Қазақстанда электромобиль саласын дамыту туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

М К. Қарабаевқа

                                         ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 

                                       Құрметті Марат Кәрімжанұлы!

Адамзат өз дамуында ерекше назар аударуды қажет ететін саланың бірі – экология. Жалпы, қазақстандықтар күні бүгінге дейін ішкі жану қозғалтқышы бар автокөліктерге басымдық беріп келеді. Өз кезегінде бұл басқа факторлармен қатар экологиялық жағдайды нашарлатады және атмосфераны ластайды. Осыған байланысты автокөлік үшін баламалы энергия көзі қажет.

Автокөлікті электрлендіру қоршаған ортаның ластануымен күресу және көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту үшін маңызды және қажетті шара болып табылады. Сонымен қатар экология мен климаттың өзгеруі саласындағы ұлттық және халықаралық мақсатқа қол жеткізуде маңызды қадам саналады.

Электромобиль санын ұлғайтуға қатысты бірқатар жобалар мен бағдарламалардың бар екеніне қарамастан, Қазақстан бұл салада көптеген дамыған елдерден артта қалып келеді. Бұған жобалардың жүзеге аспайтыны себеп болып отыр. Халықаралық энергетикалық агенттік болжағандай, әлемдік электромобиль паркі 2025 жылға қарай іс жүзінде 200 есе ұлғайып, 200 млн бірлік көлікке жетеді. Электромобиль санының артуы инфрақұрылымды дамыту мәселесінің өзектілігін күшейтті. Осыған байланысты Қазақстан Халық партиясы Сізден мынадай ақпаратты білгісі келеді:

Қазақстанда электромобиль саласын дамыту және электр көлігін пайдалануды ынталандыру бойынша Үкімет деңгейінде нақты қандай шара жоспарлануда?

Электромобильдерді қуаттау станцияларын орнатуды және электр желілерін жаңарту бойынша қосымша жұмыс атқаруды қоса алғанда, елде электр инфрақұрылымын дамыту бойынша қандай жоспар бар?

Көпшілікті электромобиль пайдаланудың артықшылығы туралы құлақтандыру бойынша қандай шаралар қабылданады? Елдімекендерде, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында электромобильдерге арналған электр қуатын беретін станция орнату және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қандай шара жоспарланып отыр?

Алматы, Астана сияқты инфрақұрылымы неғұрлым дамыған республикалық маңызы бар қалаларда электромобильдерге арналған 100-ге жуық электрмен қуаттау станциялары жұмыс істемейді. Мұның себебі не?

Экологиялық кодекстің 388 - бабында өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторы өзінің банктік шотына өндірушілерден және импорттаушылардан кәдеге жарату төлемі түрінде түскен ақшаны Қазақстанда экологиялық таза автокөлік пен оның құрамдас бөлігін өндіруді ынталандыруды, сондай-ақ электрмен қуаттау станциялары желісін дамытуды көздейтіні жазылған.

Осыған байланысты Қазақстанда электромобиль бөлшектерін өндіру жүзеге асырыла ма және электрмен қуаттау станцияларын дамыту бойынша норма қалай орындалады? Үкімет электромобиль батареяларын қайта өңдеу мәселесін қалай шешпекші?

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда электр қуатын беретін станцияларды орналастыру жоспарланған ба? Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға ішкі жану қозғалтқышы бар автокөліктердің кіруіне шектеу қойыла ма?

Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27- бабына сәйкес заңнамада белгіленген мерзімд жазбаша жауап беруді сұраймыз

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

И. Сұңқар

К. Сейітжан

И. Смирнова

Г. Танашева

15.05.2023 ж. жарияланды