Мүгедектердің санаториялық-курорттық ем алу мәселелері туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

Санаториялық-курорттық емдеу мүгедектігі бар азаматтар үшін өте маңызды екені сөзсіз. Ерекше қажеттіліктері бар жандар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жолдама сатып алған жағдайда бұл қызметтің ақысын мемлекет тарапынан төленеді. Алайда, өкінішке қарай, тәжірибе қолданыстағы жүйенің ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тиісті нәтиже бермейтінін көрсетіп отыр. Демек, бюджет қаражаты да негізсіз ысырап болуда.

Бұған дейін Ғалия Тобатаева жетекшілік ететін «Шарасыздар» («Подранки») мүгедектер қоғамдық бірлестігі Алматы іргесіндегі мекемелердің санаториялық-курорттық қызмет көрсету жұмыстарына талдау жүргізген болатын. (1-қосымшада көрсетілген.) Мониторинг нәтижесі көңіл көншітпейді. Зерттеу қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі мәселелер анықталды, ал құзырлы органдар бұл мәселелерді шешуге тырсыпайды да. Солардың ішіндегі ең негізгілеріне тоқталып өтсек.

1) Курорттық емдеу курсы нормативтік құжаттарға сәйкес бальнеологиялық процедуралардан бастап, цигун-массажы мен магниттік лазерлік терапияға дейінгі қызметтердің үлкен тізімін қамтиды. Бірақ, әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген санаторийлердің ешқайсысы дерлік жоғарыда аталған медициналық қызметтерді толық көлемде көрсетпейді. Қажетті құрал-жабдықтар да, тиісті мамандар да жетіспейді. Онымен қоймай, кей жағдайларда мекеме қызметкерлері процедуралардың саны мен уақытын қысқартып тастайды. Бұл мәселе бойынша НҚА-ны реттейтін және стандарттайтын, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді бақылаудың нақты жүйесінің болмауына байланысты талап қою да қиын. Мекемелер осыны пайдаланып көрсетілмеген қызметтердің толық құнын алып алады да, науқастарға тиісті көмек көрсетуге келгенде ақшаны үнемдейді. Осылайша, мүгедектігі бар азаматтар бюджеттен қаржыландырылатын тиісті қызметтерді ала алмайды.

2) Көптеген мүгедек жандар үшін қажетті ем-дом алудан бөлек, тіпті, санаториялық-курорттық ұйымның ғимаратына кіру де қиынға соғады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің талаптарына және бекітілген құрылыс нормаларына қарамастан, өткен ғасырда салынған медициналық мекемелердің көбінде пандустар, тактильді жолдар, көтергіштер және қол жетімді әрі кедергісіз ортаны қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да құрылғылар жоқ. Бұл әсіресе, қозғалыс мүгедектігі бар адамдар үшін өте маңызды. Бұл ретте, қажетті инфрақұрылымы жоқ жеткізуші әлеуметтік қызметтер порталында тіркеліп, ерекше қажеттіліктері бар жандарға қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Іс жүзінде ешкім кедергісіз ортаның болуына кепілдік бермейді, бақылап, тексермейді де. Осы мәселемен айналысуы тиіс әлеуметтік қызметтер порталының мәселелері жөніндегі комиссияны да бұл дүние алаңдатпайды. Ал қызмет көрсетуші шипажайда мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасалғаны жөнінде айтса болғаны (тіпті, құрылғылардың фото-видео түріндегі дәлелдемелері қажет емес). Шенеуніктер құрғақ сөзге иланып, бірден тіркеп, ақшасын аударады. Бұл ретте уәкілетті органға қызмет көрсетуші ұсынған ақпараттың дәлдігі мен дұрыстығы үшін ешқандай жауапкершілік жүктелмеген.

3) Санаториялық-курорттық емдеу барысындағы спорт залында жасалуы тиіс жаттығулар мүлде реттелмеген. Оңалтуға арналған жабдықтардың тізімі де, емдік дене шынықтыру маманының білім деңгейі де, жаттығу залының қолжетімділігі де және т.б. көрсетілмейді. Бірқатар қызметтер, мәселен, жарықпен емдеу физиотерапияның элементі ретінде қызмет көрсету классификаторына мүлдем кірмейді. Бекітілген қызметтердің өзі іс жүзінде жоқ болып шығады. Ал комиссия жеткізушілердің медициналық қызмет көрсету үшін тиісті құжаты жоқ екеніне қарамастан оларды бекітіп, әлеуметтік қызметтер порталына тіркейді.

4) Медициналық қызметтің жоқтығын және санаторийлік үй-жайлардың қолжетімсіздігін ескере отырып, мүгедектердің барлық санаториялық-курорттық емделуін диеталық тамақтануға дейін қысқартуға болады, алайда бұл жерде де бірқатар сұрақ туындайды. Регламенттегі нормаларға сәйкес калориялылығымен күніне бес мезгіл тамақтануды және диеталық кестелерді қалыптастыру қарастырылған. Алайда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірмелері бойынша санаторийлердегі тамақтану нормалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 20 жылдан астам бұрын қабылданған №128 «Республиканың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтанудың заттай нормаларын және жұмсақ мүкәммалмен жабдықтаудың ең төменгі нормаларын бекіту туралы» қаулысына негізделген. Негізінен, біздегі сауықтыру мекемелерінің көпшілігі жеке меншік иелігінде. Айта кетейік, азық-түлік, коммуналдық қызметтер және т.б. бағалар айырмасын есепке алмағанда, шығындарды өтеу тарифтері барлық өңірде бірдей.

5) Теориялық тұрғыдан алғанда, мүгедектігі бар жандар үшін санаториялық-курорттық емдеу диагнозға байланысты және емдеуші дәрігердің ұсыныстары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, іс жүзінде емдеуші дәрігер пациенті емделетін шипажайдың жабдықталу деңгейін, оның бағытын, тіпті, қай жерде емделетінін де білмейді. Емделуші үшін де бұл ақпараттар қолжетімді емес. Мүгедектерге әлеуметтік қызметтер порталында санаториялық-курорттық ұйымды және емделу курсын алу үшін жылдың мезгілін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беріледі. Бірақ, олар қалай таңдау жасайды? Науқас емдеу мекемесін дәрігердің нұсқауы бойынша емес, әлеуметтік қызметтер порталында бар қолжетімді қызмет көрсетушілерді және ол көрсететін қызметтердің ауқымына қарай таңдауға мәжбүр. Ақыр соңында емделуші 1-тармақта атап өткеніміздей, тиісті емді ала алмайды.

6) Санаториялық-курорттық емдеу орындары ең кемі курорттық климатты жерлерде орналасуы тиіс. Бізде бұл жағынан жағдай мәз емес. Себебі, мұндай ұйымдардың нақты мәртебесі жоқ және нәтижесінде Қазақстанда ерінбегеннің бәрі санаториялық-курорттық қызмет көрсете береді. Яғни, пансионаттар да, шипажайлар да, демалыс үйлері де, оңалту орталықтары және мұндай қызметке бейімделмеген басқа да сауықтыру мекемелері келсін-келмесін осындай қызмет ұсына береді. Алайда, оның бәрінде бірдей диеталық тамақтану, медициналық процедуралар, бассейн, гидро және физиотерапия және т.б. қызметтер көрсетіле бермейді. Соған қарамастан, барлығы әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген және өз қызметі үшін ақы алады.

7) Тиісті министрлік әзірлеген техникалық сипаттама аналогында қызмет классификаторы нақтыланбаған. Мүгедектерге арналған бөлмелердің қолжетімділігі, теледидар, тоңазытқыш және басқа да тұрмыстық қажетті дүниелермен жабдықтау деңгейінде қызмет көрсету қарастырылмаған. Бұл жосықсыз бизнесмендерге дәліз типті жатақхана іспеттес ғимараттарды санаторий ретінде пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Онда бір бөлмеде алты науқас тұрады, ал сыртта орналасқан жуынатын бөлме бәріне ортақ.

8) Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, мүгедектер санаториялық-курорттық мекемеге орналасқан кезде SMS немесе геолокация арқылы растау кодын жіберуі тиіс. Бұл ретте қызмет көрсетушіден мекемеге интернет қосуды ешкім талап етпейді. Сондай-ақ гаджеттерді мобильді интернетсіз пайдаланатын және сырқатына/жасына байланысты компьютерлік сауатты жоқ мүгедектер не істемек? Бұлай SMS-кодты растау мүгедек жандардың кибералаяқтардың құрбанына айналуына себеп болады (мұндай жағдайлар болған). Сонымен қатар, бұл шара пациенттерді тығырыққа тірейді. Себебі, пациент қандай да бір себеппен санаторийге орналасқанын растай алмаса медициналық қызметтерге ақы төленбейді және сәйкесінше науқас қажетті қызметті ала алмайды.

Мүгедектігі бар азаматтар қажетті көмектің бәрін алуы үшін және мемлекет санаториялық-курорттық мекемелердегі жоқ қызметтерге ақы төлемеуі үшін не істеу керек? Қазақстан Халық партиясы өз тарапынан мынадай шараларды ұсынады:

  1. Санитарлық-курорттық емдеу мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердегі олқылықтарды, қайшылықтарды және т.б. жою мақсатында толық тексеріс жүргізу. Заңға тәуелді актілердің Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкестігіне аудит жүргізу. НҚА-да рәсімдер тізімін/оларды көрсету мерзімдерін/оларды көрсетуге кепілдік беруді нақтылау және олардың орындалуын бақылауды күшейту.
  2. Бұрын қолданылған техникалық сипаттамаларға ұқсас қызметтердің кепілдендірілген көлемін ұсыну мәселесін зерделеу. ҚР ЕХӘҚМ «Мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышын бекіту туралы» №284 бұйрығын нақтылау және тұтастай алғанда, қызмет көрсетушілерді әлеуметтік қызметтер порталына енгізу үшін негіз болатынын ескере отырып, түзетулер енгізу.
  3. Комиссия мүшелеріне әлеуметтік қызметтер порталында жосықсыз қызмет көрсетушілерді жібергені және тіркегені үшін жауапкершілік қарастыру. Бұл мәселені нормативті түрде реттеу.
  4. Нормативтік құқықтық актілер арқылы оңалту қызметін, оның ішінде спорт залдарында қызмет көрсетуді реттеу. Санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етудің негізгі стандарттарын (жабдықпен, емдеу әдістерімен қамтамасыз ету) бекітетін талдау жүргізу және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.
  5. Бенефициарлар үшін азық-түлік стандарттары мен өтемақы тарифтерінің заманауи шындыққа және бағаларға сәйкестігін анықтау үшін талдау жүргізу және олардың орындалуына бақылауды күшейту.
  6. Әртүрлі денсаулық сақтау мекемелерінің мүмкіндіктерін нақты анықтай отырып, олардың мәртебесін анықтау және шектеу. Қызмет көрсетушілерді әлеуметтік қызметтер порталына тіркеу кезінде кей ұйымдардың санаториялық-курорттық ұйым емес екенін назарға алу және қызмет ақысын төлеу кезінде соны ескеру.
  7. Мекеменің жалпы сыйымдылығынан немесе келушілердің болжамды санынан бөлмелердегі, үй-жайлардағы кедергісіз ортаның қолжетімділігінің пайыздық қатынасын анықтау/әзірлеу.
  8. ҚР ДСМ және ЕХӘҚМ бұйрықтарындағы құқықтық қайшылықтар, оның ішінде санаториялық-курорттық емделу жағдайында оңалту алудың көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдері бойынша талдау жүргізу.
  9. Әлеуметтік қызметтер порталын ыңғайлы қызмет көрсету деңгейіне жеткізу және оны қызмет алушылардың ерекше қажеттіліктеріне бейімдеу. Кодтарды және геолокацияны ұсыну бойынша әзірленген талаптарды тоқтата тұру. Бұл шараның қандай нәтижелерге әкелгенін, мүгедектерді тіркеу тәртібін қаншалықты қиындатқанын және т.б. әсері жөнінде аналитикалық зерттеу жүргізу. Бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын, сондай-ақ санаториялық-курорттық қызмет көрсетудің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында баламалы және неғұрлым жетілдірілген схеманы ұсыну.
  10. Мүгедектердің ақысы төленген, бірақ толық алмаған санитарлық-курорттық қызметтерді баламалы негізде алуын, атап айтқанда, алынбаған қызметтерді монетизациялау арқылы алу мәселесін қарастыру. Осы уақытқа дейін мемлекеттен бөлінген бұл қаржыны жосықсыз қызмет көрсетушілер заңсыз иемденіп келеді. Ең бастысы, ҚР ДСМ мен ҚР ЕХӘҚМ және басқа да мүдделі ведомстволар арасындағы ведомствоаралық өзара байланыс орнату, сондай-ақ бұл қызметтердің түпкілікті иесі – мүгедектігі бар жандармен өзара түсіністікке қол жеткізу қажет. Әйтпесе, мұның бәрі кім үшін, кімнің мүддесі үшін жасалып жатқанын біздің шенеуніктер ұмытып кеткен сияқты!

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева