ҚР Премьер-Министрі
О.А.Бектеновке
ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қазақстанда зардап шеккендердің саны мен мүліктік зиян көлемі тұрғысынан телефон және интернет-алаяқтық бүгінгі таңда жетекші қылмыстардың біріне айналды.
Finprom мәліметінше, тек 2022 жылы ғана алаяқтар Қазақстан тұрғындарына 95,8 млрд теңге зиян келтірді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 88,3% -ға артық, қылмыстардың жартысына жуығы интернет кеңістігінде жасалады. Қылмыстық істердің осы санатының ашылу деңгейінің төмендігіне байланысты тек 2,5% жәбірленушілердің ғана материалдық залалы өтелді. Киберқылмыстарды шетелдің кәсіби дағдыланған халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтары (ҰҚТ) жасайды деп болжауға негіз бар.
Өз құрбандарының жеке және банктік деректеріне ие болған телефон алаяқтары әрбір ересек қазақстандыққа күдікті қоңыраулар соққаны анықталып отыр. Алаяқтар, тіпті, кез келген азаматтың жұмыс орны мен туыстық байланыстары туралы ақпаратты да біледі. Тек 2023 жылдың өзінде ғана ІІМ деректері бойынша, Қазақстанға жалған нөмірлерден соғылған 43 миллионнан астам (!) қоңырауға тыйым салынды.
Кибер алаяқтық құралдарының бірі үшінші тұлға арқылы – жеке кәсіпкерлік (ЖК) төлем жүйелерін пайдалану болып табылады, оларды төлем жүйелері иелерінің өздері алаяқтарға заңсыз түрде «жалға» береді. Алаяқтар ЖК атынан әрекет ете отырып, іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпей, өз құрбандарына төлем шоттарын ұсынады, кейіннен ЖК төлем жүйелеріне және банк шоттарына қол жеткізе отырып, алынған ақшалай қаражатты ұрлайды. Көптеген қазақстандықтар өз ЖК нысаны мен телефон нөмірлерін «жалға» беруді пассивті табыс көзі деп қателеседі. Сосын ешқандай заңды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз ЖК тіркеп, сол арқылы өздері де алаяқтық схемаларға араласады. Бұл фактілер Қазақстан азаматтары алаяқтардың күшті және жаппай кибершабуылдарына ұшырағанын болжауға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Үкімет пен құқық қорғау органдарының киберқылмыспен күресу жөніндегі ағымдағы шаралары жеткіліксіз екеніне сенімдіміз, қылмыс статистикасының өсу динамикасы да осы сөзіміздің дәлелі бола алады. Киберқылмыстарды болдырмау және ашу бойынша пәрменді тетіктердің болмауына байланысты бүгінгі күні құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне орасан зор жүктеме түсіп отыр.
Депутаттар қазірдің өзінде қазақстандықтардың мүдделерін қорғау үшін екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларына олардың инфрақұрылымының көмегімен жасалған алаяқтық схемалар үшін зардап шеккендерге келтірілген зиянның орнын толтыру түріндегі жауапкершілікті жүктеу бойынша нақты ұсыныстарын дайындап жатыр. Заң жобасындағы мұндай жауапкершілік қаулап келе жатқан кибер алаяқтыққа қарсы тұру үшін қаржы және телекоммуникациялық компаниялардың қуатты технологиялық ресурстарын іске қосуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі депутаттарға 2023 жылғы қазанда Азаматтардың несиелендірілуі мәселелері жөніндегі Парламенттік тыңдауларда берілген уәдені орындау үшін жедел шаралар қабылдауы тиіс, сонымен қатар, дропперлерді қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселелерін жылдам реттейтін, соның арқасында интернет-алаяқтық нәтижесінде алданған қазақстандықтардың ақшасын ұрлап, жылыстайтын киберқылмыстың алдын алу және ашу бойынша пәрменді тетіктер құру бойынша жұмыстарды шұғыл бастауы керек.
Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева