Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мен сізге Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Қазақстан голбол федерациясы мен Қазақстан паравелоспорт федерациясының басшысы ретінде жүгініп отырмын.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 737 000 мүгедек адам бар. Олардың 330 135-інің дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына медициналық қарсы көрсетілімі жоқ. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын мүгедек жандардың саны 61 034 адамды құрайды.
Спорт – мүгедектігі бар жандардың өзін-өзі дамытып, қоғамға бейімделуіне және инклюзияға қол жеткізуіне жағдай жасайтын санаулы мүмкіндіктерінің бірі. Алайда, өкінішке қарай, қазақстандық параспортшылар жоғары нәтижелер көрсеткенімен, еліміздегі басқару жүйесінің жетілмегендігі салдарынан олар қаржыландырудың шектелуі, құқықтарының бұзылуы, тіпті ашық түрде дискриминацияға ұшырау сияқты мәселелерге тап болады.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылы олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға 5 186 851 440 теңге, ал паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға 534 552 798 теңге бөлінген. Осы сандарға қарап-ақ көп дүниені аңғаруға болады.
Елімізде бірнеше спорт түрінің паралимпиадалық бағыты болғанымен, олардың өзіне тиесілі жеке федерациялары жоқ. Олимпиадалық федерациялар мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істемейді. Қазіргі жағдайды өз ісіне адал, кәсіби бапкерлер ғана сақтап отыр, олар параспортшыларды да, соның ішінде халықаралық деңгейдегі жарыстарға да дайындауға қабілетті. Егер спортшы жеңімпаз атанса, бапкер де марапатталуы тиіс. Алайда, қолданыстағы жүйеде бұл қағида неге екені белгісіз, іске аспайды. Соның салдарынан, параспортшы паралимпиада ойындарының жүлдегері атанса да, оны дайындаған бапкерге не тиісті төлем, не лайықты атақ берілмейді. (Бізде мұндай жағдайлар болған!) Бұл – әділетсіздіктің айқын көрінісі!
Тағы бір маңызды мәселе – алдағы уақытта спортты қаржыландыруды оңтайландыру. Бұл өзгерістер олимпиадалық және олимпиадалық емес параспорт пен сурдоспортқа да қысқартулар әкелмек. Алайда, барды бұзу оңай, ал оны қайта құру әлдеқайда қиын. Жалпы, мұндай шешімнің қажеті бар ма? Мәселен, 2026 жылы паралимпиадалық спорт түрлерін қаржыландырудан голболды алып тастау жоспарланып отыр. Голбол! Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы бейімделмеген, керісінше, солар үшін арнайы жасалған жалғыз спорт түрі! Сонда біздің шенеуніктер параспорттың дамуын осылай елестете ме? Олар мұндай «оңтайландыру» параспортқа пайда әкеледі деп ойлай ма?
Қазақтың олимпиадалық және олимпиадалық емес параспорты ұзақ жылдар бойы құрылымдалып, өз жүйесін қалыптастырды, чемпиондар мен жүлдегерлерді тәрбиеледі. Енді осының бәрін жойып, түбегейлі құрту кімге және не үшін қажет?
Ұлттық құраманың өкілі ретінде мен ҚР Туризм және спорт министрлігі соңғы жылдары олимпиадалық және олимпиадалық емес параспорт түрлеріне арналған қаржыландыруды үнемі қысқартып отырғанын толық жауапкершілікпен айта аламын, ал олимпиядалық және олимпиядалық емес спорт түрлерінің қаржыландыруы толық көлемде жүргізіліп отыр, тіпті артып келеді.
Кадр мәселесі де шешілмей отыр. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қарамағында 4 республикалық мамандандырылған олимпиада резерві мектеп-интернаты (әрі қарай – спорттық интернаттар) бар. Олар екі түрлі білім беру түрі бойынша спортшыларды даярлайды: мектептік, техникалық және кәсіптік білім беру. Республикалық және облыстық спорттық интернаттарда инклюзивті сыныптар жоқ. Бұл, өз кезегінде, ҚР Туризм және спорт министрлігінің мүгедек жандарға және параспортқа деген көзқарасын айқын көрсетеді.
Парижде өткен Олимпиада және Паралимпиада ойындарының нәтижелерін салыстырмалы түрде мысалға келтіруге болады. Қаржыландыруы қысқартылмаған және жаттығу мен жеңіске толық жағдайлар жасалған Қазақстанның Олимпиада ойыншылары Парижден 7 медаль әкелді: 1 алтын, 3 күміс және 4 қола (жалпы есепте 42 орын). Ал қаржыландыруы негізінен қалдық принципімен жүргізілген Қазақстанның паралимпиадашыларынан 9 медаль әкелді: 2 алтын, 3 күміс және 4 қола (жалпы есепте 39 орын). Еске сала кетейін, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының дайындығына Қазақстан бюджетінен 980 миллион теңге бөлінде. Бұл ретте қандай да бір пікір айтудың өзң артық!
Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы мынадай ұсыныстар әзірледі:
• паралимпиадалық федерацияларға қатысы жоқ, бірақ параспорт бойынша жоғары нәтижелі жарыстарда чемпиондарды/жүлдегерлерді жаттықтырған және дайындаған жаттықтырушыларға еңбекақы төлеу және атақ беру жүйесін қайта қарау;
• спорт және параспорт федерацияларын бөлу;
• спорттық қаржыландыруды оңтайландыру жүйесін қайта қарап, Олимпиада және паралимпиада, сурдоспорт және басқа да спорт түрлеріне қаржыландыруды қысқартпау;
• Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне қарасты спорт интернаттарында инклюзивті білім беру мүмкіндігін жасау;
• Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің жүйесінде параспорттың дамуы мен мүдделерін қолдау, қорғау және дамытуға бағытталған біртұтас мемлекеттік құрылым құру.
Мүгедек азаматтар да Қазақстанның патриоттары және олар да (және істей алады!) өз елін халықаралық жарыстарда мақтанышпен танытқысы келеді. Олардың бұл мақсатқа жетуі үшін мемлекет «оңтайландыру» емес, қолдау көрсетуі керек.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар