Параспортшыларды қолдау туралы

dep.jpg

ҚР Премьер-министрі А.А. Смаиловқа

ҚР Туризм және спорт министрі Е.Б. Маржықпаевқа

Атырау облысының әкімі С.Ж. Шапкеновке

ҚР Бас прокуроры Б.Н. Асыловқа

                                          ДЕПУТАТТЫҚ  САУАЛ

22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (Қытай) IV Пара Азия ойындары өтті. Оған әлемнің 45 елінен 3800-ге жуық параспортшы қатысты.

Осы Ойындарда Қазақстан құрамасы командалық есепте 11-орынды иеленді. Құрама қоржынында - 41 медаль: 8 алтын, 12 күміс және 21 қола. Бұл қазақстандық паралимпиадашылардың Азиада тарихындағы үздік нәтижесі. Дей тұрғанмен, егерде біздің спортшыларымыздың сенімді жабдықтары, қажетті құрал-саймандары түгел болып, дер кезінде жаттығу жасауға толық мүмкіндіктері бар болғанда, медальдар саны бұдан да көп болуы мүмкін еді.

«Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында» 2030 жылға дейін еліміздің өңірлерінде барлық спорт кешендерінде (оның ішінде өңірлік) мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау жоспарлануда. 2022 жылдың қорытындысы бойынша спорттық инфрақұрылымның қолжетімділік көрсеткіші 40% болған. 2029 жылы оны 100% -ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жоспар бойынша, атап айтқанда, ересектер мен ерекше қажеттілігі бар балаларға спортпен айналысу үшін арнайы тренажерлер мен спорттық жабдықтар орнату көзделген. Бұдан басқа, спорт ғимараттары пандустармен, арнайы лифтілермен, есік қоңырауларымен/домофондармен, есік ойықтарымен және т.б. қамтамасыз етіледі.

Өкінішке орай, әзірге кері процесс жүріп жатыр. Біз мұны атыраулық «Балықшы» спорттық параволейбол клубының мысалынан көре аламыз. Осыдан екі жыл бұрын клуб күрделі жөндеуге жабылған болатын. Өз уақытында 300 миллион 707 мың теңге сомасындағы тендерді батысқазақстандық «Алау Сарапшы Инжиниринг» ЖШС жеңіп алды. 2022 жылы келісімшарт аяқталған соң мердігер нысанды жай ғана тастап кетті, жұмыс небәрі 30% -ға орындалды. Қазір клуб ЖШС-мен соттасып жатыр, ал Париждегі Паралимпиада-2024 ойындарына іріктеуден өткен параволейболшылар беделді халықаралық жарыстарға кәсіби дайындық жасаудың орнына, талапқа сай емес бөлмелерде жаттығуға мәжбүр.

«ҚР мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму» жоспарына сәйкес, «балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде, жоғары спорт шеберлігі мектептерінде, олимпиадалық даярлау орталықтарында және олимпиадалық резервті даярлау орталықтарында мүгедек спортшылардың жаттығу процесін ұйымдастыруды қамтамасыз ету» «Жоғары жетістіктер спортын дамыту» 036 бюджеттік бағдарламасы шеңберінде көзделеді. Барлық жетістіктеріне қарамастан, Қазақстандағы кәсіби параспорт, іс жүзінде қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылатынын ашық мойындауымыз керек. Ол негізінен бюджеттен тыс қолдаудың – демеушілер мен жеке қорлардың және т.б. қаражаты есебінен әрең күн көріп келеді.

Біздің құраманың қатарына кіретін қазақстандық паратеннисшілер Азиадаға қатысу үшін құрал-саймандарды жалға алуға мәжбүр болды. Парахоккейлік командаға мемлекеттен бір тиын да бөлінбейді, тек демеушілік қаражат есебінен ғана жұмыс істейді.

Паравелоспортпен мысал келтіре аламын. Өздеріңіз білетіндей, мен де IV Пара Азия ойындарына қатысқан едім. Антон Лаврентьев басқаратын біздің тандем Қазақстанға екі қола медаль әкелді. Дәл осы «біздің тандем», спорттық велосипедке айналдырылған туристік велосипедпен қатыстық, оның өзін демеушілер сатып әперген болатын. Біз түрлі орындарға, соның ішінде сол кездегі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиевке халықаралық деңгейде өнер көрсетуге қажетті кәсіби карбон велосипедін сатып алу туралы өтініш білдірдік. Мамандар велосипедтің салмағындағы әрбір артық грамм нәтижеге теріс әсер ететінін түсінеді. Алайда, өтінішіміз аяқсыз қалды, ешқандай қолдау болған жоқ.

Біздің параспортшылар мемлекеттен ешқандай қолдау жасалмағанына қарамастан, спортқа жауапты түлғалардың толық әрекетсіздігіне қарамастан жеңіске жетіп жүр, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүр! Осындай мысалдарды көптеп табуға болады.

"ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму» жоспарында: "Спорттағы жоғары жетістіктерді қолдау және дамыту, соның нәтижесінде кәсіби спортшылардың халықаралық аренада өнер көрсету нәтижелерінің деңгейін арттыру өз елі үшін мақтаныш сезімінің пайда болуына септігін тигізеді. Тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру мақсатында мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтендіруге бағытталған инклюзивті жобалар іске асырылатын болады..." делінген.

Параспорт - мүгедектігі бар адамдар үшін қоғамда бейімделуге, өзін-өзі іске асыруға және әлеуметке қосылуға апаратын аз ғана мүмкіндіктердің бірі. Біздің спортшылар оны толық пайдаланады. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсеткендей, тек қана жеңіске деген ынтамен және ерік-жігермен алысқа бара алмайсың.

Осының бәрін саралай келе, біз төмендегі мәселелерді ұсынамыз:

1) Жоғары жетістіктегі кәсіби спортты қаржыландыру жүйесін анықтау және жетілдіру. Тек олимпиадашыларға ғана емес, паралимпиадашыларға да тиісінше қаржы бөлінуі үшін. (Қазір жағдай қалай - 1, 2-қосымшаларды қараңыз). Паралимпиадашыларға толық көлемде спорттық форма, киім-кешек, құрал-сайман, жаттығу үшін жағдай және басқа да қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілуі тиіс.

2) Атыраудың «Балықшы» параволейбол клубында қалыптасқан жағдайды шешу және жосықсыз мердігерді жауапқа тарту.

3) Бұқаралық спортты енгізу мақсатында мүгедектігі бар адамдар үшін спорт залдар мен орталықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұқаралық спорт «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту» Тұжырымдамасында талап етілгендей барлығына қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрлігі іс жүзінде Қазақстанда болып көрмеген, жаппай балалар параспортын дамыту бағытымен тереңірек айналысу қажет. Балалар параспортын дамыту мүгедектігі бар балаларды әлеуметтендіруге және оңалтуға ықпал ететін болады, сондықтан оны білім беру және оңалту бағдарламаларына енгізу қажет.

4) Паралимпиадалық және суроолимпиадалық спорт түрлерінен ҚР ұлттық құрамасы жаттықтырушыларының жалақысын көтеру.

5) Паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрлері бойынша қосымша комитет құрылсын және ҚР Туризм және спорт министрлігінің штатына паралимпиадалық және сурдоолимпиадалық спорт түрлерінің кеңесшісі лауазымы енгізілсін.

6) Қолданыстағы спорт бойынша алмасу институтына ұқсас параспорт бойынша алмасу институтын құру.

7) Параспорт және сурдоспорт үшiн спорттық арнаулы киім-кешекті, құрал-сайманды және арнайы техникалық құралдарды сатып алу жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк дистрибьюторлық құрылым құру.

8) Паралимпиада және сурдоолимпиада спортын дамыту мәселелерін және оның ішінде балалар параспорты мен сурдоспортын жетілдіруді жеке бақылауға алуыңызды сұраймыз.

«ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева

«Инклюзивті Парламент» парламенттік топ мүшелері :