Республиканың өрт сөндіру және құтқару қызметтеріндегі кадр тапшылығы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен қызметке деген қызығушылықтың жоқтығы туралы

dep.jpg

ҚР Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТСКИЙ ЗАПРОС
                                    Құрметті Олжас Абайұлы!

Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы қазақстандық өрт сөндірушілер мен басқа да құтқару қызметтері қызметкерлерінің проблемаларын бірнеше рет көтерген болатын. Өкінішке қарай, ТЖМ басшылығы ауысқанымен, бұл саладағы жағдай еш өзгеріссіз қалып отыр.

Мәселені республикамыздың бұл салада кәсіби кадрлардың айтарлықтай жетіспеушілігін бастан кешіп отырғанын айтудан бастасақ. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - ТЖМ) хабарлағанындай, қазіргі уақытта республика бойынша өртке қарсы қорғау жұмысын жалпы саны 19 945 адам болатын 432 өрт сөндіру депосы, 62 құтқару станциясы жүзеге асырады (18 258 өрт сөндіруші, 1687 құтқарушы). Бұл ретте, 432 депоның 190 бөлімшесі аз санды болып табылады, қарауыл құрамында 5 қызметкер шегінде тәулік бойы кезекшілік жүзеге асырылады. Өрт сөндіру бөлімшелерін нығайту үшін кіші басшы құрамның қосымша 3 168 бірлігін бөлу қажет. ТЖМ басшылығы бұрын мәлімдегендей, республика бойынша 100-ден астам өрт сөндіру бөлімі жетіспейді. Қазіргі заманғы жабдықтар мен көліктің де саны кем.

Жағдайдың неге осылай болып жатқанын сараптап көрейік. Жыл сайын Қазақстанда мыңдаған өрт тұтанады. Елімізде ТЖ туындауының алдын алуға және оларды тез арада жоюға қабілетті білікті мамандардың болуы аса маңызды мәселе. Бұл үшін арнайы оқу орындарында оқып, білім алған кәсіби өрт сөндірушілер ауадай қажет. 20 миллиондық халқы бар республикада кәсіби маман дайындайтын төрт мекеме ғана бар. Олар Көкшетау қаласындағы Жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжі, Семей қаласындағы Жоғары азаматтық қорғау колледжі, Алматы қаласындағы Қазақ өрт қауіпсіздігі және Азаматтық Қорғаныс ғылыми-зерттеу институты және Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы. Бар болғаны осы ғана.

Тиісті дене шынықтыру жаттығуларын жасау мен қалыпты дене құрылысын сақтау үшін өртке қарсы қызмет қызметкерлері тұрақты және үздіксіз жаттығуға міндетті. Біздің республикада мұндай жаттығулар үшін мамандандырылған спорт кешендері екеу-ақ. Бірі – Астанада, екіншісі - Шығыс Қазақстанда. Қалған өңірлерде өрт сөндірушілер қалыптасқан жағдайға байланысты әдеттегі спорт кешендерінде жаттығуға мәжбүр. Бұл олардың кәсіби дағдыларының сапасына әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда қандай үздіксіз даярлық пен біліктілікті арттыру туралы айтуға болады?

Мемлекет өрт сөндірушіге тағы не ұсына алады? ҚР ТЖМ-нен хабарлағандай, заңға сәйкес жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің лауазымдық жалақысы тұрақты ақшалай үлесі, арнаулы атағы үшін қосымша ақысы және қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақысы, тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге өтемақысы бар; мемлекет есебінен медициналық сақтандыру жасалған.

Хат авторлары «тұрақты ақшалай үлес» мөлшері туралы үнсіз қалды. Бұған дейін ТЖ министрлігі өрт сөндіру бөлімдері қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуға уәде берген болатын, айтарлықтай өсім өткен жылы жүргізілген еді. Алдыңғы төлемдермен салыстырғанда елеулі екенін атап өту керек. Егер бұрын жас маман 100 мың теңгеден сәл асатын немесе одан да аз жалақы алатын болса, қазір төлем сомасы 150-160 мың теңгеге дейін ұлғайды. Жоғары өтілі бар маман 315-320 мың теңге көлемінде жалақы алады. Қазақстандағы орташа жалақы 365 502 теңге. Яғни, адамдар өз өмірлерін қатерге тігіп апатқа қарсы күресіп жүрсе де, республика бойынша орташа жалақыдан төмен ақша алады. Бұл ретте өрт сөндірушілердің іс жүзінде қызметтік тұрғын үй алуға немесе мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мүмкіндігі жоқ екенін, олар үшін жеке санат қаралмағанын да атап өту керек. Оларға да жұмыстан тыс уақытта қосымша жұмыс істеуге тыйым салынады.

ҚР ТЖМ мәліметінше, әлеуметтік пакет сондай-ақ қызметкердің денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залалды бюджет қаражатынан толық көлемде өтеуді көздейді. Мертіккен жағдайда, мүгедектік анықталған кезде және өрт сөндіруші қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда біржолғы өтемақы төлеу көзделген (соңғысы - мұрагерлер үшін). Қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерді жерлеуге қаражат бөлінеді. Сондай-ақ мертігу салдарынан денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан шығарылған жағдайда және қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда ай сайынғы ақшалай төлем бар. Сома көрсетілмеген, сол себепті де, «өрт сөндірушілердің ауыр және қауіпті еңбегіне қатысты сыйақы алуы үшін қызметкердің, Құдай сақтасын, жарақат алуы немесе қаза болуы керек пе?» деген пікір қалыптасады.

Мұндай көзқараспен, еңбекақының төмендігі мен әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығы онсыз да өмір үшін қауіп-қатерге толы осы кәсіптегі кадр тапшылығын тудыратыны ешкімді де таң қалдырмайды. Бұдан басқа, мемлекет тарапынан жастар арасында өрт сөндірушілер мен құтқару қызметі қызметкерлерінің кәсібін дәріптеу және беделін арттыру үшін де ештеңе жасалмай отыр. Бұған дейін ТЖМ отандық құтқарушылар туралы сериалдар түсіруге тырысты (алғаш рет – сонау 2013 жылы), алайда олар үлкен танымалдыққа ие болған жоқ.

Жоғарыдағы айтылған мәселелерді саралай келе, ҚХП парламенттік фракциясы ұсынады:

– өрт сөндіру және құтқару қызметтері үшін қажетті жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіптік оқу орындарының желісін құру/ұлғайту мәселесін қарау.

– өртке қарсы және құтқару қызметтері қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған дене шынықтыру даярлығы орталықтарының желісін құру/кеңейту мәселесін қарау;

– өрт сөндіру және құтқару қызметтерін қаржыландыру мәселесін қайта қарап, мұндай қызметтердің қызметкерлерін әлеуметтік пакеті бар жеке жеңілдікті санатқа бөлу мүмкіндігін қарастыру;

– өрт сөндіру және құтқару қызметтері кәсіптерінің беделін арттыру және көпшілікке танымал ету үшін іс-шаралар бағдарламасын әзірлеу. Депутаттық сауалдың жауабын заңнамада белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева