Отандық банктердің мүгедектігі бар адамдардың құқығын шектеуі туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә. А. Смаиловқа

                                         ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 

                                       Құрметті Әлихан Асханұлы!

Қазақстанда 700 мыңнан астам адам тұрады, олардың 400 мыңнан астамы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Мүгедектігі бар адамдарда пластикалық карта бар, олар осы арқылы аударым, төлем жасайды, жәрдемақы алады. Яғни қарапайым азаматтар сияқты банк қызметіне жүгінеді. «Қ.Иманалиев атындағы мүгедектердің құқығы жөніндегі комиссия» жүргізген зерттеу көрсеткендей, мүгедектігі бар адамдар үнемі қаржылық кемсітушілікке тап болады және қаржы ұйымдарының қызметін барлығымен тең дәрежеде ала алмайды. Тосқауыл көп, солардың ішінде:

– пандустардың, тактильді рельстердің, жеделсатының және т.б. болмауы мүмкіндігі шектеулі адамдардың инфрақұрылымға қолжетімділігін қиындатады. Кассалардағы терезелер мен банкоматтардағы пернетақталардың тым жоғары орналасуы арбаға таңылған азаматтар мен бойы аласа адамдарға қызметті өз бетінше пайдалануға мүмкіндік бермейді;

– терминалдар мен банкоматтар зағип және нашар көретін адамдарға арналған технологиямен жабдықталмаған;

– банк карталарында брайльмен жасалған тактильді сәйкестендіру белгісі жоқ; – Көптеген банктердің мобильді қосымшалары мен банкоматтары және сайттары зағип және нашар көретін адамдарға қолайлы емес; – Банк қызметкерлерінің мүгедектігі бар клиенттерге қызмет көрсету дағдысы жоқ, атап айтқанда сурдоаударма мамандары тапшы.

– Мекемелердің статистикасында «Мүгедектігі бар кәсіпкер», «Мүгедектігі бар несие алушы» немесе «Мүгедектігі бар адамдардың қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігі» деген санат мүлдем жоқ. «Қазақстан Республикасында мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заң 2005 жылы қабылданғанына, ал Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенция 2015 жылы ҚР ратификацияланғанына қарамастан, қаржы қызметі саласындағы ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқығы жиі бұзылады.

Мүгедектігі бар адамдардың қаржылық қызметке қол жеткізуі табиғи құқық болып табылады және ол тең дәрежеде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұлай болмаса, мүгедек адамдардың құқығы шектеліп, олар кемсітіліп жатыр деп санауға болады. 2019 жылы Қ.Иманалиев атындағы мүгедектердің құқығы жөніндегі комиссия құқық қорғаушы Вениамин Алаевтың басшылығымен «Қаржылық инклюзия» деген жобаға бастама болды. Осы жобаның негізінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жанынан мүгедек азаматтар үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс тобы құрылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша әдістемелік ұсыным әзірленді, оған ақпараттық ресурстарға: сайттар мен мобильді қосымшаларға қойылатын талапр, сондай-ақ қаржы ұйымдары үшін қаржылық қызмет көрсету және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетуге қатысты бастамалар енді. Комиссия жүргізген орасан зор жұмысқа қарамастан, мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметті қолжетімді ету мәселесі шешілмеді. Мүгедектігі бар адамдар банктерді сотта жеңген кезде де жағдай өзгерген жоқ. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, келесі шараларды қабылдау қажет деп санаймыз: Мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызмет көрсету бойынша арнайы стандарт енгізілсін және заңнамалық деңгейде бекітілсін. Қолданыстағы заңнамада «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсітушілік» деген ұғым жоқ, ал қаржы саласында пайдалану үшін әзірленген құжат әдістемелік ұсыным ғана, оның шартын орындау міндетті емес. Осы құжаттағы талаптардың міндетті түрде орындалуын қамтамасыз ету үшін Агенттік Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Қазақстандық стандарттау және метрология институтына мемлекеттік және жекеменшік нысандар үшін ортақ стандарт әзірлеу жөнінде хат жолдады. Алайда күні бүгінге дейін Агенттікке стандарттарды әзірлеу бойынша жоспарланған іс-шаралармен оның мерзімі тіралы ақпарат түскен жоқ.

Қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізуге және төлем қабілеттілігін бағалау өлшемшартын қайта қарауға (нұсқа ретінде - әлеуметтік аударымдар бойынша мүгедек адамдардың табысының тұрақтылығы мен мөлшерін қадағалау). «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 24 - бабы 2-тармағының 2-тармақшасында 1-2 топтағы мүгедектер, мүгедектік мерзімсіз болып белгіленген жағдайда, БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасын төлеуден босатылады. Зейнетақы аударымын көрмейтіндіктен банктер олардың төлем қабілеттілігі мен қаржылық тұрақтылығын бағалай алмайды. Бұл несие мен ипотекадан бас тартуға ресми негіз болады. Салдарынан мүгедектігі бар адамдар несие рәсімдей алмайды. Мүгедектігі бар адамдарды, оның ішінде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарды несиелендірудің, микрокредиттеудің және қолдаудың қазіргі тәсілдері ойдағыдай емес. Екінші деңгейлі банктер осы осал топтың ерекше қажеттігін ескермейді.

Мүгедектерге арналған арнайы қаржы өнімдерін және қолжетімді ипотекалық несие бағдарламасын әзірлеп, қолданысқа енгізу қажет.

Мүгедектігі бар адамдар үшін шектеусіз сақтандыруды заңды тұлғалардың қызметкерлеріне ғана емес, жеке тұлғаларға да қолжетімді ету керек. Шетелге шығатын азаматтар сырқаттанып қалған жағдайда ерікті сақтандыруға жүгіну құқы берілуі тиіс.

Мүгедектігі бар адамдар үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы қаражатын толық не ішінара алу мүмкіндігі туралы ҚР заңнамасына өзгеріс енгізу қажет. Қазір зейнетақы жинағы бар мүгедек адам оны бірден ала алмайды. Мүгедектігі бар адамдардың жинағы жеткіліктілік шегіне жетпегендіктен, зейнетақы жинағын ипотека төлеуге, емделуге пайдалана алмады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, 1-2 топтағы мүгедектерге мүгедектік мерзімсіз болып белгіленсе, өтініш берілген күні зейнетақы жинағының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда ғана БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағын толық не ішінара алу (төлеу/аудару) мүмкін.

«Екінші қол» сервисін жүзеге асыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу керек. Агенттік банктерді азаматтардың осал санатын алаяқтардың әрекетінен қорғауға бағытталған «екінші қол» қызметтін іске асыруға міндеттеуге тиіс. Бұл азаматтардың осал санатын (мүгедектер, қарт адамдар) әлеуметтік инженерия әдістерін қолданатын алаяқтардың әрекетінен қорғауға көмектесетін алғашқы құжат болады. Қаржы ұйымдары құжатты талқылады, ол қолданысқа жарамды. Бірақ құжаттың талабын орындау ұсыныс түрінде ғана болып тұр.

Жауапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуды сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Сұңқар

К. Сейітжан

И. Смирнова

Г. Танашева

15.05.2023 ж. жарияланды