде және халықаралық құқықтық құжаттарда бекітілген. АҚДД адамның ой, наным бостандығының сақталуын және оларды іске асыру еркіндігінің бұзылмауын көздейді, ол адамға заңға қайшы келмейтін кез келген тәсілмен өз ойлары мен идеяларын білдіру құқығы берілуге тиіс екенін білдіреді. Бұл бейнелеу өнерімен, жазумен, фотографиямен, музыкамен, киноматографиямен, бимен және т.б. айналысу құқығын да қарастырады.
АҚДД әрбір адамның қоғамның мәдени өміріне еркін қатысуға, өнерден ләззат алуға, ғылыми ілгерілеуге қатысуға және оның игіліктерін пайдалануға құқығы бар екенін қарастырады. Әрбiр адамның өзi авторы болып табылатын ғылыми, әдеби немесе көркем еңбектердiң нәтижесiнде пайда болатын кез келген дүниенің моральдық және материалдық мүдделерiн қорғауға құқығы бар. Бұл құқықтар адам құқықтары саласындағы басқа да халықаралық құжаттарда бекітілген.
Қазақстан Республикасы аталған құқықтар мен бостандықтардың маңыздылығын мойындайды. Мәселен, еліміздің негізгі Заңы – Конституциямыздың 20-бабы сөз бен шығармашылық еркіндігін қорғайды және оған кепілдік береді. Қазақстан Республикасында да осы саладағы көптеген өткiр мәселелердi реттейтiн «Мәдениет туралы» арнайы Заң жұмыс iстейдi. Бұл сөзсiз жақсы үрдiс, алайда қоғамда мәдениет пен өнер өкiлдерiнiң қызметiне, әсiресе еңбекақы төлеу бөлiгiне терiс әсер ететiн шешiлмеген проблемалар әлi де бар.
Қазіргі таңда ел мәдениетінің игілігі үшін 600 000-ға жуық қазақстандық еңбек етуде. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2022 жылы мәдениет және мұрағат ісі қызметкерлерінің жалақысы 23% -ға өсті. 2023 жылдың басынан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы тағы 22% -ға өсті. Бұл сөзсіз дер кезінде жүзеге асып жатқан оң үрдіс.
Мәдениет қызметкерлерiнiң жалақы мәселесi көбiнесе жұмыс iстеген сағаттардың санын есепке алумен тiкелей байланысты - бұл кәсiптiң ерекшелiгiмен түсiндіріледі. Қазақстанның еңбек заңнамасында жұмыс аптасының қалыпты ұзақтығы 40 сағат болып белгіленген. Кеңседе отырып істейтін жұмыста жұмыс күнінің (аптаның) ұзақтығын, сондай-ақ артық-кемін есептеу қиындық тудырмайды. Ал мәдениет саласындағы жұмыстың айырмашылығы, шығармашылық саласындағы жұмыс ерекше және көбінесе жұмыс уақытын есепке алуды қиындатады. Қызметтің шығармашылық бағытының бұл ерекшеліктері Еңбек кодексінде де, Мәдениет туралы заңда да еш көрініс таппаған.
Түрлі өңірлерден біз мәдениет және өнер қызметкерлерінен олардың жұмысындағы көптеген ерекшеліктер мен өзгешеліктер есепке алынбастан, жұмыс уақытын есепке алу жалпы стандарттар бойынша жүргізілетіні туралы көптеген шағымдар аламыз. Көбiнесе бiлiктi кадрлардың жетiспеуiнен әртүрлi еңбек ұжымдарында (филармониялар, оркестрлер, труппалар, актерлiк құрамдар және т.б.) бiрдей мамандар қажеттілігі туындайды. Жергілікті мәдениет органдарының басшылығы бірнеше ставкаға ресімделуге мүмкіндік бермейді, шектеулер енгізеді. Алайда, жұмыс ерекшелігін ескере отырып, аталған мамандар бірден бірнеше ұжымда толық ставкаға жұмыс істей алады. Бұл мәдениет пен өнер қызметкерлерінің материалдық жағдайына әсер етеді, сондай-ақ өңірлік ұжымдарды күшейтеді. Оның үстіне, мәдениет және өнер қызметкерлерімен азаматтық-құқықтық шарттар жасасу тәжірибесін енгізу, олардың санын шартты түрде, мысалы, құрамнан (филармониялар, оркестрлер, труппалар, актерлік құрам және т.б.) 25% мөлшерінде шектеу ұсынылады.
