ҚР Премьер-министрі Ә. А. Смайыловқа
ҚР Бас Прокуроры Б. Н. Асыловқа
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы А. Ж. Жұмағалиға
ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
Құрметті Әлихан Асханұлы!
ҚР Конституциясының 14-бабына сәйкес «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды». Өкінішке қарай, еліміздің басты заңының бұл нормасы мүгедектігі бар адамдарға (бұдан әрі - МБА) қатысты болғанда жұмыс істемейді. Сонымен қатар, негізгі міндеттерінің бірі осы санаттағы азаматтарға көмек көрсету және қолдау жасау болып табылатын мемлекеттік орган қызметкерлерінің өзі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын бұзады.
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясына лауазымды тұлғалардың әрекетінен зардап шеккен мүгедектігі бар адамдар жиі жүгінеді. Олар өздеріне тиісті қызметтер көрсетілуіне және оңалту құралдарын алуға, сондай-ақ қажетті сүйемелдеу мен емдеуге күшпен қол жеткізуге мәжбүр.
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды қолдау және әлеуметтік қорғау жүйесін қайта қарау бүгінгі күннің басты талаптарының бірі екенін шынайы мойындау керек.
Бірнеше мысал келтірейін. Бізге Өскеменнен көзі көрмейтін бірінші топ мүгедегі Елена Атмосферина шағымданды. Бұл әйел 2007 жылдан бері өндіріс қалдығына айналып кеткен автокөлігін тіркеуден шығара алмай келеді. Жыл сайын көлік салығы тоқтаусыз есептеліп келеді. Мұны сот арқылы да жасау мүмкін болмады. Автокөлік бұрыннан жоқ, бірақ көлік құралын есептен шығару мүмкін емес. Міне, осындай ақылға сыймайтын жағдай қалыптасып отыр. Атмосферинаның «салықтық қарызының» салдарынан, тіпті, құны салық қарызынан бірнеше есе көп болғанына қарамастан, тұрғын үйіне мүлікке тыйым салу ережесі қолданылған.
Соттар мен құқық қорғау органдары Атмосфериннің денсаулығына байланысты автокөлікті есептен өз уақытында шығара алмағанын мүлде елемей отыр. Ол кезде оның заң бойынша өзіне тиесілі, бірақ қаржыландырудың жоқтығынан әлеуметтік қорғау бөлімі бекітіп бере алмаған жеке көмекшісі болмаған. Қазір зағип әйелге 16 жыл бұрын тіркеу органдарына өз бетінше барып, құжаттарын толтыра алмағаны үшін кінә тағылуда. Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасы аясында Анатолий Мигай әлеуметтік қызметтер порталы арқылы «ClearReader +» оқу машинасын алған. Машина контрафактілік болып шықты. Сонымен қатар, бұрын қолданыста болғаны да анықталып, бұл оның функционалдық қасиеттеріне әсер етті. Мигай мұны «Optelec» өндіруші компаниясының ТМД елдері бойынша ресми дистрибьюторы болып табылатын «Элита Групп» ЖШҚ дистрибьюторлық көмпаниясына дәлелдеп берді. Порталға машинаны «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Түркістан оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС ұсынған, алайда тауардың кепілдік талонында басқа жеткізуші – « Samgau Komek мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі көрсетілген.
Мигай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бастап, құқық қорғау органдарына дейінгі түрлі сатыдағы мекемелердің бәріне жүгінді. Нәтижесінде тауар жеткізушіні порталдан алып тастады...Бар шаруа осымен бітті. Кінәлілерді жазалау және мүгедектігі бар адамдардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, сондай-ақ басқа да жосықсыз жеткізушілерді тексеру туралы ешкім ойланған да жоқ. Нақты жағдай осындай болып тұрғанда, қаншама мүгедектігі бар адамдардың бұрын қолданыста болған нашар жұмыс атқаратын оңалту құралдарын алып жатқанын болжау қиын емес. Ал әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдар арасында осындай маңызды мәселеге мән бермейтін жағдайлардың жиі кездесетіні де ащы шындық.
