Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі
О.А. Бектеновке
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С.Қ. Жақыповаға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Қазақстанда мереке күндері қолданыстағы заңнамаға сәйкес ресми түрде демалыс күндері болып есептеледі. Сонымен қатар, жұмыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында, мереке және демалыс күндері кезеңінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, еңбек саласындағы уәкілетті орган (Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі) демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.
Қазақстан Халық партиясы фракциясы бұл бастаманы қолдайды және осы тетікті жетілдіру мәселесін қарастыруды ұсынады.
Қолданыстағы редакцияға сәйкес Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы бұйрықпен демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы. Мысалы, 2025 жылғы 5 қаңтар жексенбі күнінің орнына 2025 жылғы 3 қаңтар жұма күнін демалыс деп белгілеу туралы бұйрық 2024 жылғы 21 қарашада (демалыс күніне дейін 43 күн бұрын) шығарылған. Немесе 2024 жылғы 4 мамыр сенбі күнінің орнына 2024 жылғы 8 мамыр сәрсенбі күнін демалыс деп белгілеу туралы бұйрық 2024 жылғы 17 сәуірде (демалыс күніне дейін 17 күн бұрын) шыққан.
ҚХП фракциясы демалыс күндерін ауыстыру туралы шешімнің бір-екі апта немесе бір жарым ай бұрын ғана қабылдануы экономикалық қызмет субъектілерінің жұмысына кері әсерін тигізеді деп санайды.
Альтернативті шара ретінде ҚХП фракциясы Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне демалыс күндерін ауыстыру туралы шешімді кемінде алдағы 2 күнтізбелік жылға алдын ала қабылдауды ұсынады. Мысалы, 2025 жылы 2025 жылғы 1 қаңтар мен 2027 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезең бойынша демалыс күндерін ауыстыру жөнінде шешім қабылдау ұсынылады.
Мұндай шешімді алдын ала қабылдау мынадай мүмкіндіктер береді:
Отандық кәсіпорындар дайын жұмыс күндері күнтізбесін ескере отырып, орта және ұзақ мерзімді өндірістік жоспарларын, бизнес-процестерін және өзге де жұмыстарын тиімді жоспарлай алады.
Ал қазақстандық азаматтар дайын күнтізбеге сүйене отырып, еңбек демалысын немесе отбасылық жиындарын алдын ала жоспарлай алады.
Сонымен қатар, ҚХП фракциясы Қазақстанда жаңа мемлекеттік мерекені – Балаларды қорғау күнін бекітуді ұсынып отыр. Бұл мереке жыл сайын 1 маусымда атап өтіледі, сәйкесінше ол ендігі мемлекеттік мәртебеге лайық деп санаймыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жастарды қолдаудың маңызына бірнеше рет назар аударған болатын. Бүгінде Қазақстан адами капиталды дамытуға және өскелең ұрпаққа сапалы тәрбие беруге басымдық беріп отыр. Балаларды қорғау күніне мемлекеттік мереке мәртебе беру – осы басымдықтардың қоғам санасында нық орнығуына ықпал етеді.
Балалар – ел болашағының негізі. Олардың қауіпсіз, салауатты әрі жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Балаларды қорғау күнін мемлекеттік деңгейде атап өтудің маңызы зор.
ҚХП фракциясының пікірінше, осы айтылғандардың нәтижесінде мынадай әлеуметтік-экономикалық әсерлер күтіледі:
Қазақстан балаларының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екені нақты айқындалады;
Ата-аналарға балаларына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беру арқылы отбасы институтын және отбасылық құндылықтарды нығайту;
Балалардың құқығын қорғау, әл-ауқаты мен қауіпсіздігі мәселелеріне қоғам назарын күшейту;
Келешек ұрпақты тәрбиелеуде мемлекет пен ересек азаматтардың жауапкершілігін айқындау, соның ішінде жалпы ел болашағын қалыптастырудағы рөлін нақтылау;
Қазақстанның әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретіндегі халықаралық имиджін нығайту. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, аталған екі мәселе бойынша ҚР Үкіметінен өз ұстанымын білдіруін сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар