Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қазақстан Республикасы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады және оны жүзеге асыру бойынша тиісті міндеттемелерін алды. Бұл құжатта мүгедектігі бар барлық адамның құқықтары мен негізгі бостандығын толық әрі тең дәрежеде жүзеге асыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларға тән қадір-қасиетті құрметтеуге бағытталған бірнеше тармақ барын екенін еске салғым келеді.
Ол міндеттерді жүзеге асыру үшін не қажет? Ең алдымен, ерекше қажеттілігі бар адамдарға өзгелердің көмегінсіз толықтай өзі бейімделіп, қажетті қызметтерді өз бетінше ала алатындай орта құру. Яғни, мүгедектігі бар адамдар да еліміздің өзгелермен тең құқылы азаматы саналатындықтан олар үшін қолжетімді кеңістік пен инфрақұрылым құру қажет.
Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыдағы Абай метро-станциясында болған қайғылы оқиға елді дүр сілкіндірді. Жазатайым оқиғаның салдарынан жас та дарынды жігіт Қанат БАТҚАЛҒАЗЫНЫҢ өмірі қыршынынан қиылды. Қанаттың көру қабілетіне байланысты мүгедектігі болған. Метроға мінбек болған жас жігіт платформаның есігін таба алмай рельске құлап, көз жұмды. Оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Осы ретте Қанаттың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Алайда ең өкініштісі – бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді. Әрине, егер метро қызметкерлері өз міндеттерін мүлтіксіз орындап, қауіпті аймақтарға арнайы қоршау қойылса және кез келген жағдайға бей-жай қарамайтын жолаушылар зағип жанға көмектессе, Қанат тірі қалар еді. Тек сөз жүзінде инклюзивті саналатын немқұрайлы қоғамның кесірінен азаматтардың осылайша ажал құшуына жол бермеуіміз керек.
Бірнеше жыл бұрын елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар қабылданған болатын. Аталған құжат шеңберінде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген әкімшілік, әлеуметтік, коммерциялық, мәдени және т.б. мақсаттағы барлық объекті тіркелген Қолжетімділіктің интерактивті картасы әзірленіп, сайтқа орналастырылды.
Бұл картаға сенсек, ерекше қажеттілігі бар адамдар кез келген жерге еш кедергісіз кіріп-шыға алады. Алайда, өкінішке қарай бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Тіпті, Астана тұрғындарында да мұндай мүмкіндік жоқ. Күні кеше Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қалалық департаменті мүгедектігі бар адамдарға нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижелерін жариялады. Белгілі болғандай, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының басым бөлігі қолжетімді ортаны жобалау талаптарына сәйкес келмейді.
Астана қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте департамент басшысының орынбасары Сәуле Игембаева мен Бақылау басқармасының басшысы Болат Төреханов қорытынды жасап, қаладағы қолжетімді инфрақұрылымды жобалаудағы негізгі мәселелерге тоқталды. 154 тексеру жұмысы барысында біршама кемшіліктер анықталды. Мысал ретінде айтатын болсақ: табалдырықтардың биік болуы, тұтқасы жоқ тік пандустар, тактильді белгілердің жоқтығы, ванна бөлмелері арнайы тұтқамен және авариялық түймелермен жабдықталмаған, тар есіктер және т.б. Тексеру қорытындысы бойынша 105 ескерту мен жеке ұсыныс беріліп, 32,7 млн теңге айыппұл салынды.
Енді мәселені кеңінен қарастырып көрейік. Яғни, мүгедектігі бар адамдар ғимаратқа кіріп қана қоймай, сол жерде қажетті қызметті алу керек екенін ескерген жөн. Ал бұл қажеттіліктің орындалуы екіталай.
Себебі, тиісті бұрышта орнатылған пандуспен жабдықталған ғимаратқа қимыл қозғалысы шектеулі адам еркін кіре алғанымен, ол кассаны, банкоматты, ақпараттық дүңгіршекті және т.б. пайдалана алмайды, өйткені олар тым биік, яғни, мүгедектер арбасындағы адамға қызмет көрсетуге бейімделмеген. Көру қабілеті нашар немесе зағип жандар да тактильді жол тақтайшалары арқылы креберіске көтерілуі мүмкін, бірақ қажетті дыбыстық құрылғының немесе Брайль қарпіндегі түсіндірме белгілерінің және т.б. жоқтығынан жол таба алмай, адасып қалады. Зағип жандар үшін бейімделмегендіктен қарапайым лифттің өзін пайдалануға мүмкіндігі болмайды. Сол сияқты есту қабілеті бұзылған адамдар да түрлі мәселелерге тап болады. Алайда, соған қарамастан жоғарыда аталған әкімшілік, коммерциялық, мәдени, демалыс және басқа мекемелер шенеуніктердің тізілімінде қолжетімді әрі бар жағдай жасалған орындар ретінде көрсетіледі.
Бізге «қолжетімді орта» және «қолжетімді инфрақұрылым» терминдерін мүгедек жандарға қарата айтылатын кемсітетін ұғымнан толыққанды, жан-жақты терминдерге өзгертетін уақыт келді. Мүгедектігі бар адам дүкенге/банкке/театрға/Халыққа қызмет көрсету орталығына/қонақ үйге немесе басқа да ұйымға барғанда ғимаратқа өз бетінше кіріп-шығып қана қоймай, қажетті қызметті де өз бетінше ала алатындай жағдай жасау керек. Бұл ереже барлығына, яғни, мемлекеттік және жеке бизнестік мекемелерге бірдей міндетті болуы тиіс.
Жағдайды жақсы жаққа өзгертіп, мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Халық партиясының фракциясы мынадай ұсыныстар әзірледі:
1) Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді кедергісіз орта қалыптастыруды қамтамасыз ететін стандарттарды, құрылыс ережелерін және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді одан әрі қайта қарауды көздей отырып мұқият талдау жүргізу.
2) Тұтынушылардың құқығын қорғау ұйымдарының жанынан мүгедектігі бар тұтынушылардың құқығын қорғауға маманданған бөлімдер құру. Қажет болған жағдайда біз бастама көтеруге, заңнамаға тиісті түзетулер енгізуге дайынбыз және тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі ұйымдар бізді қолдайды деп үміттенеміз.
3) Мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспардың нақты орындалуын бақылау жүйесін қатаңдату мақсатында модернизациялауды ұсынамыз. Қажет болған жағдайда жұртшылықтың қатысуымен тексерулер жүргізу, анықталған құқық бұзушылықтардың тізімін жасау, сол мәселелерді әкімшілік әдістерді және т. б. қолдана отырып жою.
Қазақстан инклюзивті қоғамды қалыптастыруға бет бұрып отыр. Қазір біздің міндетіміз – барша азаматтардың, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдарға тең құқықты қамтамасыз ету. Біз мүмкін емес дүниені талап етіп отырған жоқпыз. Мүгедектігі бар адамдар – республикамыздың толыққанды азаматтары және оларды кемсітуден барынша қорғау қажет.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева