«Педагогтар мен мектеп психологтарын даярлау мен біліктілігін арттырудағы жүйелі проблемалар туралы»

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

Балалар – еліміздің болашағы. Бала жаны – сыртқы негативті факторларға сезімтал болатын нәзік ішкі әлем. Сарапшылардың пікірінше, балалардың суицидтік мінез-құлқы мен өмірден түңілуі сирек кездесетін жағдай. Мұндай сыни әрекеттің артында әрқашан баланың психикасына да, эмоционалдық тұрақтылығына да теріс әсер еткен оқиғалар жиынтығы болады.

Суицидтің негізгі себептері: жалғыздық, ата-анасымен, туыстарымен және құрдастарымен қарым-қатынастағы қиындықтар, физикалық немесе психоэмоционалдық зорлық-зомбылық және буллинг. Сонымен қатар, қазіргі әлемде әлеуметтік желілер де балаларға айтарлықтай әсер етеді.

Тәуекел тобына әдетте құрдастарына «ұқсамайтын», қосымша көңіл бөлуді қажет ететін, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер жатады. Олар көбінесе сыныптастарының зорлық-зомбылығы мен буллингінің құрбаны болып, ересектер тарапынан түсініспеушілікке тап болады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес, мемлекет балаларға қамқорлық жасауға және олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті. Бұл – біздің республика қабылдаған халықаралық міндеттемелердің де бір бөлігі. Мемлекеттік саясат шеңберінде инклюзивті білім беру енгізілуде, буллингтің алдын алу және балалар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша шаралар жүзеге асырылуда.

Өкінішке орай, тәжірибе көрсеткендей, бұл жұмыстың көп бөлігі қағаз жүзінде ғана жүргізіледі. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен педагогикалық кадрларды даярлауға және қайта даярлауға қомақты қаражат бөлінеді, бірақ нәтижесі көрінбейді. Педагогтар мен мектеп психологтары суицидтік көңіл-күйді не анықтай алмайды, не онымен қалай жұмыс істеуді білмейді, не бұл ақпаратты елемейді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған оқушылар (әсіресе инклюзивті бағдарламалар бойынша оқуы тиіс), буллингке ұшыраған, суицидтік көріністері бар және т.б. – тиісті деңгейде көмек ала алмайды.

«Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды» (2023–2025 жж.) жүзеге асыруға қазақстандық коммерциялық емес ұйым – «Just Support» қоры жүргізген қоғамдық мониторинг барысында педагогтар мен мектеп психологтарын даярлау мен біліктілігін арттырудағы жүйелі проблемалар анықталды.

Атап айтқанда:

  1. «Өрлеу» АҚ іске асыратын біліктілікті арттыру курстары педагогтар мен психологтарды қажетті практикалық біліммен және құралдармен қамтамасыз етпейді;
  2. Анонимді сауалнама нәтижелері бойынша мамандар оқытудың формальды сипаты және алынған білімді іс жүзінде қолдану мүмкіндігінің жоқтығы туралы айтады; 3.Мектеп психологтары жұмыспен тым көп қамтылған және мұқтаж балалармен жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндігі жоқ.

Бір сәтке тоқталғым келеді. Инклюзивті білім беру тек денсаулығында проблемасы бар балаларға ақпарат берумен шектелмейтінін түсіну маңызды. Инклюзия ерекше тәсілді қажет ететін балалардың барлық алуан түрлілігін қабылдауды және қолдауды көздейді: олар – денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар, мінез-құлық немесе эмоционалдық бұзылыстары бар балалар, жаңа әлеуметтік және мәдени жағдайларға тап болған босқындар немесе қоныс аударған балалар, буллингке ұшыраған немесе суицидтік мінез-құлық бойынша тәуекел тобындағы балалар. Мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру үшін осы алуан түрлілікті түсінетін және білім беру процесін әрбір бала санаты жайлы ортада болып, өзіне қажетті көмек пен қолдауды алатындай етіп құра білетін мамандарды дайындау қажет.

Әзірге мұндай балалармен жұмыс істеуге шамасы келмейтін педагогтар ең аз кедергі жолымен жүреді – ересектердің көмегіне мұқтаж баланы мектептен кез келген жолмен шығарып жіберуге тырысады. Мысалы, ерекше медициналық қажеттілік болмаса да, оны мамандандырылған оқу орнына жіберуге, үйден оқытуға ауыстыруға және т.б. Мұндай тәсіл баланың болашағына теріс әсер етеді, балаларды кемсіту, олардың білім алу құқығын бұзу және ұжымдағы қажетті әлеуметтенуден айыру болып табылады.

Қазақстан Халық партиясы Парламент фракциясы Сізден:

  1. «Өрлеу» АҚ жүзеге асыратын педагогтар мен психологтардың біліктілігін арттырудың қолданыстағы бағдарламаларының тиімділігіне объективті баға беруді;
  2. Осы бағдарламалардың сапасына және олардың қазіргі заманғы сын-қатерлерге, оның ішінде буллинг пен суицидтің алдын алуға сәйкестігіне тәуелсіз бағалау жүргізу жоспарланып отыр-отпағанын хабарлауды;
  3. Оқытудың практикаға бағытталған сипатын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданатынын, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы буллингпен, эмоционалдық дағдарыстармен және суицидтік мінез-құлықтың көріністерімен байланысты нақты жағдайларды талдауды, супервизия мен тәлімгерлікті қоса алғанда, қандай шаралар қабылданатынын хабарлауды сұраймыз.

Өз кезегінде, Қазақстан Халық партиясы депутаттары келесіні ұсынады:

  1. Формальды курстардың орнына практикаға бағытталған оқытуды енгізу. Біз Қазақстанның біліктілікті арттыру бойынша дәрістік курстардан «жұмыс орнында оқыту» модельдеріне: тренингтерге, супервизияға, кейстерді талдауға, табысты тәжірибесі бар мектептерде тағылымдамадан өтуге көшуі қажет деп есептейміз. Педагог пен психологтың оқыту курстарын тыңдап қана қоймай, супервизордың басшылығымен, нақты бір оқушы үшін, оның ішінде буллинг пен суицидтік мінез-құлық қаупін ескере отырып, жеке білім беру бағытын немесе сүйемелдеу бағдарламасын әзірлеуі маңызды.

  2. Бұл ретте курстардың тиімділігінің индикаторы дәріс сағаттарының саны және оларды тыңдаған мамандардың санының артуы емес, педагогтар әзірлеген білім беру бағытын саны мен сапасы, педагог-психологтар пысықтаған баланы сүйемелдеу бағдарламалары болуы керек. Тиімділік тоқсанына бір рет барлық өңірлер бойынша іріктеу арқылы, сондай-ақ ата-аналар мен балалардың өздерінің бағалауы арқылы тексерілуі тиіс.

  3. Педагогтар мен мектеп психологтары үшін супервизия және тәлімгерлік жүйесін енгізу. Ерекшеліктері, деструктивті (соның ішінде аутодеструктивті) және т.б. мінез-құлқы бар әрбір балаға арнайы тағайындалған тьютор-тәлімгер/куратор/супервизор бекітілуі керек. Ол педагогтарды практикада оқытуы тиіс: тапсырмаларды қалай бейімдеу керектігін, деструктивті мінез-құлықпен қалай жұмыс істеу керектігін, буллинг көріністерімен және дағдарыс жағдайларымен қалай жұмыс істеу керектігін, ерекше балалардың ата-аналарымен және олардың отбасыларымен қалай өзара әрекеттесу керектігін.

  4. Ведомствоаралық сүйемелдеуді жүзеге асыру. «Мектеп – ПМПК – медициналық және әлеуметтік қызметтер, (қажет болған жағдайда полиция мен қорғаншылық органдарын тарту арқылы) – үкіметтік емес ұйымдар» атты ресми маршрут қажет. Егер мектеп баламен қиындықтарды тіркесе (мысалы, жүйелі буллинг, депрессия белгілері немесе суицидтік мәлімдемелер), ол қазіргідей «проблемалы баланы мектеп ұжымынан ығыстырып шығарумен» айналыспауы (мұндай балалар көрсеткіштерді бұзбауы үшін), керісінше, мамандардың консультацияларын, оқыту бағдарламасына түзетулерді, әлеуметтік қолдау шараларын қосуды және т.б. қамтитын ведомствоаралық хаттаманы іске қосуы тиіс.

  5. Қаржыландыру логикасын өзгерту. Қазір мектептерге даму ерекшеліктері бар балаларды қабылдау көбіне тиімсіз: мұндай балалар жұмсалған ресурстардың орнын толтырмай, көбірек жұмысты талап етеді. Әрбір білім беру бағыты бар балаға қосымша қаржыландыруды бекіту керек (тьюторға, әдістемелік материалдарға, сүйемелдеуге). Сонда мектеп мұндай оқушыны бейімдеуді үйренуге, жасөспірімді оқу орнынан шығармай, мүдделі болады.

Осы сауалды қарастырып, заңда белгіленген мерзімде ресми жауап беріп, бұл проблема Қазақстан балаларының өмірі мен денсаулығына қатысты болғандықтан, оған барлық қажетті назар аударуыңызды өтінеміз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Смирнова

А.Нұралин

К. Сейтжан

И. Сұңкар

«Инклюзивті парламент» Парламенттік топ мүшелері

Е. Әбдиев

Т. Серіков