Науқастарды балама емес, түпнұсқа препараттармен қамтамасыз ету туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасы

премьер-министрінің орынбасары

А.С. Көлгіновке

                                            ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
                                        Құрметті Алтай Сейдірұлы!

Қазақстан Халық партиясына азаматтардан мемлекет кепілдік берген дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өтініш түсіп жатыр. Бұған олардың өмірлік маңызы зор дәрі-дәрмекті алу мүмкіндігіне қол жеткізе алмайтындығы себеп болуда.

Кезінде халықты дәріссіз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының фармацевтика саласының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды шоғырландыру жолымен фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін бірыңғай дистрибьютор құрылды.

Бұл бастама ел азаматтарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ісін сапалы әрі жаңа сандық деңгейге көтеруге тиіс еді. Ақиқатында ерекше емдеуді, қолға түсе бермейтін дәрі-дәрмекті қажет ететін, сирек кездесетін аурулардан зардап шегіп жүрген жандар қымбат дәрі-дәрмек алу үшін медициналық мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық препараттардың түпнұсқасын сұраған жандарға оның баламасын ұсынады. Осы жерде түпнұсқа препарат пен оның баламасының тиімділігіне қатысты мәселе туады. Көбінесе балама препараттың жанама әсері болады. Балама дәрінің бірнеше түрі болса, пациенттер әрқайсын қабылдап көреді. Жанама әсер байқалса, препаратты ауыстыру үшін «сары карта» толтыруға шақырылады.

«Сары карта» толтырған пациенттер емдеу мекемелерін аралап, уақыт жоғалтады. Ауыр аурумен ауыратындықтан көп жағдайда ыңғайсыздықпен, ауырсынумен бетпе-бет келеді.

Бұл дәрі-дәрмектер (баламалары) ұзақ әсер ететіндіктен, оның сынамасын дер кезінде жедел жасауға және алуға медициналық мүмкіндік жоқ. Сәйкесінше түрлі препараттарды «сынап көру» ұсынысы адамға тәжірибе жасағандай болып көрінеді.

Біз мұны адамгершілікке, ізгілікке жатпайтын әрекет деп санаймыз! Сонымен қатар адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті іс деп білеміз. Неліктен түпнұсқа дәрі-дәрмекті алуға заңды құқығы бар адамдар баламасын тұтынуға тиіс?

Ауыр немесе емделмейтін аурумен ауыратын науқастар Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсат етілген препараттың баламасын қолданып, оның жанама әсерімен күресіп, «Сары карта» толтырып жүрген кезде негізгі ауруына ем алмайды. Салдарынан дерті дендеп, сырқаты асқынып кетеді.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде бірегей дәрілік заттарды әкелу мәселесін және оларды ауыр, сирек аурулары бар адамдар үшін қамтамасыз етуді шешуді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

Г. Танашева

И. Сұңқар

К. Сейітжан

03.05.2023 ж. жарияланды