
Қазақстан Республикасының
Премьер-министрінің орынбасары
Ғ.Т. Қойшыбаевқа
ҚР Бас прокуроры
Б.Н. Асыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Ғалымжан Тельманұлы!
Берік Ноғайұлы
Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жеңілдіктерді ақшалай өтеу (монетизациялау) мәселесін қайта көтеріп отыр.
Мемлекет ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға және оларды гигиеналық және басқа да көмекші құралдармен қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөледі. Алайда қазіргі таңда бұл қолдаулар тиісті деңгейде жүзеге аспай отыр. Қаражаттың негізгі бөлігі тікелей азаматтардың өзіне емес, делдалдардың қалтасына кетіп жатқаны өкінішті. Мәжіліс депутаты әрі Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде маған жыл сайын мыңдаған шағым түседі. Бұл шағымдардың дені – Мемлекеттік қызметтер порталының жұмысына қатысты.
Көпшілік үшін ыңғайлы болуы тиіс бұл портал, шын мәнінде, шектеулі ғана жеткізушіге арналған сауда алаңына айналып кеткен. Мүгедектігі бар адамдар үшін өмірлік маңызы бар тауарлар мен құралдардың сапасына ешкім назар аудармайды, ал тұтынушы алданған жағдайда жауапкершілікке тарту тетігі де қарастырылмаған.
Іс жүзінде, Мемлекеттік қызметтер порталы бүгінде бұрын қолданыста болған, сапасы күмәнді тауарлар сатылатын алаңға айналып отыр. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға мемлекет есебінен жаңа әрі сапалы техникалық құралдар берілуі тиіс болса, олардың орнына ескірген, тозығы жеткен, тіпті контрафактілі өнімдер ұсынылуда. Оған қоса, бәрі жаңа тауардың бағасымен сатылады.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың өзіне қажетті әрі денсаулық жағдайына сай келетін мүгедектер арбасын, жайлы да сапалы ортопедиялық аяқ киім немесе өзге де техникалық көмекші құралдарды таңдау мүмкіндігі жоқ. Қолда бар ұсыныстар шектеулі, адамдардың жеке мұқтаждығы ескерілмейді.
Бұған нақты мысал – Анатолий Мигайдың оқиғасы. Ол жеке оңалту бағдарламасы аясында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы «ClearReader+» деп аталатын оқуға арналған құрылғы алған. Бірақ жеткізілген құрал қолданылған, сапасыз, әрі өзінің функциясын дұрыс атқара алмайтын болып шықты.
Анатолий бұл жағдайға байланысты шағымын тиісті барлық органдарға – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бастап, құқық қорғау органдарына дейін жеткізді. Нәтижесінде өнім ұсынған жеткізуші порталдан шығарылды. Алайда бұл істі тереңірек зерттеп, кінәлілерді жауапқа тарту немесе азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтіру жөнінде ешқандай қадам жасалған жоқ. Мұндай сапасыз қызмет көрсетушілерге қатысты кешенді тексеріс жүргізу туралы да мәселе көтерілмеді.
Осы сипаттағы проблемалар тек техникалық құралдармен шектелмейді. Мүгедектігі бар азаматтарды гигиеналық құралдармен және санаторлық-курорттық еммен қамтамасыз ету ісінде де дәл осындай түйткілдер бар. Мәселен, мемлекет азаматтарды жөргекпен қамтамасыз ете бастаған сәттен-ақ OLX секілді сауда алаңдарында бұл өнімдердің қайта сатылымға шығарылғанын байқауға болады. Яғни, мемлекет тағы да делдалдарға жұмыс істеп отыр.
Сонда бұл жүйе кім үшін құрылған? Мүгедектігі бар азаматтардың мүддесі үшін емес екені анық.
Бүгінгі таңда елімізде мүгедектерге арналған техникалық құрал-жабдықтарды шығаратын бірде-бір өндіріс ошағы жоқ. Бар болғаны – қайта сатып, пайда табатын делдалдар ғана. Қызмет көрсетушілердің арасында қажетті кәсіби дайындығы немесе материалдық-техникалық базасы жоқ ұйымдар бар. Сонда мұндай порталдың кімге, не үшін қажеті бар?
Мемлекет неге жұмыс істемейтін жүйені қолдап отыр? Не себепті бюджет қаражаты сапасыз тауар мен қызметке жұмсалуы тиіс? Мүгедектігі бар азамат өзі үшін аса қажет әрі қымбат құрал-жабдықты неге көзбен көріп, қолымен ұстамай алуға тиіс? Бүгінде техникалық көмекші құралдармен қамту жүйесі нағыз лотереяға айналып отыр – қаржы мемлекеттен бөлінеді, ал азаматтың сапалы өнім алу-алмауы сәттілікке байланысты. Яғни, бақ шаба ма, бап шаба ма дегеннің кері.
Осы ретте Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы мынадай нақты ұсыныстар әзірледі:
– Әр өңірде мемлекет кепілдік берген тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынуға арналған арнайы Көрме павильондарын ашу. Онда тиісті лицензиясы бар, өнім сапасына кепілдік бере алатын, арнайы қоймасы мен инфрақұрылымы бар кез келген жеткізуші өз тауарын ұсына алады. Ал мүгедектігі бар азаматтар сол павильонға келіп, тауарды көзбен көріп, ұстап көру арқылы өзіне қажеттісін таңдай алар еді. Сонымен қатар, сол жерде тиісті мамандардан кеңес алып, құралды қалай пайдалану керектігін үйренуге де мүмкіндік болар еді (мысалы, арбаны құрастыру немесе жинау тәсілдері және т.б.).
– Гигиеналық құралдарды жеткізу ісін қатаң бақылауға алып, бұл салада тек арнайы қоймасы, сапа сертификаттары мен тиісті рұқсат құжаттары бар кәсіби орталықтарға ғана жұмыс істеуге мүмкіндік беру.
– Жеңілдіктердің кем дегенде бір бөлігін монетизациялау (мысалы, ваучерлік жүйе енгізу) мәселесін қарастыру. Бұл – мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталына тәуелді болмай-ақ, өзіне қажетті техникалық құралдар мен гигиеналық бұйымдарды еркін таңдауға және сатып алуға мүмкіндік береді.
– Әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесіне кешенді аудит жүргізу. Қайта сату, делдалдық және жемқорлық тәуекелдерін анықтап, бұл саладағы бақылауды күшейту қажет. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын бұзған жеткізушілер мен лауазымды тұлғаларға жауапкершілікті күшейту – кезек күттірмейтін мәселе.
Осы депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзім ішінде ресми жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева