Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
А.А.Смайыловқа
ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
Құрметті Әлихан Асханұлы!
ҚХП депутаттық фракциясының атына Павлодар қаласы әкімдігінің Усольский шағын ауданында мектеп салу үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы шешіміне байланысты өтініш келіп түсті.
Дәл осы жер учаскесінің аумағында Ертіс өзенінің Павлодар учаскесінде кемелерді жөндеуге маманданған жұмыс істеп тұрған кәсіпорын орналасқан.
Павлодар қаласы әкімдігінің жобасы бойынша аталмыш кеме жөндеу кәсіпорнының орнына мектеп салынбақ.
Біз мектеп құрылысын қолдаймыз, бірақ аймақтағы үлкен су ығыстыратын кемелерді көтеру үшін арнайы жабдықтарды (SLIP) пайдалана отырып, кемелерді жөндеуді жүзеге асыратын жұмыс істеп тұрған жалғыз кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға қарсымыз.
Егер біз қазір бұл кәсіпорынды жойып жіберуге мүмкіндік беретін болсақ, онда біздің өзен флотының кемелеріне ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстары үшін Омбыға баруға тура келеді.
Павлодар облысы елдегі өзен жүк қатынасы сақталған жалғыз облыс болып табылады. Бұл ресурсты дамыту қажет, себебі өзен жүк қатынасы проблемаларын елемеу және мемлекеттік органдардың тасымалдаушылардың проблемаларын шешуді қаламауы осы саланың құлдырауына әкеп соғуы мүмкін.
Өзен тасымалы көлік логистикасының ең арзан түрі. Біздің алдымызда керісінше өзен флотының әлеуетін дамыту міндеті тұр, бірақ Павлодар қаласы әкімдігінде мүлдем басқа міндет бар сияқты.
Жұмыс істеп тұрғанына 14 жылдан асқан осы кеме жөндеу кәсіпорны жыл сайын кемінде 30 флот бірлігін жөндейді және өңірде кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, сондай-ақ жергілікті бюджетке ірі салық төлеуші екенін де ескерген жөн.
Сондай-ақ, біз Ертіс өзенінің бойында балалар үшін қауіп-қатердің жоғары екенін ескере отырып, аталған жерде мектеп құрылысына арналған учаскенің қалай таңдалғанына өз алаңдаушылығымызды білдіреміз.
Сізден осы депутаттық сауалымызды қарап, қажетті тексерулер жүргізуді және кеме жөндеу кәсіпорнының мүдделерін қорғап, кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сонымен қатар, мектеп құрылысы үшін учаскені таңдауды қайта қарауды сұраймыз.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалға жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша беруді сұраймыз.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Смирнова
М. Магеррамов
К. Сейтжан
И. Сұңкар
Г. Танашева
21.06.2023 ж. жарияланды