Өртке қарсы қауіпсіздік қағидаларын жетілдіру қажеттілігі туралы

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің

бірінші орынбасары

Р.В. Склярға

                              ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
                        Құрметті Роман Васильевич!

Өрт қауіпсіздігі саласындағы жағдайдың күрделілігін айқын көрсеткен соңғы уақыттағы атышулы оқиғалардың бірі - бұл ағымдағы жылдың 16 қарашасында Астана қаласы, Бауыржан Момышұлы даңғылындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті айта аламыз.

Өздеріңіз білетіндей, жанып жатқан пәтерден бес адам құтқарылды, оның біреуі бала және он адам эвакуацияланды. Бұл ретте өртті сөндіру барысында екі өрт сөндіруші зардап шекті.

Өкінішке қарай, өрт кезінде адамдарды құтқаруға қатысқан өрт сөндіруші Асқар Забикулин ауруханада жан тапсырды. Дәрігерлер бірнеше күн бойы Асқардың өмірі үшін күрескен еді. Асқар бауырымыз қазіргі заманның батыры және өз ісінің маманы ретінде біздің есімізде мәңгі қалмақ.

Үкімет қазір оның отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтері бойынша, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде елордасы Астана аумағында 682 өрт болды, оның ішінде 105-і көппәтерлі тұрғын үйлерде болған. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар жүйелі мәселелерін атап өту қажет:

1) өрт кезінде тұрғын үйлердегі адамдарды өрт автоматикасының техникалық құралдарымен қорғау мәселелері:

  • өрт туралы хабарлау жүйесінің болмауы;
  • түтін шығару жүйесінің болмауы;
  • автоматты өрт сөндіру жүйесінің болмауы.

2) тұрғын және қоғамдық ғимараттардағы өртті сөндіру кезіндегі проблемалар:

  • үй - жайларының бірінші және жертөле қабаттарындағы сыртқы екінші эвакуациялық шығудың болмауы;
  • тұрғын үй қабаттарының жалпылама пайдалану орындарына (дәліздерге, вестибюльдерге және залдарға) пәтер иелері жиі кедергілер салып, осы үй-жайлардың бір бөлігін жеке пайдалану үшін бөліп алады;
  • жеке көліктерді тұраққа қою үшін жол жүру бөлігін немесе көгалды пайдалану;
  • ғимараттар мен тұрғын үйлерге өтуге арналған шлагбаумдарды орнату.

3) өрт сөндіруге шығу кезінде өрт бөлімшелерін басқарудағы мәселелерге:

  • жолдағы кептелістер;
  • өрт техникасының қозғалыс жылдамдығы;
  • қаланың жалпы аумағы үшін өрт сөндіру деполарының саны жеткіліксіз болуы (егер келу нормативі 5 минут болса, өрт сөндіру станцияларының жетіспеушілігіне және алшақ орналасуына байланысты 20, кейде 30 минут кетуі мүмкін. Норматив сақталмайды). Бұл тек өрт сөндірушілердің ғана емес, сондай-ақ, барлық арнайы техникалардың негізгі мәселесі деп те айтуға болады. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі саласындағы негізгі проблемалар ғимараттар мен конструкцияларды салу және пайдалану кезінде бизнес иелері тарапынан өрт қауіпсіздігі саласындағы нормаларды елемеуінен және сондай-ақ, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданылатын жабдықтардың моральдық және физикалық ескіруінен де болуы әбден мүмкін.

Осылайша, тұрғын үйлердегі өрттен қорғау жүйесінің рөлі артуы керек және бұл нормативтік құжаттарда көрсетілуі қажет. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, мемлекеттік өрт бақылау жүйесін заманауи талаптарға сәйкес, түбегейлі өзгеше тәсілдерді қалыптастырудың шұғыл қажеттілігі туындады.

Осыған байланысты, Үкімет мұндай жағдайларды барынша азайту үшін, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдауы қажет және халқымыздың бейбіт уақытта, жақындары мен туыстарынан айырылуға жол бермеуіміз керек! Өрттің алдын алуға, оларды сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық сипаттағы пәрменді шаралар әзірлеу қажет.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Үкіметке келесілер ұсынылады:

  • өрттен қорғау жүйесін күшейту жөніндегі нормативтік құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
  • өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің Перспективалық жоспарын әзірлеу және бекіту.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

  • Г. Нұғманова
  • А. Қоңыров
  • Ж. Ахметбеков
  • Ғ. Құлахметов
  • Д. Легкий
  • М. Магеррамов.
  • А. Милютин
  • А. Сқақова
  • Е. Смайлов
  • И.Смирнова

30.11.2022 ж. жарияланды