Студенттерге және мерзімді әскери қызметшілерге берілетін несие мәселесі туралы

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Ә.А.Смайловқа

                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
                    Құрметті Әлихан Асханұлы!

Еліміздің жас азаматтарына микрокредит беруге және олардың екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдар (бұдан әрі - МҚҰ) алдындағы берешегін реттеу мәселесіне байланысты қалыптасқан жағдай сізге жүгінуімізге себеп болып отыр.

Бір жағынан ата-анасынан алыс тұратын жастардың, студенттердің микрокредит алу мүмкіндігінің болуы заңнамамыздың артықшылығы болып саналады. Студенттерге ғана емес, жұмыссыздарға да жедел несие беретін терминалдар бар. Қарыз алу үшін 18 жасқа толғаныңызды растайтын құжатыңыз, жеке телефон нөмірі және байланысатын тұлғалардың дерегін көрсету жеткілікті. Дегенмен мұның кері жағы да бар.

Біздің сайлаушыларымыз куәландырғандай, қазір студенттердің тең жартысының МҚҰ алдында берешегі бар. Олар қарызды шәкіртақымен қайтара алмайды. Қарызға өсімпұл қосылады. Белгілі бір мерзім өткеннен кейін МҚҰ ата-аналарға телефон шалып, қарызды өтеуді талап етеді. Мұндай сәтте ата-аналар да тығырыққа тіреледі. Біз бұқаралық ақпарат құралдарынан кейбір жағдайларда қарызға батқан жас адамдардың суицидке барғанын білеміз. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды, тиісті шара қабылдау қажет деп санаймыз.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен әскери құрылымдарына әскери қызметке шақырылған жастардың өтелмеген қарызының болуы алаңдаушылық туғызады.

Жас жігіттер егемендікті, аумақтық тұтастықты және мемлекеттік шекарамыздың қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ететін уақытта екінші деңгейлі банктер мен МҚҰ олардың несие берешегін өтеу мерзімін шегермейді.

Бұл жерде табыстың төмендеуіне объективті жағдай, яғни қарыз алушының (микронесие) әскери қызметке шақырылуы назардан тыс қалып тұр.

Барлық банктер мен МҚҰ жастардың Отан алдындағы қасиетті азаматтық борышын орындауын ескеріп, олардың қарыз өтеу мерзімін кейінге шегеруді қамтамасыз етуі тиіс деп санаймыз. Құрметті Әлихан Асханұлы, айтылғандарға байланысты мәселені қарауды сұраймыз:

1) Аталған санаттағы жастардың қалыптасқан берешегінің мәселесін шешу;

2) Болашақта жастарға берілетін қарыз бен несиенің мөлшерін қадағалау;

3) Қарыз бойынша өсімпұл есептелгенге дейін ата-аналарды балалары алатын қарыз бен несие туралы міндетті түрде хабардар ету қажеттілігі туралы норманы заң бойынша бекіту;

4) ҚР заңнамасына әскери қызметке шақырылған адамдардың қарызы мен несиесін өтеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну міндеттілігі туралы норма енгізу.

Жоғарыда баяндалған мәселелерді қарау нәтижесі мен қабылданған шаралар туралы белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

  • А. Милютин
  • М. Магеррамов
  • А. Қоңыров
  • И. Смирнова
  • Г. Нұғманова
  • Е. Смайлов
  • Ж. Ахметбеков
  • Ғ. Құлахметов
  • Д. Легкий
  • А. Сқақова

30.11. 2022 ж. жарияланды