Қазақстан Республикасы
премьер-министрінің орынбасары
С. М. Жұманғаринге
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Серік Мақашұлы!
Парламентте рұқсат етілмеген мал қорымы тақырыбы талқыланып тұрады. Жыл сайын десек болар, түрлі фракция өкілдері депутаттық сауал жолдайды. Бұл мәселе біздің елде тәуелсіздік алғаннан бері байқалады. Алынған ақпаратқа және біздің партия қызметкерлерінің өңірлерге жұмыс сапары барысында жүргізген сауалнамасының қорытындысына сүйене отырып мәселе неге бүгінгі күнге дейін өзекті болып тұр деген сұрақ туады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша республикада 2 398 мал қорымы бар, оның 783-і – үлгілік, 1615-і – қарабайыр (ветеринариялық - санитариялық талапқа сай емес). Қолданыстағы мал қорымдарының жалпы санының тек 783-і ғана ветеринариялық-санитариялық талапқа сай.
Мәселені шешуге мемлекет қатысып жатқан жоқ, өйткені жабайы мал қорымдарының жанында тұратын халықтың салы суға кеткен. Тәуелсіздіктің 30 жылында шенеуніктерде белгілі бір ұстаным қалыптасты. Мәселеге терең үңіліп, проблемаларды жою үшін шара қабылдаудың орнына, мемлекеттік органдар сырғытпа жауап жазуға көшті. Бұл халықтың сенімсіздігін туғызды.
Үлгілік мал қорымдарында тиісті бақылау жүргізілмеуінің және заң бұзушылық фактілерінің болуының салдарынан мал қорымдарына жақын орналасқан елдімекендерде адам өміріне қауіпті бірқатар аурулардың (аусыл, сібір жарасы, құтыру) таралуына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланады.
Ауыл шаруашылығы жануарларының сібір жарасын жұқтыруына олардың вакцинациямен тиісінше қамтылмауы, сібір жарасы ошағы аумағында мал жаю және дәл осы жерден жануарларға азық дайындау себеп болып отыр. Аурудың пайда болуына сібір жарасынан өлген жануарлардың өлексесі көмілген, қараусыз қалған мал қорымдары да түрткі болады.
Жүргізілген талдау барысында Қазақстанда сібір жарасын жерлеудің нақты картасы жоқ екені анықталды. Белгілі болғандай, бізде сібір жарасының ошағы көп.
Қазақстан Халық партиясына өңірлерден рұқсат етілмеген мал қорымдарына қатысты шағым түсіп жатыр. Атап айтқанда Алматы облысы Дәулет ауылының тұрғындары өлген малдың қалдықтарынан (тері, сүйек және т.б.) пайда болған ашық қоқыс үйіндісіне наразылық білдіруде. Осыған ұқсас жағдай елордадан 30 шақырым жерде орналасқан Тайтөбе ауылы тұрғындарының шағымында да көрініс тапқан.
2016 жылы «Казахстанская правда» сайтында ауыл шаруашылығы министрі мал қорымдарының орнына ауру малды жағу бойынша мобильді пештерді пайдалануды ұсынды:
– Біз қалыптасып жатқан эпизоотиялық жағдайға сүйене отырып, жақын арада шамамен 5 миллиард теңгеге мал қорымын салу қажет деп есептедік. Осы отрядтарға 12 дана машина сатып алуға 816 миллион теңге керек. Әкімдіктерге стационарлық мәйітті жағатын пеш салудың қажеті болмайды. Мәселені жылжымалы мобильді отрядпен шешу әлдеқайда тиімді.
Алайда бұл бастама күні бүгінге дейін жүзеге асырылған жоқ.
Қазақстан Халық партиясының ұсынысы:
Өлген малды жою, ауыл шаруашылығы және үй жануарлары инфекцияларының таралуын болғызбау үшін Қазақстан Республикасының 15 өңірінің аумағында жылжымалы инсинератор пеш қолданып, кәсіпорын құру;
Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің барлық өңірлерінде қарабайыр мал қорымдарын анықтау үшін картаға ақпарат енгізіп, оны үлгілік топтарға ауыстырып, ұтқыр топ ұйымдастырсын.
Қызметіне ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру кіретін шаруа қожалығының иелігінде мал қорымы немесе инсинератор пеші болуы тиіс.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Сұңқар
М. Магеррамов
К. Сейітжан
И. Смирнова
Г. Танашева
31.05.2023 ж. жарияланды