Әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер мен кеңестер институттарының тиімділігін арттыру туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрінің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі

А.Ғ. Балаеваға

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты іс жүзінде толыққанды жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, бүгінгі таңда әлеуметтік осал топтардың пікірі толық деңгейде ескеріліп отыр деу қиын.

Соңғы уақытта бұл бағытта белгілі бір оң өзгерістер бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Республикада әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестер мен уәкілдер институты енгізілуде. Дегенмен, олардың жұмысы бірқатар өңірлерде нақты нәтиже берсе, кейбір жағдайларда формалды сипатта қалып отырғаны байқалады. Тіпті формалды емес жұмыс істейтін құрылымдардың өзінде олардың шешім қабылдауға ықпалы шектеулі болғандықтан, тиімділігі жеткіліксіз күйінде қалып отыр.

Бұл жағдай мемлекеттік органдар тарапынан аталған институттардың мәні толық түсінілмегенін көрсетеді. Себебі мәселе олардың бар болуында емес, нақты өкілеттігі мен шешім қабылдау процестеріне әсер ету мүмкіндігінде. Қазіргі таңда мұндай құрылымдар көбіне бюрократиялық шеңбермен шектеліп, қызметі тек консультативтік-ұсынымдық деңгейде қалып отыр. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегенмен, кеңес нақты ықпал етпесе, нәтиже болмайды. Көптеген жағдайларда мемлекет пен әлеуметтік осал топтар арасындағы дәнекер болып отырған мамандар штаттан тыс немесе ресми мәртебесі толық айқындалмаған қызметкерлер болып табылады. Оларда әлеуметтік кепілдіктер де, лайықты еңбекақы да жоқ, өз қызметін көбіне жеке ынта-жігерінің есебінен атқарып келеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды.

Халықаралық тәжірибеге жүргізілген талдау (Ұлыбритания, Австралия, Ирландия, АҚШ және басқа Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдері) көрсеткендей, ең тиімді модель – бұл консультативтік-кеңесші органдар (өңірлік кеңестер) мен жергілікті атқарушы басқару жүйесіне біріктірілген штаттық кеңесшілер институтының үйлесімді ұштасуы.

Аталған елдерде Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектігі бар жандардың құқықтары туралы конвенция қағидаттарына сәйкес, «Біз туралы бізсіз шешім қабылданбайды» принципі іс жүзінде іске асырылады. Бұл әлеуметтік осал топтардың тек формалды түрде кеңеске қатысуын емес, олардың шешімдерді әзірлеу, сараптау және іске асыру процестеріне толыққанды әрі тікелей қатысуын қамтамасыз етуді білдіреді.

Осыған байланысты, инклюзивтілік, кемсітпеу және азаматтардың қызметтер мен инфрақұрылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету қағидаттарын іске асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында, Қазақстан Халық партиясы фракциясы кеңестер мен штаттық кеңесшілердің өкілеттігін күшейту шараларын қарастыруды ұсынады.

Барлық деңгейдегі (аудан, қала, облыс) әкімдіктер жанындағы кеңестер құрамында әлеуметтік осал топтар өкілдері және/немесе олардың өкілдері үшін кемінде 30% міндетті квота белгілеу ұсынылады.

Сонымен қатар, әкімдіктер құрылымында әлеуметтік осал топтар мәселелері жөніндегі штаттық кеңесшілер лауазымдарын енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Кеңестер мен штаттық кеңесшілердің өкілеттіктерін нақты айқындап, олардың қорытындылары мен ұсынымдары әлеуметтік саясат, қала құрылысы, көлік және цифрлық қызметтер салаларында шешім қабылдау кезінде міндетті түрде қаралуы тиіс.

Сондай-ақ, әлеуметтік саясат мәселелері бойынша ведомствоаралық келісу процестеріне кеңес мүшелерінің немесе тиісті кеңесшілердің міндетті қатысуын қамтамасыз ету қажет.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Халық үні – әділдіктің негізі» екенін назарға ала отырып, депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар