Қазақстан Республикасы
премьер-министрінің орынбасары
А.С. Көлгіновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Осы депутаттық сауал арқылы Үкіметтің назарын медицина кадрларын даярлау ісіне аударамыз. Бүгінгі таңда медицина кадрларының біліктілік деңгейі медициналық білімнің сапасына тікелей байланысты.
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау үшін соңғы 3 жылда медицина қызметкерлерінің жалақысы жоспарлы түрде ұлғайтылып, оқу орындарындағы оқытушы-профессорлар құрамының жалақысынан едәуір асты. Бұл білікті оқытушылардың практикалық медицинаға бет бұруына түрткі болатыны сөзсіз.
Алайда қазіргі уақытта медициналық мамандықты меңгеруге бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі мемлекеттік медициналық жоғары оқу орындарының оқу үдерісін ұйымдастыру шығынын да өтемейді.
Барлық медицина студенттерінің 70%-дан астамы оқитын «Жалпы медицина» мамандығы бойынша бакалавриат грантының құны соңғы рет 2021 жылы қайта қаралды және 1 001 мың теңгені құрады (20.04.22 ж. № 253 ҚРПБ).
Айта кету керек, көрсетілген құн 2021-2022 және 2022-2023 оқу жылдарында оқуға түскен студенттерге қолданылады және жоғары оқу орындарының шығынын жаппайды. Себебі бір білім алушыға берілетін білімнің өзіндік құны 2 млн теңгені құрайды. Үшінші және одан жоғары оқу жылының студенттері гранттарының құны 7 жылдан астам уақыт бойы қайта қаралмады. Қазір ол 609 мың теңгені құрайды.
Дәрігерді оқыту заңгерді немесе экономисті оқытқанға қарағанда әлдеқайда қымбат. Оқу сыныптары мен әдебиеттерден бөлек теориялық және практикалық дағдыларды дамыту үшін ғылыми, клиникалық және фармацевтикалық зертханалар, клиникалық базалар, қымбат модельдеу, медициналық жабдықтар және т. б. қажет.
ҚР Үкіметінің жоғарыдағы қаулысына сәйкес, гуманитарлық, ғылыми, заң және экономикалық мамандықтарға оқуға жылына бір білім алушыға республикалық бюджеттен 714 900-дан 922 500 теңгеге дейін грант бөлінеді. Бұған қоса білім алушылардың тобы 25-30 емес, 8-10 студенттен жасақталады.
Осылайша, тиісті еңбекақы белгілеу мүмкіндігінің жоқтығынан мемлекеттік жоғары медициналық білім беру ұйымдарында ескірген негізгі қорлардың, материалдық-техникалық базаның және жатақханалардың талапқа сай емес екені байқалады. Шет елде медициналық мамандықтың оқу ақысы басқа мамандықтардың оқу құнынан 2-4 есеге дейін жоғары.
Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Сізге медицина мамандарын бакалавриатта, интернатурада, магистратурада, резидентурада және докторантурада оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін грант санын ұлғайтуға басымдық беру бойынша шара қабылдауды ұсынамыз.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27- бабына сәйкес, депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Сұңқар
М. Магеррамов
И. Смирнова
Г. Танашева
К. Сейітжан
26.04.2023 ж. жарияланды