Сондай-ақ жұмыс уақыты режимі саласындағы проблеманы бөліп көрсетуге болады. Қазақстан заңнамасында қалыпты жағдайдағы жұмыс уақыты, сондай-ақ қысқартылған және толық емес жұмыс уақыты көзделген. Жұмыс уақытының бұл түрлері мәдениет саласы қызметкерлерінің талаптарына жауап бермейді. Біз бұл ереже жеткіліксіз деп есептейміз және заң шығаруда мәдениет қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін олардың жұмыс уақыты режимін реттеуге ерекше назар аударылуы тиіс.
Мәселен, кейбір елдерде мәдениет және өнер қызметкерлерін қоса алғанда, қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін қалыпты емес жұмыс уақытын енгізу тәжірибесі бар. Мұндай жұмыс режимі қызметкерлерге өз еңбек функцияларын күннің әртүрлі уақытында (мысалы, таңертеңгі репетициялар мен кешкі қойылымдар) орындауға, сондай-ақ өз кестесін кәсіптің басқа ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Қалыпты емес жұмыс уақыты қосымша демалыс алу мүмкіндігін де көздейді.
Шығармашылық қызметкерлерге, атап айтқанда музыкалық және би ұжымдарының, театрлардың әртістеріне жұмыс уақытының ұзақтығын белгілеумен бір мезгілде өнер көрсету нормалары, ал көркемдік персоналға қойылым нормалары белгіленеді. Мысалы, кезіндегі КСРО Мәдениет министрлігінің бұйрығымен бекітілген әртістердің спектакльдерде өнер көрсету нормалары және театрлардың көркемдік персоналының қойылым нормалары бойынша, қуыршақ театрларының әртістері күніне ұзақтығы 1 сағат 15 минуттан аспайтын үш спектакльге дейін қоя алатын болған. Мекеме әкімшілігі нормалар шегінде әртістер мен көркемөнер персоналының біркелкі жүктемемен жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстанның еңбек заңнамасында осы нормалар да көрініс таппаған.
Қорыта айтқанда, Еңбек Кодексі шығармашылық қайраткерлердің жұмыс режимін реттемейді және оны жұмыс берушінің құзіретіне қалдырады. Жұмыс беруші өз кезегінде дер кезінде қызметкерлердің жұмыс режимін реттей бермейді. Нәтижесінде күрделі мәселе реттелмеген күйінде қалатын жағдай қалыптасып қалған. Біз Үкімет осы мәселеге ерекше назар аударып, шығармашылық қайраткерлердің жұмыс режимінің шарттарын егжей-тегжейлі, нақты көрсетіп беруі тиіс деп есептейміз.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, көрсетілген проблемаларды шешу жөніндегі Үкіметтің ұстанымынан хабардар етуді, сондай-ақ мәдениет және өнер қызметкерлерінің жұмыс уақытын есепке алу проблемасын шешуге жәрдемдесу жөнінде мынадай шаралардың қабылдануына ықпал етуді сұраймыз:
1.Қойылымдар мен өнер көрсету уақытының нормаларын, сондай-ақ бір мезгілде әртүрлі ұжымдарда толық мөлшерлемеде жұмыс істеу мүмкіндігін регламенттейтін ережелерді ескере отырып, «Қызметкерлердің жекелеген санаттарының еңбегін реттеу ерекшеліктері» бөлімін толықтыру жолымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің жұмыс режимінің ықтимал нұсқаларын егжей-тегжейлі реттейтін ережелерді Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне енгізу.
2.Жұмыс берушiлердiң iшкi актiлерiмен екi және бірнеше жұмыс орындарында iшiнара азаматтық-құқықтық шарттар жасасу мүмкiндiгiмен бiр мезгiлде бiрнеше мөлшерлемемен жұмыс iстеуге арналған шектеулердi алып тастау. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева