Қазақстан Республикасындағы қосымша білім берудің мәселелері туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Мәдениет және ақпарат министрі

А.Ғ. Балаеваға

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
                                Құрметті Аида Ғалымқызы!

Балаларға арналған қосымша білім беру – қазіргі заманның сын-қатерлеріне дайын, табысты әрі дамыған тұлға қалыптастырудың аса маңызды элементі болып табылады. Ол балалардың талантын ашуға, soft skills дағдыларын қалыптастыруға, әлеуметтік бейімделуіне және кәсіптік бағдар алуына ықпал етеді. Қарқынды цифрландыру мен жаһандық бәсекелестік жағдайында сапалы қосымша білімге қолжетімділік даму мәселесінен ұлттық қауіпсіздік пен әрбір баланың тұрақты болашағына қатысты стратегиялық мәселеге айналуда. Алайда еліміздегі қосымша білім беруді ұйымдастырудың қазіргі жүйесі балалардың қолжетімділігін шектейтін, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға және көрсетілетін қызмет сапасының төмендеуіне алып келетін жүйелі кемшіліктерді көрсетіп отыр.

Өңірлерге жасалған іс сапарлар, халықпен кездесулер келесі жайттарды айқындауға мүмкіндік берді:

  1. Қосымша білім берудің қолжетімділігі «ваучерлердің тапшылығы» арқылы жасанды түрде көрсетілуде. Қолданыстағы сертификат жүйесі қызмет көрсетуді толық қамтамасыз ететін тетікке емес, керісінше, әрбір балаға бұйыра бермейтін лотереяға ұқсайды. Бұл бастапқы кезеңнің өзінде теңсіздік туғызып, қосымша білім беруді жалпыға қолжетімді игілік емес, формальды немесе бейресми өлшем бойынша «таңдаулыларға» арналған артықшылыққа айналдыруда. Мұндағы мәселе құралдың бар-жоғында емес, оның мақсатқа жетуінде немесе жетпеуінде болып тұр.

  2. Ведомстволық бытыраңқылық жағдайды одан әрі ушықтыруда. Қосымша білім беру үйірмелерінің Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет министрлігі және Спорт министрлігі арасында бөлінуі қолайсыздық туғызып отыр. Бұл жерде: «Сен салар да мен салар, Атқа жемді кім салар?» деген мақалдың нақты көрінісі орын алуда: әр ведомство өзіне тиесілі «бөлікке» ғана жауап береді, ал тұлғаның тұтас дамуын қамтамасыз ететін жүйе қалыптаспаған. Әдістемелік қамтамасыз ету, сапаны бақылау және қаржы бөлу қағидаттары әртүрлі, бұл өз кезегінде жүйесіздік, яғни, хаос туғызады.

  3. Бюджет қаражаты түпкілікті тұтынушыға – балаға жетпейді. Бюджеттен қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, оны жеткізу тетігі тиімсіз. Қаржы әрбір балаға кепілдік берілген қызметтерді көрсетуге емес, әртүрлі ведомстволық құрылымдардың рәсімдеріне шашырайды.

  4. Бірыңғай оператор мен цифрлық платформаның болмауы жүйені ашық емес және ата-аналар мен балалар үшін қолайсыз етеді. Бұған қоса сұраныс пен ұсынысты нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік бермейді.

Қосымша білім беруді іске асыруды жетілдіру мақсатында Қазақстан Халық партиясы төмендегіні ұсынады:

  1. Қосымша білім беруге арналған ваучерлерді шектеп (тапшы болуы) бөлу тәжірибесіне құқықтық баға беру. Бұл тәжірибе аталған қызметтің жалпыға бірдей қолжетімділік қағидатына сай ма?

  2. Қосымша білім берудің тұтас жүйесін, әдіснамалық, ұйымдастырушылық және қаржылық қамтамасыз ету функциясын жалпы білім беру мен тәрбиелеу процесіне жауапты ведомство ретінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне беру мәселесін қарастыру. Мәдениет және спорт министрлігі үйірмелермен емес, өз салалары бойынша кәсіби бағдар беріп, кадр даярлауы тиіс.

  3. Ілкі жоба ретінде (мысалы, бір өңірде) «Балалардың қосымша білімі» атты мемлекеттік цифрлық платформа әзірлеп, оны қолданысқа енгізу, ол келесілерді қамтамасыз етуі тиіс:

  • Қызмет көрсетушілердің (мемлекеттік және жекеменшік) бірыңғай тізілімін;
  • Мектеп жасындағы әрбір балаға цифрлық сертификатты (дербестендірілген қаржыландыру) кепілді түрде беру және платформада кез келген бағдарламаны таңдау мүмкіндігін;
  • Баланың нақты қатысуы бойынша төлем жүргізілетін, ақша баланың соңынан жүретін ашық төлем жүйесін.
  1. Представить подробный отчёт об объёмах бюджетного финансирования системы дополнительного образования детей за 2023-2025 годы с разбивкой по ведомствам, а также о фактическом охвате детей с указанием причин, по которым часть детей не получила сертификаты.

  2. 2023-2025 жылдар аралығында балаларға арналған қосымша білім беру жүйесін қаржыландырудың бюджет көлемі туралы ведомстволар арасындағы бөлініс бойынша, сондай-ақ нақты қамтылған балалар саны мен сертификат алмаған балалардың себебі көрсетілген толық есепті ұсыну.

Осы депутаттық сауалды қарастырып, оған конституциялық заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар