Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялай отырып, елімізде жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру керек екенін және түрлі салаға білікті мамандар даярлау қажеттігін айқындады.
Осыған орай, Қазақстан Халық партиясының депутаттық фракциясы Үкімет назар аударуы тиіс бірқатар маңызды мәселені көтеріп отыр.
Бүгінде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және оларды әлеуметтік қорғау бойынша кешенді әрі тиімді шешімдер қабылдау – уақыт талабы.
Бүгін біз жұмысшы мамандықтарының бірі – қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбек жағдайлары мәселесін көтеріп отырмыз. Айта кету керек, жалақыны көтеру және оны жыл қорытындысы бойынша инфляция деңгейіне сай индексациялау – ауыр физикалық еңбекпен айналысатын мамандар үшін қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің маңызды шараларының бірі.
Әсіресе мегаполистер мен ірі қалаларда қоғамдық көлік – халықтың басым бөлігі үшін ең ыңғайлы қатынас құралы. Жергілікті атқарушы органдар көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беретіні сөзсіз. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әлі де жеткілікті деңгейде шаралар қабылданған жоқ.
Қалаларда автобус жүргізушілеріне жасалатын шабуылдар қауіпті үрдіске айналып, бұл тек жүргізушілердің ғана емес, сонымен қатар жолаушылардың да қауіпсіздігіне қатер төндіретін үлкен проблема болып отыр. Жақында Астанада автобус жүргізушісіне бұрышты газ баллонын қолданып шабуыл жасалды; Алматыда бір жолаушы жолақысын төлеуді талап еткен жүргізушіге шабуыл жасады, сондай-ақ үш ер адам автобус жүргізушісін соққыға жықты; барлығымыз Алматыда әйел жүргізушіге жасалған шабуылдың салдарынан аялдамада тұрған жолаушылардың қаза тапқанын білеміз, Ақтауда да жүргізушіге жасалған шабуыл тіркелді.
Қоғамдық көлік жүргізушілері өз міндеттерін орындау кезінде күнделікті қақтығыстарға тап болады. Мұндай оқиғаларға түрлі жағдай себеп болады: жолаушылар тарапынан болатын агрессия, жолдағы қақтығыстар, нақты мақсатсыз жасалатын бұзақылық әрекеттер, ішімдік немесе есірткіге мас күйде болу, тонауға әрекет жасау, тіпті кейде алдын ала жоспарланған шабуылдар да болады. Нәтижесінде бұл жағдайлар жүргізушіге физикалық және психологиялық зақым келуіне, жазатайым оқиғалар мен жолаушылардың жарақат алу қаупіне, қоғамдық көлік қызметкерлерінің алаңдаушылығының артуына, қызмет көрсету мәдениеті мен сапасының төмендеуіне әкеп соғады. Осы факторларды ескере отырып, қоғамдық көліктерде жабық кабиналар мен бейнебақылау камераларын орнату міндетті шара ретінде қабылдануы тиіс.
Автопарктердің жүргізушілер үшін ыңғайсыз орналасуына да ерекше назар аудару қажет. Мысалы, Астана қаласында автобус парктері қала бойынша әртүрлі аудандарда орналасқан, ал кейбір аймақтардағы тар көшелер көлік қозғалысы мен көліктерді тұраққа қоюды қиындатуда. Сонымен қатар, жалпы жол жабынының сапасы төмен екендігін, әсіресе автопарктер аумағында жолдардың сапасының сын көтермейтіні атап өткен жөн.
Автобус бұзылған жағдайда жүргізушілер жөндеуді өз қалтасынан төлеуге жиі мәжбүр болады. Жолдардың жағдайына байланысты тіпті жол-көлік оқиғалары болмаса да, көліктер әлдеқайда жылдам тозады. Жол жабынының сапасы нашар болуы автобустардың тез арада істен шығуына әсер етеді.
Үкімет осы мәселені бақылауға алып, жауапты органдарға талдау жүргізіп, кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырғаны жөн. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселелерді, соның ішінде автопарктердің жағдайын шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдауы керек.
Қоғамдық көлік жүргізушілері – бұл жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Олар тау-кен жұмысшылары, металлургтер, мұнайшылар, құрылысшылар, энергетиктер және басқа да нақты секторда еңбек ететін мамандармен тең. Осындай салаларда жүрген әрбір жұмысшы мамандық иесі мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауды қажет етеді.
Біздің ортақ міндетіміз – ел болашағына инвестиция ретінде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру. Осы бағытта қабылданатын шаралар мен бірлескен күш-жігер еңбек жағдайлары, әсіресе ел жастары үшін тартымды болуын қамтамасыз етуі тиіс.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Жоғарыда аталған ұсыныстарды қарастырып, заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді өтінемін.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
М. Магеррамов
И. Смирнова
А.Нұралин
К. Сейтжан
И. Сұңкар