Техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау туралы

dep.jpg

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

О.А.Бектеновке

                                        ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ 
                                   Құрметті Олжас Абайұлы!

Қазақстан халқына Жолдауында Президент 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыруды міндеттеді.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы бұған дейін де ТжКБ-дағы жүйелі проблемалар жөнінде айтып, Оқу-ағарту министрлігіне жүгінген болатын.

  1. ТжКБ тиісті деңгейде қаржыландырылмайды. Бүгінде бұл мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарын қаржыландырумен салыстырғанда 2 есе төмен.

  2. Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудегі диспропорция. Колледждер заманауи өндірістерде және жергілікті еңбек нарығында талап етілмеген мамандарды дайындайды.

  3. Дуальды оқытуда колледждердің кәсіпорындармен өзара әрекеттесу деңгейі өте төмен.

  4. Түлектердің құзыреті мен дағдыларын объективті, халықаралық деңгейде бағалай алатын тәуелсіз сертификаттау жүйесі жоқ.

  5. Заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларды енгізу деңгейі төмен. Ескі бағдарламалар студенттерге заманауи өзекті дағдыларды игеруге мүмкіндік бермейді. Осы аталғандарға байланысты Оқу-ағарту министрлігіне ТжКБ жүйесін реформалау бойынша жұмыс тобын құруды ұсынамыз.

Бірінші кезекте мына міндеттерге назар аудару қажет деп санаймыз:

  1. Колледждерді профильдеу. Нақты уақыт режимінде кадрлардың қажеттілігін бақылайтын және болжайтын ақпараттық жүйені енгізу. Сол деректерге сүйене отырып өңірлік білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру.

  2. Құзыреттілік орталықтарын құру. Ұлттық және халықаралық серіктестерді тарта отырып, саланың жетекші компанияларында оқытушылар мен студенттер үшін міндетті тағылымдамаларды енгізу.

  3. Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту. Колледждерде бизнес- инкубаторлар құру. Сол арқылы студенттерді практикалық оқыту, стартаптар құру және білім беру мекемесіне қосымша табыс көзін тарту.

  4. Ұзақ мерзімді келісімшарттар шеңберінде ТжКБ-ны ірі кәсіпорындарға, табысты оқу орындарына сенімгерлік басқаруға беру. Олар оқу жоспарларын әзірлеуге және практикалық оқытуды ұйымдастыруға тікелей қатыса алады, ал бұл мамандарды даярлау сапасын арттырады. ТжКБ-ны сенімгерлік басқаруға беру үшін нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу қажет. Бұл схеманы бірнеше аймақтарда пилоттық режимде енгізіп, кейін масштабын кеңейту ұсынылады.

  5. Білім беру бағдарламаларын кластерлеу.

  6. Ерте кәсіптік диагностика және оқушыларды бағдарлау бағдарламасын енгізу. Яғни, колледждер мен мектептердің бірлескен оқу бағдарламалары деңгейіндегі өзара іс-қимылы.

  7. ЖОО-да білім беруді жалғастыру үшін ТжКБ-ның оқыту нәтижелерін жарамды деп тану. Колледж түлектеріне жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға және ТжКБ тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беретін, тәуелсіз сапа сертификаттауынан кейін оларды университет бағдарламаларына біріктіру үшін колледждерде алған білім нәтижелерін тану жүйесін дамыту.

  8. Халықаралық стандарттар негізінде колледж түлектерін даярлау сапасына тәуелсіз сертификаттау жүргізу жүйесін құру.

Құрметпен «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары:

И. Смирнова

М. Магеррамов

К. Сейтжан

И. Сұңкар

Г. Танашева