Қазақстандағы әлеуметтік қызметтер көрсету және мүгедектігі бар адамдар (МБА) үшін оңалту құралдарын сатып алу жүйесі жағдайды теріс пайдаланушылар үшін таптырмайтын алаң болып отыр. Нәтижесінде, мемлекет мүгедектігі бар адамдарды қолдау үшін көп ақша бөледі, бірақ бұл қаржылар нағыз мұқтаж адамға жетпейді, делдалдар мен сатып алушылардың арасында жоғалады. «Үнемдеу» деген сылтаумен (дәлірек айтсақ, МБА-ны алдауда), бәріне - жеке көмекшілерге ақы төлеуге, тасымалдау үшін пандустар мен көтергіштерсіз, бейімделмеген автомашиналарды жалдау арқылы инватакси қызметтерін көрсетуге, еңбекақы төлеуге, оңалту құралдарын сатып алуға бөлінген қаражаттың басым бөлігі тиісті жерге жетпейді. Бұл ретте кінәлілер ешқандай жауапкершілікке тартылмайды, ал құқық қорғау органдары да, халықты әлеуметтік қорғау мекемелері де осыған қалыпты жағдай секілді қарап, немқұрайлы бақылайды. Оған да мысалдар жеткілікті.
Осылайша, «Бүкілқазақстандық құқық қорғау орталығы» ҚҚ мәліметінше, Алматы прокуратурасы «Ерекше таңдау Алматы» ҚҚ қатысты қылмыстық істі бірнеше рет қысқартқан. Бұл мекемеде МБА-ға еңбекақы төлеуге бөлінген мемлекеттік қаражат үнемі «жоғалып» кетіп отырған. Сондай-ақ прокурорлар 2019 жылы «Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» КММ-нің «Ерекше таңдау Алматы» ҚҚ-нан зағиптарға арналған техникалық ерекшелікке сәйкес келмейтін ноутбуктерді қабылдағанына көз жұма қараған. Сот жеткізушіні сапасыз тауарды ауыстыруға міндеттеді, алайда апелляциялық және қадағалау инстанциялары қарсы шықты. Нәтижесінде мемлекеттен ақша жұмсалды, ал МБА функционалдық ноутбуксыз қалды.
«Подранки» («Шарассыз») мүгедектер қоғамдық бірлестігі жарты жылдан бері Әуезов ауданының әкімдігінен жыл сайын жеке тапсырыс бойынша жасалатын ортопедиялық аяқ киім сатып ала алмай келеді. Барлық мерзімдер өтті, өтінім мерзімі өтіп кетті, МБА заңмен белгіленген протездік-ортопедиялық оңалту құралдарынсыз қалды. Аудан әкімдігі де, Алматы қаласының әкімдігі де ешқандай шара қолданған жоқ. Осының бәрі мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету саласында мемлекеттік органдар мен прокуратура органдарының араласуы кезінде өрескел заң бұзушылықтар мен орасан зор ұрлықтар болып жатқанын көрсетеді. Алайда, тиісті органдар бұл алаяқтықтардан қылмыс құрамын көре алмай отырған сияқты.
Қазақстан Халық партиясы:
– құқықтары бұзылған МБА өтініштері бойынша қайта қарауды (өтініштер қоса беріледі), МБА бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді, кінәлілерді анықтау және жазалауды;
– сыбайлас жемқорлық схемаларын анықтау тұрғысынан әлеуметтік қызмет көрсетудің қолданыстағы жүйесіне аудит жүргізуді, осы саладағы бақылауды күшейту және жосықсыз жеткізушілер мен шенеуніктер үшін МБА құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті арттыруды;
– МБА үшін әлеуметтік қызметтерді монетизациялау мәселесін, бәлкім, ақшалай ваучер түрінде және т.б. қарастыруды ұсынады. Осылайша, мүгедектігі бар адамдар өздеріне қажетті техникалық көмекші компенсаторлық құралдарды өздері таңдай алады. Бұл сыбайлас жемқорлық схемаларын алып тастауға және процесті барынша ашық етуге мүмкіндік береді.
Жауабын заңнамада көзделген мерзімде ұсынуды сұраймыз.
Құрметпен, Қазақстан Халық партиясы фракция мүшелері:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева