«Жыныстық сәйкестігінде ауытқуы бар тұлғаларға медициналық манипуляциялар жүргізуді реттеу туралы»

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

2024 жылы 18 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды берік әрі жүйелі түрде насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті.

«Біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!», - деген еді Президент.

Президент бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын 2023 жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-сессиясында да нақты жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, қоғамда дұрыс құндылықтарды, көзқарастар мен сенімдерді қалыптастыру – ерекше маңызға ие.

Еліміздің бай тарихын, ата-бабаларымыздан қалған ұлттық болмысымызды, мәдени және дәстүрлі құндылықтарымызды ескере отырып, гендерлік сәйкестендіруде ауытқуы бар адамдардың гендерлік сәйкестігін өзгерту біз үшін қаншалықты орынды деген сұрақ туындайды.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, жыныстық сәйкестігінде ауытқуы бар, 21 жасқа толған, ақыл-есі дұрыс және психикалық/мінез-құлықтық ауытқулары жоқ тұлғалар жынысын ауыстыруға құқылы.

Алайда, «жыныстық сәйкестендіруде ауытқуы бар» деген ұғымның өзі белгілі бір ауытқудың бар екенін көрсетеді. Мұндай азаматтарда физикалық ауытқулар болмағандықтан, олардың кемшілігі не психикасында, не мінез-құлқында болуы мүмкін деп ойлауға негіз бар.

Бұл ретте, психикалық және/немесе мінез-құлықында кемшілігі бар адамдарға жынысын ауыстыру үшін гормоналды және хирургиялық жолмен өзгерістер жасау ақылға қонымсыз. Олардың психикалық қабылдауына сәйкес физикалық келбетін өзгерту – дені сау адам ағзасына медициналық тұрғыда орынсыз манипуляция жасау саналады. Мұндай медициналық әрекеттерге рұқсат беру – ұлттық мәдениетке жат идеяларға негізделген деструктивті топтардың ықпалын күшейтуі мүмкін.

Осыған байланысты Үкіметтен мынадай сұрақтарға жауап беруін сұраймыз:

  1. Егер хирургиялық жолмен еркекті әйелге, ал әйелді еркекке айналдыруға жол беріп отырсыздар, ал бұл «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының қағидаларымен қаншалықты сәйкес келеді?
  2. Неліктен психикалық және мінез-құлықтық ауытқуы барлар хирургиялық жолмен «емделеді»?
  3. Қазақстанда қанша адам жынысын ауыстыру үшін ота жасатты? Осы адамдардың қаншасы бастапқы жынысына қайта оралғысы келді?
  4. Қазіргі таңда жынысын ауыстыру үшін қанша адам өтініш берді?
  5. Мұндай манипуляциялар медицинаның басты қағидаты – «Зиян келтірме» принципіне қайшы келмей ме? Бұл жағдай ұлттың моральдық саулығына зиян тигізбей ме? ҚХП фракциясы денсаулық сақтау туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді, ал олар қабылданғанға дейін жыныс ауыстыруға қатысты барлық хирургиялық операцияларға уақытша тыйым салуды ұсынады.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар