«Қазақстанда алимент төлеу мәселесіне байланысты қалыптасқан өзекті жағдай туралы»

dep.jpg

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Мәдениет және ақпарат министрі

А. Ғ. Балаеваға

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Уәкілетті органдардың мәліметінше, алиментке қатысты атқарушылық құжатқа сәйкес, жалпы берешек көлемі 18 млрд. теңгеге жетеді. Айта кету маңызды: 18 млрд теңге – мүлдем төлемейтін немесе 3 айдан астам уақыт төлемегендердің берешегі ғана. Алимент бойынша нақты қарыз көлемін анықтау үшін айына бір рет, не екі айда бір рет қана төлейтіндерді, сондай-ақ төлеуге тиіс соманың ең төменгі бөлігін ғана өтейтіндерді де ескеру қажет. Осыларды қоса есептегенде, жалпы берешек көлемі кем дегенде екі есе артуы мүмкін. Бәзбіреуер үшін бұл жай ғана сан болып көрінуі мүмкін, алайда бұл санның артында бүгін, дәл қазір қолдауға мұқтаж тірі балалардың тағдыры тұр.

Уәкілетті органның мәліметінше, алиментке мұқтаждардың үлесі небары 4%-ды құрайды. Бір қарағанда аз көрсеткіш болып көрінуі мүмкін, алайда шын мәнінде бұл – үш жүз мыңнан астам бала. Балалардың пайдасына алимент өндіріп алу жеке жағдай емес, жүйелі әлеуметтік мәселе. Ол қоғамның ең осал санатына жататын жандарға – әйелдер мен балаларға тікелей әсер етеді.

Фракцияға бұрынғы жұбайларынан алимент өндіріп ала алмай жүрген әйелдерден үнемі шағым түседі. Олардың едәуір бөлігі – мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналар. Бұл отбасылар баланың өміріне қажетті негізгі шығындармен қатар, күнделікті күтім мен оңалтуға кететін шығындарды да көтеріп отыр. Неліктен әйелдер сот шешімін орындату үшін табалдырық тоздыруға мәжбүр болуы керек? Неліктен біз ерекше назар мен қорғауға мұқтаж жандардың қолдаудан тыс қалып отырғанымен күні бүгінге дейін келісіп отырмыз? Оларды осы мәселемен бетпе-бет қалдыру – іс жүзінде әлеуметтік тығырыққа тіреу және психологиялық күйзеліске итермелеу деген сөз.

Соңғы он жыл көлемінде Қазақстан Халық партиясының фракциясы алимент өндіру мәселесін жүйелі түрде көтеріп келеді. Біздің ұсынысымыз формальды сипаттағы шара емес, керісінше балалардың құқығын нақты қорғауға бағытталған тиімді тетік ретінде қарастырылады. Атап айтқанда, біз мемлекеттік Алимент қорын құруды ұсынамыз. Бұл қор алимент төленбеген жағдайда балалардың ең қажетті әлеуметтік мұқтаждығын дер кезінде қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді. Біз алимент төлеуден жалтаруға жол беретін заңнамалық олқылықты жою қажет деп есептейміз. Себебі қазіргі құқықтық тетік кейбір борышкерлерге өз міндеттемелерінен оңай жалтаруға жағдай жасап отыр. Бізге Үкіметтің ұстанымы түсініксіз. Алимент қорын құруға қарсы негізгі уәж – халық арасында масылдық қалыптасуы мүмкін. Үкіметтің мәселені түбегейлі шеше алмауы жауапсыздықтың тереңдеуіне алып келді. Бұған берешек көлемінің ұлғаюы дәлел. Бұл жерде масылдықтан емес, өз балалары алдындағы міндетін орындаудан жалтаратын ата-аналардың жазаланбайтынына сенімді болып, өз міндеттеріне немқұрайлы қарауынан қауіптену керек.

Үкіметтің назарын аударатын маңызды жайт – ұсынылып отырған Алименттік қордың жұмыс тетігінде міндетті регрестік қайтарым қағидасы қарастырылған. Яғни бұл жүйе жауапсыздықты ынталандыруға емес, баланың мүддесін қорғауға және кейін қаражатты борышкерден өндіріп алуға бағытталған. Осыны ескере отырып, Алименттік қорды ата-аналарды қолдау шарасы ретінде емес, баланың құқығын қорғаудың тиімді тетігі ретінде нақты айқындау қажет. Бұл жүйенің өзегінде бала және оның лайықты өмір сүруге, жеткілікті қамқорлық пен материалдық қамтамасыз етілуге деген негізгі құқығы тұруы тиіс.

Біз тағы да Үкіметтің есіне мынаны салғымыз келеді: егер ата-ана өз баласы алдындағы міндетін орындамаса, мемлекет сол баланың құқығы мен заңды мүддесін қорғауға міндетті. Бұл талап Конституцияда да нақты бекітілген, онда балалық шақтың мемлекет қорғауында болатыны айқын көрсетілген.

Қазақстан Халық партиясы фракциясы Үкіметке Алименттік қор құрудан бас тартуға негіз іздеуді емес, керісінше оны іске асырудың нақты мүмкіндігін қарастыруды ұсынады және осы ұстанымды табанды түрде қолдайды.

Біз Алименттік қорды салықтық емес түсімдер есебінен, сондай-ақ заңсыз алынған активтерді қайтару нәтижесінде қалыптасатын Арнаулы мемлекеттік қор қаражатынан құруды қайта ұсынамыз. Бұл қаражат балалардың игілігіне қызмет етуі тиіс. Мұндай тәсіл бір жағынан тетіктің тұрақтылығын қамтамасыз етсе, екінші жағынан мемлекеттік ресурстарды қоғам үшін ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірін шешуге бағыттауға мүмкіндік береді. Депутаттық сауалға жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар