
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ш.С. Әріновқа
Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Б.Н. Асыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Бұл сауал өңірлердегі кездесулердің қорытындысы бойынша, нақтырақ айтқанда Алматы қаласында өткен кездесу нәтижесінде жолданды.
Алматы - еліміздегі сейсмикалық қауіптілігі ең жоғары қалалардың бірі. Қала 10 баллға дейін жетуі мүмкін күшті жер сілкіністері мен өзге де табиғи қауіп-қатерлер аймағында орналасқан. Мұндай жағдайда азаматтық қорғау мәселелері тек формалды ұсыныстар деңгейінде қалмай, нақты регламенттелген әрі тиімді қауіпсіздік жүйесі ретінде қалыптастырылуы тиіс.
Алайда Алматы қаласының қолданыстағы және түзетіліп жатқан Бас жоспары материалдарын зерделеу барысында, онда төтенше жағдайлар кезінде, оның ішінде ықтимал жер сілкіністері жағдайында халықты эвакуациялау және жинау үшін қауіпсіз қоғамдық кеңістіктерді қамтамасыз ету бойынша жүйелі шешімдердің жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, қолданыстағы азаматтық қорғау саласындағы заңнамада «төтенше жағдайлар кезінде халықты жинау орындары» ұғымы мен мұндай аумақтарға қойылатын талаптар мүлдем реттелмеген.
ТЖМ мен ТЖД жауаптарында іс жүзінде халыққа тек ғимараттардан, электр беру желілерінен және ағаштардан алыс ашық аумақтарға шығу ұсынылатыны ғана көрсетілген. Алайда бұл - жалпы ұсыным, нақты норматив емес.
Қазіргі таңда іс жүзінде төтенше жағдайлар кезінде адамдарды эвакуациялау және жинау үшін қауіпсіз орындардың жүйесі қарастырылмаған.
Сонымен қатар, жер сілкінісі кезінде мектептер мен балабақшалар аумағын халықты жинау орындары ретінде қарастыру жөніндегі ұсынымдар негізсіз болып табылады!
Мәселен, Б. Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейі аумағында №115 ясли-бақшасының ғимараты салынған және қосымша тағы бір мектеп корпусын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, аталған мектеп аумағы Алматы қаласы бойынша қандай негізде белгіленгені белгісіз 386 жинақтау эвакуациялық пункттің бірі - №289 жинақтау эвакуациялық пункті ретінде айқындалған. Нәтижесінде, ықтимал жер сілкіністері кезінде халықты эвакуациялау және жинау үшін қауіпсіз кеңістік қызметін атқара алатын аумақ іс жүзінде құрылыс нысандарымен тығыз игерілуде.
Осындай жағдай қаланың басқа аудандарында да байқалады. Мәселен, Академқалашық аумағында бұрын шағын саябақ орналасқан жалғыз бос қоғамдық кеңістік қазіргі уақытта тұрғын үй кешендеріне құрылысқа берілген. Тұрғындар аталған аумақты қоғамдық кеңістік - саябақ және ашық алаң ретінде сақтауды қолдап, оны төтенше жағдайлар кезінде халықты жинау орны ретінде де пайдалануға болатынын атап өткен. Алайда тұрғындардың алаңдаушылығы мен өтініштеріне қарамастан, бұл аумақты сақтап қалу мүмкін болмады және қазіргі таңда тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүргізілуде.
Мұндай жағдайлар Алматы қаласының басқа да аудандарында орын алып отыр, бұл өз кезегінде сейсмикалық қауіпті қала жағдайында төтенше жағдайлар кезінде халықты эвакуациялау және жинау үшін аса маңызды қауіпсіз аумақтар бола алатын ашық қоғамдық кеңістіктердің біртіндеп жойылуына алып келуде.
Қазақстан Халық партиясының фракциясы Төтенше жағдайлар министрлігіне бұл мәселені шұғыл түрде саралап, азаматтардың өмірі мен денсаулығының мүддесі үшін оны барынша қысқа мерзімде шешуді ұсынады.
Бас прокуратурадан төтенше жағдайлар кезінде халықты жинау орындарының болмауы мен олардың нормативтік тұрғыдан бекітілген анықтамасының жоқтығына құқықтық баға беруді сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар