
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрінің бірінші орынбасары
Р.В. Склярға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елдің жол желісін ауқымды жаңғыртудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті.
Көлік инфрақұрылымын дамыту – халықтың өмір сүру сапасына және өңірлер экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер ететін Үкіметтің негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі.
Үкіметтің «Орталық – Батыс» көлік дәлізін ішкі қашықтықтарды қысқартуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және заманауи ұлттық көлік жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық магистраль ретінде салу туралы ресми жариялағанын білеміз.
Сонымен қатар, Ұлытау өңірі ұзақ уақыт бойы көлік қолжетімділігінің шектеулі жағдайында қалып отыр, бұл оның әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп, халықтың өмір сүру сапасын төмендетуде. Президент 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселелер туралы; «Базалық инфрақұрылымның болмауы өңірлердің дамуын тежейді және халықтың өмір сүру сапасын төмендетеді, бұл әсіресе жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында айқын сезіледі. Осы өңірлерге ерекше қолдау қажет», деп айтқан болатын.
Қолданыстағы Жезқазған – Қарағанды – Астана автокөлік жолы едәуір ұзақ қашықтығымен, әсіресе Жезқазған мен Қарағанды аралығы жол үсті төсеніш қабатының әбден тозуы және транзиттік өткізу мүмкіндігінің шектеулілігімен сипатталады, бұл жол жүру уақытын ұзартып, көлік-логистикалық шығындарды арттырады.
Аталған әлеуметтік маңызы зор мәселенің шешімін халық та, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де күтуде. Ұлытау облысының әкімдігі тарапынан Ұлытау – Шұбаркөл – Баршын – Қорғалжын –– Астана бағыты бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленгені туралы ақпарат бар.
Осы көлік дәлізін іске асыру:
• Астанадан Ұлытауға дейінгі жол қашықтығын шамамен екі есеге қысқартуға (860 км орнына шамамен 450 км);
• көлік және логистикалық шығындарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Ұсынылып отырған бағыт тек инфрақұрылымдық қана емес, кешенді әлеуметтік-экономикалық маңызға да ие. Өңір тұрғындары үшін жобаны іске асыру:
• халықтың еркін, әрі ыңғайлы қатынауын қамтамасыз етеді;
• жергілікті тауар өндірушілер үшін сауда-саттық мүмкіндіктерін кеңейтеді;
• медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Ұлытау өңірінің тарихи және экологиялық туризм әлеуеті ерекше назар аударуға лайық. Аталған жолдың құрылысы жаңа туристік бағытты қалыптастыруға жағдай жасап, билік органдары, бизнес өкілдері, зерттеушілер мен тарихи-мәдени мұраны насихаттаушылар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтеді.
Жобалық есептеулерге сәйкес, жылына 50 мыңнан астам туристтер санын ұлғайту, сондай-ақ жалпы халқы шамамен 30 мыңнан астам адамды құрайтын жол бойына жақын орналасқан 28 елді мекеннің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жоспарланған.
Астана – Қорғалжын – Ұлытау автомобиль жолы дәлізін іске асыру экономиканы әртараптандырудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың, шағын және орта бизнесті қолдап, жаңа жұмыс орындарын құрудың, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудың маңызды құралына айналады.
Осыған байланысты аталған бағытты көлік инфрақұрылымын дамытудың Ұлттық жоспарына енгізу мүмкіндігін қарастырып, уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беруіңізді сұраймыз.
Жауапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды өтінеміз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар