Қазақстан Республикасы
премьер-министрінің орынбасары
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Б. Дүйсеноваға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Тамара Босымбекқызы!
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады», - деді. Сапалы білім – ел дамуының діңгегі. Қоғамның даму көрсеткішіне байланысты білім саласының негізгі үш мәселесіне тоқталғым келіп отыр.
Қолжетімді білім. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балалардың, атап айтқанда – көпбалалы отбасылардың, толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған отбасылардың, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың орта және жоғары білім алу мәселелері. Мысал ретінде Қытай елін алайық. Бұл ел кедейлік пен жоқшылық мәселесімен сәтті күрестің үлгісі болып табылады. Олар «Кедейлікті жоюға бағытталған іс-әрекет және Қытайдағы адам құқықтарының прогрессі» атты біртұтас бағдарлама енгізді. Бұл бағдарламада қолжетімді білім беру арқылы кедейліктен құтылу жолына баса назар аударылған. Орта кәсіптік оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттерін оқу ақысынан босатып, оларға тұрмыстық шығындарға субсидиялар төледі, кедей аудандардан жаңа студенттерді қабылдау арқылы олардың білім алу құқығына кепілдік берді. Аз уақыттың ішінде кедей аймақтардан жетекші жоғары оқу орындарына түскен ауыл оқушыларының саны артты. Осы шараларды елімізде неге қабылдап, жүзеге асырмасқа. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, білім беру гранттарының саны жыл сайын артып келеді және гранттар Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижелері бойынша беріледі. Сондай-ақ, білім беру гранттарын бөлу кезінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квота қарастырылған. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардың балалары, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасындағы үміткерлердің грант алуға мүмкіндіктері жоғары. Бірақ, өкінішке орай, 2022-2023 оқу жылдарына бөлінген 73 061 мемлекеттік гранттың 15 029 гранты игерілмей қалды. Оның ішінде 2 865 грант көпбалалы отбасы балаларына, 1 253 грант толық емес отбасы балаларына берілді. Пайдаланылмаған гранттар ҰБТ нәтижесінің төмен көрсеткіші болып табылады. Білім сапасының төмендігі үшін оқушыларды кінәлауға болмайды. Сондықтан біз балаларды одан әрі орта немесе жоғары білім алу құқығынан айырмауға тиіспіз. Бұл гранттарды ғылым және жоғары білім министрлігі ҰБТ-дан төмен балл алып қалған, бірақ оқуға және жоғары білім алуға деген ынтасы бар халықтың әлеуметтік осал топтары арасында бөліп беру жолын қарастыру қажет. Көпбалалы отбасындағы ең болмағанда бір бала жоғары оқу орнына түсіп, жақсы білім алып, болашақта жоғары жалақы алатын жұмысқа орналасып жатса, артынан ерген бауырларына да көмектесіп, отбасы аяқтарына нық тұрып, көпбалалы отбасылардың «масыл» деген атағы жойылар еді.
Оқу жылын ұзарту мәселесі. Оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту туралы шешім жұртшылық тарапынан қолдау таппай, оқу жылын 25 мамырда аяқтау туралы өтінішпен көптеген ата-аналардан, мұғалімдерден ұсыныстар түсті. Айта кететініміз, соңғы екі аптаға оқу бағдарламасы қарастырылмаған, балалар мен мұғалімдердің шаршаңқы жүретіні ата-аналарды алаңдатуда. Мұның бәрі балалардың денсаулығы мен психикасына теріс әсер етуі мүмкін. Петициялар, сауалнамалар ұйымдастырылып, ата-аналардан хаттар келіп түсуде – бұл келесі оқу жылында осы мәселені мұқият қарастыру қажет екендігінің белгісі.
Мұғалімдердің сайлауға қатысу мәселесі. 2022-2023 жылдары елімізде 3 ірі сайлау науқаны өтті: референдум, президент сайлауы және парламент сайлауы. Біздің мұғалімдер осы сайлаулардың барлығына қатысып, уақыттарын дайындыққа, сайлауды өткізуге және нәтижелерді есептеуге арнады. Қазақстанның Еңбек кодексінде, «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарда мұғалімдердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстармен айналыспауы керектігі айтылған. Алдағы уақытта мұғалім мәртебесін төмендетпей, лайықты құрметті ұстаздық кәсіпті сақтап қалғымыз келсе, мұғалімдерді сайлауға тартпау мәселесін көтеруіміз керек. Ұстаздардың басты мұраты мен міндеті – балаларымызға білім беру.
Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасына сүйене отырып, жоғарыда айтылғандардың негізінде біздің ұсынысымыз:
ҰБТ бойынша жоғары балл алу талаптарын азайту арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларды, атап айтқанда, көпбалалы отбасынан, толық емес отбасында балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларды жоғары оқу орындарына қабылдауды жеңілдету.
Осы санаттағы мектеп түлектеріне арналған квотаны көбейту.
2023-2024 оқу жылында пайдаланылмаған гранттарды осы санаттар арасында қайта бөлуді қамтамасыз ету.
Оқу жылының ұзақтығын 25 мамырға дейін қысқарту мәселесін қарастыру.
Мұғалімдердің сайлауға қатысуын шектеу. Мектеп ғимараттарында сайлау учаскелерін орналастырмау және мұғалімдерді сайлау комиссияларының құрамына қоспау.
Жауапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
Г. Танашева
М. Магеррамов
И. Смирнова
Қ. Сейітжан
И. Сұңқар
21.06.2023 ж. жарияланды