Қазақстан Республикасы
премьер-министрінің орынбасары
А.С. Көлгіновке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Біздің депутаттық сауалымызға еліміздің мегаполистерінен бастап облыстық маңызы бар қалаларында аса өзекті болып тұрған студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі негіз болды.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми статистикасына сәйкес, 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда тапшылық 61 435 орынды құрады. Негізінен тапшылық Алматы, Астана қалаларында байқалды. Сәйкесінше 32 718 және 14 570 орын болды. Бұл колледждерге қарасты жатақханалардағы орын тапшылығы туралы айтпағандағы көрсеткіш. Министрлік ұсынған дерекке сүйене отырып, біз бұл статистика бірінші курс студенттерінің жағдайын көресетеді деп білеміз. Осы ретте жоғары курс студенттері, магистранттар мен докторанттар жатақханаға мұқтаж екенін айтуымыз керек.
Жатақханалардағы орын тапшылығы өз алдына, олардың жағдайы да сын көтермейді. Себебі басым бөлігі өткен жүзжылдықта салынған. Мысалы, Қазақ аграрлық зерттеу университетінің жатақханалары 1950 жылдары бой көтерген. Яғни қолданысқа осыдан 60 жылдан астам уақыт бұрын берілген. Нысандардың тозу көрсеткіші 50%-дан асқан. Жыл сайын косметикалық және күрделі жөндеуден өтетініне қарамастан, апатты жағдайға жеткен. Біз орын тапшылығын ғана сезініп отырған жоқпыз, студенттерді өмірге қауіп төндіретін жатақханаларға орналастырып жатырмыз.
Бейінді министрліктердің мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі арқылы жасап жатқан шаралары жеткіліксіз. Мысалы, 2023 жылдың соңына дейін жоғары оқу орындары 9 415 орынға арналған жатақхананы қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Ал тапшылық 52 835 орынды құрайды. Яғни жаңа жатақхана салу бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар пайда болған тапшылықты ғана жауып отыр. Мәселе түбегейлі шешіліп жатқан жоқ. Әсіресе мәселенің зардабын шегетін ауылдан келген жастырымыз. Сапалы білім алудың орнына олар пәтер жалдау үшін қосымша табыс іздеумен әлек.
Қазақстан Халық партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында студенттерге арналған жатақхана мәселесін көтерді. Біздің болжам бойынша, 2030 жылға қарай студенттік жатақханаға деген қажеттілік 364 мың орыннан асады. Біз халықаралық тәжірибені де зерделедік. Ұлыбритания, Германия, Австрия, Финляндия сынды бірқатар Еуропа елдерінде студенттерге жалға берілетін жылжымайтын мүліктің барлық санаты қалыптасқан. Арнайы жабдықталған пәтерлер 3-7 студенттің бірге тұруына лайықталып, жатақханаға айналған.
Біз осындай пәтерлерге инвестиция салуға жеке инвесторларды қызықтыру қажет деп санаймыз. Сондықтан министрлікке студенттердің пәтерде бірге тұруын субсидиялау тетігін қайта қарауды ұсынамыз: Біріншіден, пәтерді қайта жабдықтау шығынын субсидиялау мәселесін қарастыру;
Екіншіден, жатақханаға мұқтаж барлық студенттердің пәтерде бірге тұруы үшін жалдау шығынын субсидиялау. Үшіншіден, жоғары оқу орындарынан түскен ұсыныс бойынша, студенттерді бір адамға арналған 6 шаршы метрден 4 шаршы метрге орналастырудың санитарлық нормаларын қайта қарау. Бұл тұрғын үй кеңістігін неғұрлым ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27 - бабына сәйкес, депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:
И. Сұңқар
М. Магеррамов
И. Смирнова
Г. Танашева
К. Сейітжан
03.05.2023 ж. жарияланды