Медицина мамандарының кадр тапшылығы туралы

dep.jpg

Қазақстан републикасы

Премьер министрінің

орынбасары А.С.Көлгіновке

                                    ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

                                Құрметті Алтай Сейдірұлы!

Дүние жүзінде дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалады және жақын арада тапшылық 13 миллионнан асады деп күтілуде. Бүгінгі таңда бізде де жоғары білікті медицина мамандарының жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр. Айталық, 2020 жылдан бастап Қазақстанда дәрігер мамандар тапшылығы қатты сезілуде. Тіпті, бес мыңнан астам ақ халаттылар орны ойсырап тұр. Отандық денсаулық сақтау жүйесі анестезиолог-реаниматологтарға, инфекционистерге, эпидемиологтарға, жалпы практика дәрігерлеріне аса мұқтаж.

Бұл жағдай біздің ойымызша, білім беру бағдарламаларын жасау кезінде мемлекеттік органдардың келіспеушілігі немесе сараламауы салдарынан туындаған. Мысалы, Алматы облысында 2017 жылдан бастап медицина мамандығы бойынша жергілікті атқарушы органдардың гранттары бөлінеді. Әйткенмен, бұл тек «бакалавриат» дәрежесіне ғана қарастырылған. Ал жалпы медицина бакалавры дипломымен Қазақстанда дәрігер болып жұмыс істеуге болмайды. Нәтижесінде, ЖОО тәмамдаған түлектер дәрігер болуға біліктілігі жетпей, тек медбике болып еңбек етеді. Айталық, былтыр жергілікті атқарушы органдар тарапынан бөлінген 20 гранттың 16-сы оқу бітірді. Қалған төртеуі әртүрлі себептермен оқудан шығарылды.

Медициналық ЖОО-да оқу құны бір миллион теңгеден асады, ал медициналық колледжде оқу шамамен бес жүз мың теңгені құрайды, бұл медицина қызметкерлерін даярлауға бөлінетін қаражаттың орындылығын көрсетпейді. Мұндай тәсілмен облыстарда медициналық мамандар тапшылығын шеше алмаймыз. Ал пандемия кезі ақ халаттылардың жетіспеушілігін айқын көрсетті. Біз түрлі сынақтарға дайын болуымыз қажет.

Осы орайда Үкіметке жоғарыда аталған мәселені шешуге ерекше назар аудару қажет деп санаймыз. Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімдерде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының депутаттары:

  • М. Магеррамов

  • А. Сқақова

  • А. Қоңыров

  • Ж. Ахметбеков

  • Ғ. Құлахметов

  • А. Милютин

  • Ғ. Нұғманова

  • Д. Легкий

  • Е. Смайлов

  • И. Смирнова

18.01.2023 ж. жарияланды