ҚР құтқару қызметтерін жарақтандыру және қаржыландыру мәселелері туралы

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә.А.Смайловқа

                                   ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

                                Құрметті Әлихан Асханұлы!

Жақында еліміздің бірнеше аймағын өрт шарпыды. Қостанай облысында болған өрттің салдарынан қарапайым тұрғындар мен өрт сөндірушілердің арасында адам шығыны болды.

Мемлекет басшысы Қостанай облысына барғанда ТЖМ-ды нығайту қажеттігін мәлімдеді. Үкіметке ТЖ қызметі қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуді және олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды.

Бұған дейін біздің Фракция Үкіметтің назарын ТЖМ жұмысының маңыздылығына бірнеше рет аударған болатын. Осы депутаттық сауал негізінде ел Президентінің тапсырмасында көрсетілген табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, Азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы құрылымдардың қызметін арттыру, Төтенше жағдайлар бойынша азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарды қарауды ұсынамыз:

1) Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің штат санын ұлғайту;

2) Беларусь Республикасының үлгісі бойынша Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қатардағы қызметкерлеріне негізгі жұмысынан бос уақытында екінші қосымша жұмыста еңбек етуге заңнамалық құқық берілсін. Қазіргі уақытта Қазақстанда бұған заң жүзінде тыйым салынған;

3) Автопарк пен мемлекеттік өртке қарсы қызмет ғимараттарын жедел жаңарту. 30 жылда бірде-бір жаңа депо салынбаған аймақтар бар. Сондай-ақ азаматтық қорғанысты қорғау заттарын жаңарту, ТЖМ құрылымдарын арнайы техникамен және басқа да қажетті жабдықтармен толық көлемде қамтамасыз ету қажеттілігі бар;

4) Полиция мен мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің үлгісі бойынша құтқару қызметінің қызметкерлерінің зейнетке шығу жасын азайту. Қазіргі уақытта құтқарушылар азаматтық қызметкерлер ретінде алпыс үш жасқа толғаннан кейін ғана зейнетке шығады. Бұл жастағы құтқарушылар биіктікте, су астында, өрт қаупі бар аймақтарда атқарылатын жұмыс түрлерін орындай алмайды;

5) Тау бөктеріндегі, орман мен далада өртке қарсы бекеттердің санын ұлғайту, оларды өртке қарсы бақылау дрондарымен жабдықтау;

6) Өртке қарсы қызмет маманының құрылыс кезінде, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды пайдалануға қабылдау шарасына және жобалау-сметалық құжаттама кезеңіне міндетті түрде қатысуын көздеу;

Үкіметтің Мемлекет басшысының ТЖМ және оның қызметкерлерінің қызметі жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін нақты қандай шара қабылдағанын түсіндіруін сұраймыз. Үкімет пен өңірлік әкімдіктер мемлекеттік емес өртке қарсы құралымдарды құру үшін қандай іс атқарды, бізде ел бойынша осындай қанша құрылым бар? Осы ақпаратты облыс пен аудандарды нақты көрсете отырып ұсынуды сұраймыз.

ТЖМ қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу, автопарк пен мемлекеттік өртке қарсы қызмет ғимараттарын жаңарту бойынша нақты уақытты белгілеп, жауап беруді сұраймыз. Көрсетілген шектен шығу Үкіметтің жұмысты атқара алмағанын және ел Президентінің тапсырмасын орындамағанын білдіреді.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

  • М. Магеррамов
  • Е. Смайлов
  • Г. Нұғманова
  • А. Қоңыров
  • Ж. Ахметбеков
  • Ғ. Құлахметов
  • А. Милютин
  • А. Паяев
  • А. Сқақова
  • И. Смирнова

12.10. 2022 ж. жарияланды