
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттарына бизнес қауымдастығы өкілдерінен көптеген өтініштер түсіп жатыр. Олар міндетті салықтық шешімдерді алдын ала алу тетіктерінің жоқтығына алаңдаушылық білдіруде. Кәсіпкерлер жасалатын мәмілелердің салықтық салдарына қатысты нақты мәліметтің болмауы біршама қаржылық шығындарға әкеп соғып отырғанын айтып, мұның Қазақстандағы бизнес ахуалға теріс әсерін тигізетінін жеткізуде.
Сайлаушылармен кездесулер барысында салықтық рулинг институтын енгізу қажеттігі бірнеше рет көтерілген. Бұл тетік салық төлеушілерге алдағы жоспарланған мәмілелеріне қатысты салық органдарының міндетті шешімін алдын ала алуға жағдай жасайды. Яғни кәсіпкер мәмілені жүзеге асырмай тұрып, оның салықтық салдары қандай болатынын нақты біледі. Бұл салық заңнамасын қолданудағы түсініксіздікті жойып, айқындық береді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметіне сай, салықтық рулинг институты бүгінде әлемнің 120-дан астам елінде табысты қолданыста және дамыған салықтық басқарудың көрсеткіші саналады.
Ал Қазақстанда мұндай міндетті салықтық рулинг алу тетігінің болмауы мынадай мәселелерге әкеліп отыр:
• салық даулары мен сот процестерінің артуы;
• салық заңнамасының әртүрлі әрі біркелкі емес қолданылуы;
• елдің инвестициялық тартымдылығының төмендеуі;
• адал салық төлеушілер үшін тәуекелдердің көбеюі;
• капиталдың салық жүйесі алдын ала болжамды елдерге кетуі.
Халықаралық тәжірибе салықтық рулинг институтын енгізудің бизнеске де, мемлекетке де айтарлықтай пайда әкелетінін айқын көрсетіп отыр. Бұл институтты енгізу салықтық әкімшілендіруді жетілдірудегі маңызды қадам болмақ әрі кәсіпкерлікті дамыту мен Қазақстан экономикасына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, ҚХП фракциясы мынадай ұсыныстар енгізеді:
• үздік халықаралық тәжірибелерді талдау және бейімдеу;
• уәкілетті орган жанынан мамандандырылған құрылым (Рулинг-офис) құру;
• рулинг беру әдістемесін және ережелерін әзірлеу;
• мамандарды оқыту және салық төлеушілерді хабардар ету;
• пилоттық жобаны іске асырып, кейіннен кең ауқымда енгізу.
Депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша түрде жауап беруді сұраймыз.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар